Бізге ұлттық архив статусын алу керек

"Кей кездері болашақта архив кім­­ге қалады деп те ойлаймын.."

Бізге ұлттық архив статусын алу керек
turkystan.kz

– Ләззат Сүлейменқызы, «Маман­дық­қа да ма­хаб­бат қажет» демекші, ар­хив саласында елу жыл­дай еңбек етіп ке­лесіз. Жалпы, бұл саланы таң­­дауыңыз­ға не себеп болды?
– 1974 жылы Көкшетау қаласынан отба­сы­мызбен Ал­матыға қоныс аудардық. Өзім орыс мектебін бітір­ген­мін. Жоғары оқу ор­нына шет тілі мамандығы бойын­ша емтихан  тап­­­сырып, байқаудан өте алмай қалдым. Әкем марқұм қолымнан жетектеп Абай даң­ғы­лының бойын­дағы архив ғимаратының табалдырығын аттат­қан болатын. Ең алғаш 1-қабатта орналасқан өте құнды құ­жаттардың көшірмесін жасаумен айналысатын зерт­ханада архив құжаттарын қайта қалпына келтіру жұ­мысын атқардым.

1976 жылы С.Киров атындағы Қаз­МУ-дің тарих факультетіне сырттай бөлімге оқуға түсіп, оны 1982 жылы тәмамдадым. 1985-1987 жылдар ара­лы­ғында Мәскеу мемлекеттік тарихи-архив инсти­туты­ның сырттай екі жылдық курсын оқыдым. Мінекей, со­дан бері бүкіл ғұмырымды осы архив саласына арна­дым. Қарапайым лаборанттан бастап бас директор лауа­зымына дейін жеттім. Бүгінде ғылыми-анық­тамалық аппарат және ғылыми пайдалану бөлімінің бас сарапшысымын. Былтыр «Құрмет» орденімен мара­пат­талдым. «Архив саласының үздігі» атандым.

– Бұл жұмыстың қызығы мен қиын­дығы неде?

– Архивте жұмыс істеуге көп жастардың шы­­дамы жетпейді. Архив саласы үлкен шы­дамдылық пен табандылықты талап етеді. Сы­ры ашылмаған, мәлім де беймәлім архив әле­мімен  жұмыс істеу өте қызық. Үйде бағ­дарлама, кино көріп отырып немерелеріме бү­кіл тұлғаларды айтып, таныстырып оты­ра­м­ын. Олар «Апа, сіз қайдан білесіз?» деп таңғалады. Қаншама жыл құжаттармен жұ­мыс істеген соң, тұлғалардың бейнесі, де­рек­көз­дері есте сақталып қалады екен. Қы­зым­ның кішкентай кезінде Алматы көшелерінде трам­ваймен келе жатып, «мынау Ш.Қалдаяқов кө­шесі ол кісі қазақ вальсінің королі, көптеген ән­нің авторы» деп бүкіл аялдамаларды айтып оты­ратын едім.

– Архивте сақталған тарихи құнды де­рек­тер арасында сізді ерекше таңғал­дыр­ғаны қайсысы?

– 80-жылдары «Қазақфильм» Мұқағали Ма­қатаев туралы деректі фильм түсірмекші бол­ды. Ол уақытта кез келген кино түсірерде біз­дің қордан мәліметтер пайдаланатын. Біз бір апта бойы киножурналдардан, деректі фи­­­льмдерден, жазушылардың съездерінен Мұ­қағали Мақатаевтың бейнесін іздедік. Жа­зушылардың Кеген, Нарынқол өңіріне барған са­парында Мұқағали Мақатаевтың ақ жей­де­мен, қара көзілдірік тағып алған бір ғана кадрын тауып алдық. Бірақ соның архивтік нө­мірін жазып алмағаныма әлі күнге дейін өкі­немін. Одан кейін қанша іздесем де, тап­падым. Режиссер ақын атамызға ұқсайтын бір адамды тауып, деректі фильмнің басты рөлін сом­дауға бекітті. Мұқағали ағамыз талай жыл Қа­зақ радиосында диктор болып қызмет ат­қарған. Біздің қорда өз  дауысымен оқыған 7 өлеңі сақталған.
Рақымжан Қошқарбаевтың жеңіс ал­дын­да Рейхстагқа ту тіккенге дейін 1-2 сағаттай қа­лай барлау жүргізгені, Григорий Болатовпен бір­ге қалай ту тіккені туралы өз ауызымен айт­қан естелігі бар.

