Алматы тауларында қар көшкіні жүріп, 1 адам зардап шекті
Төтенше жағдайлар департаменті ауа райының қолайсыздығына байланысты тауға шықпауға кеңес берді.
«Тұйық су» мұздығының солтүстік беткейінде шаңғышылар қар көшкінінің жүруіне себеп болды, деп хабарлады turkystan.kz Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«15 қазан күні кешкі сағат 17:20-да 109 құтқару қызметінің құтқарушылары «Тұйық су» мұздығына аттанды. Қар көшкінінен зардап шеккен ер адам шамамен 33-35 жаста. Алдын ала мәлімет бойынша, Тұйық су мұздығының солтүстік беткейінде шаңғымен сырғанап жүргенде қар көшкіні болған», - деп хабарлады Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, 109 құтқару қызметіне оның досы хабарласқан. Олар екеуі бұл спорт түрімен кәсіби түрде айналысады. Зардап шеккен адамды таудан түсіру үшін ТЖД мен «Казселденқұтқару» мекемесінен қосымша мамандар жолға шықты.
Құтқарушылар тұрғындарды қар көшкінін тудырмау үшін тау беткейлеріне шықпауға, сондай-ақ жеке қауіпсіздік шараларын сақтауға, тауда жаяу серуендеуден бас тартуға шақырады.