Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) асханасында дайындалған тағамдар мен ыдыстардан алынған шайындылардан ішек таяқшалары тобының бактериялары анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары оқушылар жаппай уланғаннан кейін Республикалық физика-математика мектебінің асханасына тексеру жүргізді. Тергеу барысында азық-түлік жеткізу құжаттары, өнім берушілер мен өндірушілер туралы мәліметтер, сондай-ақ азық-түлікті тасымалдау және сақтау шарттары зерделенді. Бұдан бөлек, іріктелген сынамаларға зертханалық зерттеулер жүргізілді. Департамент тексеру нәтижелерін жариялады.
Мамандар дайын тағамдардан, шикі өнімдерден және ауыз судан сынамалар алып, беткі қабаттар мен ыдыстардан шайындылар жинаған. Сондай-ақ дезинфекциялау құралдарының сынамалары зерттелген.
12-15 қазан аралығында зертханалық зерттеуге барлығы дайын тағамдардың жеті сынамасы, дайын өнімнің екі сынамасы, шикі өнімнің үш сынамасы, беткі қабаттар мен ыдыстардан алынған 30 шайынды, судың бес сынамасы және дезинфекциялау құралдарының екі сынамасы жіберілген.
– Зерттеу нәтижесінде кейбір дайын тағамдардың микробтық ластануы, тағам сынамалары мен ыдыстардан алынған шайындыларда ішек таяқшалары тобы бактерияларының болуы, сондай-ақ дезинфекциялау құралының жұмыс ерітіндісінің нормативтік талаптарға сәйкес келмеуі анықталды, – деп хабарлады департамент.
Сонымен қатар ас блогының 38 қызметкері патогенді стафилококк пен ішек инфекциялары қоздырғыштарын тасымалдауына қатысты тексеруден өткен.
Зертханалық зерттеу нәтижесінде төрт қызметкерден 10³ концентрациясында Staphylococcus aureus (алтын түсті стафилококк) тасымалдаушылығы анықталды. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің тиісті қаулылары негізінде аталған адамдарды жұмыстан уақытша шеттету шаралары қабылданды, – делінген ресми жауапта.
Зертханалық зерттеу нәтижелерінен бөлек, мамандар санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылғанын анықтады. Атап айтқанда, тамақтануды ұйымдастыру, құжаттаманы жүргізу, азық-түлікті сақтау шарттары және ас үй құралдарын таңбалау талаптары сақталмаған. Сондай-ақ қажетті жабдықтар мен тағам өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттардың жоқтығы белгілі болды.
Бұдан бөлек, нақты берілген ас мәзірі есептік құжаттамадағы мәзірге сәйкес келмеген, ал перспективалық мәзір мүлде болмаған.
– Тексеру аясында РФММ оқушыларын тамақтандыруды ұйымдастыратын «MasterFood» ЖШС асханасы тексерілді. Сондай-ақ мектеп-интернат пен оқу корпусында эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілді. Ас блогында санитариялық талаптардың бұзылуы анықталды. Атап айтқанда, ас мәзірі сәйкес келмеген, азық-түлік пен тәуліктік сынамаларды сақтау талаптары бұзылған, қажетті құжаттар мен құрал-жабдықтардың таңбалары болмаған, – деп нақтылады Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.
Асхана жұмысы 60 күнге тоқтатылды.