Тағы бір есімде қалған қызықты дерек – қа­зақтың қос батыры Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллин арасындағы шынайы дос­тықтың белгісі бола білген ерекше хат ал­масуды айтар едім. 1943 жылдан бастап 1967 жылға дейін шығармашылық туралы бір-біріне достық хат жазысып, үздіксіз бай­ланысып тұрған екен. Мәлік Ғабдуллиннің ха­ты латынша «Ардақты Бауке!» деп басталса, Бауыр­жан атамыз «Қарағым, қара тентегім Мә­лігім!» деп еркелетіп бастайды... Бұл да бір кере­мет естелік емес пе?!

Сондай-ақ біздің архивте Әміре Қа­шау­баевтың 6 әні бар. 1925 жылы Парижге көр­ме­ге барған кезде айтқан әндерін француздар жа­зып алып, Ресей архивіне сыйға тартқан екен. Музыка зерттеушісі Жарқын Шәкә­рім­нің ықпалымен Мәскеудің дыбыс жазбалар ар­хивіндегі әріптестерімізден осы 6 әннің кө­шірмесін алдырдық. Одан бөлек біздің ар­хивте Б.Момышұлы, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, С.Мұқановтың дауыстары сақталған. КСРО ха­лық әртістерінен ағайынды Абдуллиндер, Б.Төлегенова, Р.Жаманова, Р.Бағланова, Е.Сер­кебаев, Ә.Дінішевтің жас кездерін кино­кадр­дан табуға болады.

– Сіздің ойыңызша елдегі айтулы оқи­ғалар, естеліктер мен зиялы қауым өкіл­дерінің өмірі толық архивтелді ме? Әл­де  тасада қалған ақпарат, материалдар әлі де көп пе?

– Әрине, біз қабылдайтын тың ақпарат пен материалдар әлі де жетерлік. Мәселен, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­ти­тутында зиялы қауым өкілдерінің жеке қор­лары, дыбыс жазбалары сақталған. «Соны қа­лай сақтаймыз, сандық форматқа қалай ауыс­тырамыз» деп, олар бізден бір аптадай үй­реніп кетті. Оларға біз 90-жылдардың ба­сын­да «Түпнұсқаны бізге тапсырыңыздар, сіз­дерге көшірмесін жасап береміз!» деп айт­қан­быз. Бірақ  өкінішке қарай әлі тапсырмады. Плен­кадағы дыбыс жазбалары дұрыс сақ­тал­маса, уақыт өте келе бір-біріне жабысып, үгі­ліп кетеді. Оны әр бес жыл сайын авто­мат­ты орау жасап, арнайы ережеге сәйкес сақтау қа­жет. Сол сияқты Ұлттық ғылым академиясы жә­не еліміздің «Хабар», «Қазақстан», «КТК» сияқ­ты ірі телеарналардың  қорынан біздің ар­хивке түспеген деректер өте көп. Қазір ар­хивіміз Қазақ радиосымен жұмыс істеп жа­тыр. Алтын қордағы 50-60 жылдардан бастап 85 мың сақтау бірлігі фоноқұжаттар пленкада. Бізге оның қанша пайызын тапсырып жат­қанын нақты білмеймін. Олар өздерінің бүкіл ал­тын қорын цифрландырды.

Сонымен қатар қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, композиторлардың от­ба­сылық жеке архивтерінде материалдар же­тер­лік. Олардың тізімі біздің қолымызда бар. Біз­дің архивистер ол кісілермен үнемі  бай­ланыста. Бізге қолдарында бар материалды тап­­сыруға әкеледі, өйткені ол ақпараттар маг­­ниттік пленкада жазылған. Фото­құ­жат­тарды сканерлеп, цифрлық сандыққа көшіріп, серверге салып қоямыз. Сосын түпнұсқаны қай­тадан қолдарына ұстатамыз. Жалпы, біз­дің архив бөлімінің үш міндеті бар. Ол ар­хив­терді жинақтау, сақтау және ғылыми негізде пай­далану. Орталық мемлекеттік кино-фо­то­құжаттар және дыбыс жазбалары архиві елі­­міз бойынша цифрландыру жағынан ал­дың­ғы қатарда. Біздің ұжым құжаттарды цифрландыруды 2000 жылдан бастаған. «Асыл мұра» жобасы бойынша 13 компакт-дис­кі дайындады.

