Желтоқсан айында «Тіл-қазына» мобильді қосымшасы жарық көреді

Sozdikqor платформасында 1 млн 300 мыңға жуық сөз бар.

Желтоқсан айында «Тіл-қазына» мобильді қосымшасы жарық көреді
turkystan.kz
971

Termincom платформасында түрлі салалар бойынша 400 мыңға жуық термин цифрланып, мониторингтен өтіп жатыр, деп хабарлады Turkystan.kz. «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми орталығының бас директоры Мақпал Жұмабайдың сөзіне сілтеме жасап.

«Тілді цифрландыру бағытында 13 жобаны жүзеге асырдық. Қазір үлкен ребрендингті бастан өткеріп жатырмыз. Жыл соңында 13 платформамызды бұқараға қайтадан ұсынамыз. «Қазақ тілінің ұлттық тіл корпусында» 23 миллионға жуық сөз қолданыс бар. Ал Қазақстандағы түрлі бағыттағы сөздіктердің ортақ жүйесі Sozdikqor платформасында дәл қазір 1 млн 300 мыңға жуық сөз бар. Termincom платформасында түрлі салалар бойынша 400 мыңға жуық термин цифрланып, мониторингтен өтіп жатыр, – деді «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми орталығының бас директоры М. Жұмабай.

Оның сөзінше, бұл - мемлекеттің тікелей қолдауымен мүмкін болған кешенді еңбектің жемісі.

«Ең бастысы, осы қазынаның барлығы ел игілігі үшін қолданысқа тегін берілген. Цифрлық қор жыл сайын толықтырыла береді және басқа тілдерде де функционал қосылады», – деді бас директор.

М. Жұмабайдың айтуынша, тілдің қолданбалы сипатын арттыратын бұқаралық жобалар әзірлеу қажет.

«Желтоқсан айында «Тіл-қазына» мобильді қосымшасы жарық көреді. Ол қазақ тіліне қатысты барлық базалық сұрақтарға жауап береді. Мәтінді аудиоға, аудионы мәтінге түрлендіру функциясы қосылады. Бұған дейін біз бұл өнімді Microsoft базасында бөлек ұсынған болатынбыз. Қазақ тіліндегі мәтіндердің дұрыстығын тексеру, сауатты нұсқасын ұсыну жүйесі таныстырылады. Қазақ тілін үйрету курстарының барлығы бір жерде шоғырланады», – деді ол.

Серіктес жаңалықтары