Шымкенттік апалы-сіңлілер киім дүкенінде ұрлық жасаған
Күдіктілер дүкеннен екі сөмке киім алып шыққан
Шымкенттік апалы-сіңлілер киім дүкенінде ұрлық жасаған, деп хабарлады turkystan.kz.
Әл-Фараби ауданының полиция басқармасына сауда орталықтарының бірінде орналасқан дүкеннен киім-кешектер ұрлағаны туралы хабарлама келді.
«Орта жастағы екі әйел сатып алушылардың кейпіне еніп, сауда нүктесінен балалар, ерлер және әйелдер киімдеріне толы екі сөмке алып шыққан. Оқиға орнына дереу жедел топ барды. Күдіктілер сауда орталығынан шығып үлгермеді. Тәртіп сақшылары оларды бірден ұстады», - делінген Polisia.kz хабарламасында.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты қылмыстық кодекстің 188-бабы 2-бөлігі бойынша тіркеді. Жеңіл пайданы көздегендер туған әпкелі-сіңілі екені анықталды.
«Ұсталғандарға қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Ұрланған тауарлар дүкенге қайтарылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деді тергеуші Еген Елшібек.