– Ал XXI ғасырдағы өнер, зиялы қа­уым өкілдері, қоғам қайраткерлерінің   еңбегін  сақтауға көзқарасыңыз қандай?

– Қазақстанның дамуына өз үлесін қос­қан әдебиет, мәдениет, ғылым, спорт, ден­сау­лық саласындағы кез келген жан лайық деп ойлаймын. Архивтеу ісі бізге ауадай қажет. Ар­хив аманат. Архив мәңгі. Өткенді ұмытпау – бүгінгі ұрпақтың борышы. Жақында белгілі жур­налист Бейсен Құранбектің жары Гүл­мира бізге келіп, тележүргізушінің өмірінен сыр шертетін тың суреттерді тапсырды. Жас та болса бас болып, күллі қазақты әлемге та­ныт­қан өнерпазымыз Димаш Құдайбергеннің бар­лық дереккөздерін, дауысын  міндетті түр­де сақтау керек.

– Мекемеде архивке қатысты қандай да бір шешімін күткен мәселе бар ма?

– Біздің Орталық кино-фотоқұжаттар жә­не дыбыс жазбалары архиві өз алдына бө­лек ғимаратқа көшсе деген арманым бар. Біз сияқ­ты кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жаз­ба­ларын сақтап отырған бірегей маманды­рыл­ған архивтің бөлек ғимараты болу керек. Соған сәйкес штатымызды кеңейтіп, жоғары бі­лікті архивист мамандар көбейсе екен. Бізге мемлекеттік емес, Ұлттық архив статусын алу ке­рек! Архив саласында еңбек етіп жүріп, бі­р­аз шетелдерде болдым. Сонда мені таң­ғал­дырған бір жайт, Еуроодақ Эстонияның архивін цифрландыру үшін жыл сайын 3 млн еуро бөледі екен. 15 адам волонтерлік қызмет етіп, күні-түні барлық архивтерді базаға ен­гізіп отырады. Ал бізде 4 бөлімде бар-жоғы 27 адам жұмыс істейді. Бізде де дәл солай 15 адам мәліметтерді базаға салып отырса, циф­р­лан­дыру жұмысы әлдеқайда қарқынды жүрер 
еді.

– «Бізге мемлекеттік емес, Ұлттық ар­хив статусын алу керек» дейсіз. Бұл не­ні өзгертеді?

– 2006 жылы Астана қаласында тәуелсіз Қа­зақстанның тарихын жинақтайтын Қа­зақстан Республикасының Ұлттық архиві ашыл­ды. Ұлттық архивтің статусы биік. Ор­талық комитет төрағасының орынбасары кел­ген кезде үш мемлектеттік архивке (Ор­та­лық мемлекеттік архив, кино-фото­құжат­тар және дыбыс жазбалары архиві, Орталық мем­лекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві) Ұлттық статус беріледі деп айтқан бо­латын. Әрине, бұл архивистер  үшін қуа­ныш­ты жаңалық. Бірақ оның қашан бола­тыны уақыт еншісінде. Архив статусы көте­ріл­се, жалақысы да көтеріледі. Онда архив са­ласына келетін жоғары білікті жас ма­мандардың да қатары көбейер еді.

– Ал бүгінде архивке жастардың қы­зы­ғушылығы қалай? Архивист мамандар жет­кілікті ме?

– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің тарих фа­культетінде архивист мамандарды даяр­лай­тын архивтандыру бөлімі бар. Сту­денттер біз­ге іс-тәжірибеден өтуге келіп тұра­ды. Жұ­мыс­тың қыр-сырын үйреніп алған соң, жала­қысы төмен болғаннан кейін тұрақтамай бас­қа жаққа кетіп қалады. Президент архиві одан бөлек министрліктерде, ұлттық ме­ке­ме­лерде, банктерде архив бар ғой ол жақта біз­­ге қарағанда жалақы жоғары. Архивте жұ­мыс істеймін, үйренемін десе, әрқашан дайын­­быз. Ақерке Сламжанова деген шәкіртім бар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің архив ісі бө­­лімінің бакалавр және магистратурасын тә­­мамдап, қазір біздің архивте қызмет ат­қа­рып жүр. Басқа жоғары білікті жас архивист ма­­ман жоқ. Кей кездері болашақта архив кім­­ге қалады деп те ойлаймын...

– Сұхбатыңызға көп рахмет!
                 

Сұхбаттасқан 
Айнұр ҚАНАТБЕКҚЫЗЫ