Жылыту маусымы әлі басталған жоқ, ал біз апатты көріп отырмыз – Ерлан Саиров

Депутаттың айтуынша, жылу беру маусымы басталмай жатып ЖЭО-ларда апат болып жатыр.

Жылыту маусымы әлі басталған жоқ, ал біз апатты көріп отырмыз – Ерлан Саиров
ашық дереккөз
1031

«AMANAT» фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров республикалық және жергілікті бюджеттерден жылу беру объектілерін даярлауға 55 млрд теңге бөлінгеніне қарамастан, еліміздегі жылыту маусымына дайындықтың әлсіз екенін айтты.

Мәжілісменнің айтуынша, әріптестері жуырда Теміртаудағы ЖЭО мен Қарағандыдағы жылу желілерін барып көріп шыққан. Жұмсартып айтқанда, жағдай көңіл көншітпейді.

««АрселорМитталТеміртау» ЖЭО-2-де жылу қазандықтарының тозғаны анықталды. №7 жаңа қазандықтың құрылысы келер жылдың соңына дейін созылып жатыр. Теміртау ЖЭО-ға 4 қазандыққа арналған жабдық келген жоқ, жөндеу жұмыстары тиісінше артта қалып отыр. Жылыту маусымы әлі басталған жоқ, ал біз апатты көріп отырмыз. 

Қарағанды ЖЭО-3-тегі апат бүкіл қаланы жарықсыз қалдырды. Егер құбыр бір жерде жарылып кетсе, халықтың наразылығында шек болмайды! Сіз және сізге дейін болған министрлер олигархтармен бірге ЖЭО мәселелерін саясаттандыруға жол бердіңіз. Сіз Президент, халық және ел Парламенті алдындағы жауапкершілікті сезінесіз бе?» - деп сұрады депутат.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қарағанды энергия торабы бойынша белгілі бір проблемалар барын растады.

«Жылыту маусымы бойынша Үкімет және жергілікті атқарушы билік органдары ауқымды жұмыс атқарды. Республикалық жергілікті бюджеттен 55 млрд теңгеге жуық ақша бөлінді. Оның ішінде тек жылу энергетикасы объектілеріне 37,1 млрд теңге қарастырылған. Қарағанды энергия торабы, атап айтқанда, «Арселор Миттал Теміртау» ЖЭО-2 бойынша белгілі бір проблемалар бар, Қазір 4 қазандық, 2 турбина жұмыс істейді. Төртінші қазандық бойынша артта қалу дерегі анықталды. Теміртаудағы ЖЭО-2 жұмыстары 30 қарашада аяқталады.

Жеке жауапкершілікке келетін болсақ, иә, біз жеке жауапкершілікті сезінеміз. Депутаттық корпус алдында да, халық алдында да барлық сұраққа жауап беруге дайынбыз», - деді Энергетика министрі.

Серіктес жаңалықтары