Атырау облысында мемлекеттік Ту қоқысқа тасталған (ВИДЕО)

Туды жұмысшылар қоқыстың арасынан жинап алған.

Атырау облысында мемлекеттік Ту қоқысқа тасталған (ВИДЕО)
Ашық дереккөз
1524

Атырауда бірнеше Туымыз шетелдік компанияның қасындағы қоқыста жатыр. Осыған байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлады turkystan.kz Халық үніне сілтеме жасап.

Видео кеше, 7 қазанда түсірілген. Шетелдік компания базасының аумағында қоқыс үйіндісі жиналған. Ағаш қалдықтарының арасында мемлекеттік Ту жатыр. Туды жұмысшылар қоқыстың арасынан жинап алған.

Қоқыс алаңының жанында шетелдік компанияның атауы жазылған ғимарат тұр. Соған қарағанда, бұл өндірістік база болуы мүмкін.

Мынау – «Сичим» компаниясының базасы. Әне, жоғарыда «Сичим» деп жазылып тұр, 8-блоктың қасы. Міне, қоқыстың арасында Ту жатыр, – дейді жұмысшының бірі.

Осыған байланысты облыстық ПД баспасөз қызметі сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. Алайда тергеудің қай компанияға қатысты жүріп жатқанын нақтылаған жоқ.

ҚР Қылмыстық кодексінің 372-бабына («Мемлекеттік рәміздерді қорлау») сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына («Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу») сәйкес, жариялауға жатпайды, – деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.

Елімізде мемлекеттік рәміздерді қорлауға байланысты Қылмыстық кодексте қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Жоғарыда аталған бапта «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлау 3 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 900 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады», - делінген.

Видеоны осы сілтеме арқылы көре аласыз.

Серіктес жаңалықтары