Ақтауда зергерлік дүкеннен 34 млн теңгенің алтын әшекейлерін ұрлағандар ұсталды

/
Ақтауда зергерлік дүкеннен 34 млн теңгенің алтын әшекейлерін ұрлағандар ұсталды
istockphoto.com

Ақтауда 34 млн теңгеден астам алтын бұйымды алаяқтық жолмен иемденді деген күдікпен екі адам ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Маңғыстау облысының полиция қызметкерлері жалпы құны 34 млн теңгеден асатын алтын бұйымдарды алаяқтық жолмен иемденді деген күдікпен екі адамды ұстады.

Ақтау қаласының 4-шағын ауданындағы сауда орталықтарының бірінде орналасқан зергерлік дүкенде әйел адам сатушының сеніміне кіріп, алты алтын бұйымды иемденіп, оқиға орнынан бой тасалаған.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, әйел өзін дүкен иесінің танысының қызы ретінде таныстырып, алтын әшекейлерді жеңілдікпен сатып алуды сылтау еткен. Осылайша ол сатушыны алтын бұйымдарды өзіне беруге көндірген. Кейін тауардың ақысын төлеместен дүкеннен шығып кеткен.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері аталған қылмысқа Алматы қаласынан Ақтауға барған екі азаматтың қатысы болуы мүмкін екенін анықтады. 24 қазанда күдіктілер Атырау облысының Сағыз ауылы маңында Toyota Camry автокөлігімен өңірден кетуге әрекеттенген кезде ұсталды. Автокөлікті тексеру барысында полиция қызметкерлері алты алтын бұйымды тауып, тәркіледі.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары