Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға арналған Telegram-бот іске қосылды

/
Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға арналған Telegram-бот іске қосылды
istockphoto.com

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстанда параспортты дамыту және мүгедектігі бар азаматтардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Енді @parasport_kz_bot Telegram-боты арқылы әр адам өзіне қолайлы спорт түрін таңдап, өңіріндегі спорт секцияларын тауып, жаттықтырушымен байланыса алады. Жаңа цифрлық қызмет мүгедектігі бар азаматтардың спортқа қолжетімділігін арттырып, жаттығуды бастауына мүмкіндік береді.

Туризм және спорт министрлігінің Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы адамның денсаулық жағдайы мен тұрғылықты өңірін ескере отырып, қолжетімді спорт түрлерін таңдауға көмектесетін Telegram-ботты іске қосты.

Оны пайдалану үшін тұрғылықты өңірін, спорт бағытын және денсаулық жағдайына байланысты шектеу санатын көрсету жеткілікті. Осы мәліметтер негізінде бот таңдалған өңірде қолжетімді спорт түрлерінің тізімін ұсынады. Сондай-ақ WhatsApp арқылы спорт ұйымының менеджерімен хабарласуға, Instagram парақшасына өтуге және 2ГИС қосымшасынан спорт мектебінің мекенжайын табуға болады.

Цифрлық қызметтерді дамыту – параспортты мемлекеттік қолдауға бағытталған кешенді шаралардың бір бөлігі. 2025 жылы алғаш рет заңнамалық деңгейде I топтағы мүгедектігі бар спортшыларды алып жүретін адамдардың мәртебесі бекітіліп, олардың халықаралық жарыстарға қатысуын қаржыландыру көзделді.

Қазақстандық параспортшылардың жетістіктері жүйелі қолдаудың нәтижесін көрсетіп отыр. 2026 жылы өткен V Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасы 12 алтын, 16 күміс және 22 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте тоғызыншы орынға тұрақтады. Осылайша ұлттық құрама 2023 жылғы ойындарда қол жеткізген нәтижесін жақсартты. Ол кезде қазақстандық параспортшылар сегіз алтын медаль иеленген болатын.

Тағы бір айтулы жетістік – Ербол Хамитовтың 2026 жылы Италияда өткен қысқы Паралимпиада ойындарындағы жеңісі. Ол парабиатлоннан алтын, ал парашаңғы жарысынан қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар Токиода өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы сегіз алтын, төрт күміс және 13 қола медальға қол жеткізіп, ел қоржынына барлығы 25 жүлде салды.

Жоғары жетістіктер спортымен қатар, мүгедектігі бар азаматтарды дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысуға тартуға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде Қазақстанда 66 мыңнан астам мүгедектігі бар адам спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Елімізде паралимпиадалық, сурдлимпиадалық және паралимпиадалық бағдарламаға кірмейтін спорт түрлерін қоса алғанда, 35 спорт түрі дамып келеді.

Мүгедектігі бар адамдарға арналған спортты дамыту тек халықаралық жарыстардағы жетістіктермен шектелмейді. Спортпен жүйелі айналысу денсаулықты нығайтуға, қоғам өміріне белсенді араласуға, қарым-қатынас аясын кеңейтуге және өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді. Ал қолжетімді спорттық орта қалыптастыру жаңа таланттарды анықтауға және еліміздің спорттық резервін толықтыруға жол ашады.

Telegram-боттың іске қосылуы – осы бағыттағы жұмыстың кезекті қадамы. Жаңа қызмет спортпен айналысуға ниетті азаматтарға қажетті ақпаратты бір жерден алуға, өзіне қолайлы секцияны жылдам табуға және спорт ұйымымен тікелей байланысуға мүмкіндік береді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары