Түркістан облысында мектеп оқушылары жаппай төбелескен

Зардап шеккен 11-сынып оқушысы жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.

Түркістан облысында мектеп оқушылары жаппай төбелескен
Видеодан алынған кадр
1657

Түркістан облысында мектеп оқушылары арасындағы дау жаппай төбелеске ұласты, деп хабарлады turkystan.kz Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.

Оқиға Келес ауданында болған. Төбелес болған жерде түсірілген видео әлеуметтік желіде тарап кетті. Онда бірнеше мектеп оқушысының бірін-бірі аяусыз ұрып-соғып жатқанын көруге болады. Оқушылар оларды ажыратуға тырысады. Осы кезде төбелеске қатысушылардың бірі қарсыласының бетінен тепкілейді. Қатты соққыдан кейін ол жерге құлап түседі. Маңайдағы оқушы қыздар көмектесуге тырысады.

Мектептердің бірінде оқитын екі жоғары сынып оқушысы сөзге келіп қалған. Мектеп оқушыларының бірі көрші мектепте оқитын жоғары сынып оқушысын көмекке шақырған, ол қарсыласына соққы жасаған. Зардап шеккен 11-сынып оқушысы жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.

"21 қыркүйекте Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, 11-сынып оқушыларының төбелесіп жатқанын хабарлап, Түркістан облыстық Полиция департаменті мен аудандық полиция бөлімінің басшылығы оқиға орнына дереу барды. Бұл факті "Бұзақылық" бабы бойынша тіркелді, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады Келес аудандық полиция бөлімінің баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары