Аяғы мен саусақтарынан айырылған Олимпиада чемпионы: Жанымды қоярға жер таппадым

Адамның аяғы мен қолы барда мүмкіндігі шексіз ғой.

Аяғы мен саусақтарынан айырылған Олимпиада чемпионы: Жанымды қоярға жер таппадым
Фото: iStock/kieferpix

Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы, аяғы мен саусақтарына ампутация жасалған Роман Костомаров «Секрет на миллион» бағдарламасына келіп, сұхбат берді.

10 қаңтар күні спортшы аса ауыр халде жансақтау бөліміне түскен болатын. Оған пневмонияның асқынып кетуі әсер етті деп болжаған дәрігерлер оны бірден өкпені жасанды желдету аппаратына қосқан еді. Отаның үнемі кейінге ауыстырылуына байланысты, гангрена асқынып, ақырында дәрігерлер спортшының жанын аман алып қалу үшін оның саусақтары мен аяғын тізеден төмен қарай кесіп тастау туралы шешім қабылдаған болатын.

Ауруханада жарты жылға жуық жатқан 45 жастағы спортшы жуырда алғаш рет көпшілік алдына шығып, сұхбат берді. Ол ауырып қалғанын сезбегенін, бастапқыда жөтел қысқанға онша мән бермей жүргенін айтады.

«Мен жөтеле бердім. Тамағым қышып, жөтеле бердім. Сосын не болғаны есімде жоқ. Ал есімді жиған кезде табаным мен саусақтарымды алып тастаудан басқа амал жоғын жете түсініп, көз жасқа ерік бердім. Маған тірідей ота жасап жатқан секілді айқайладым. Жанымды қоярға жер таппадым. Бастапқыда басымды көтере алмадым. Әрі саусағы жоқ екі қолымды көтеру де қиынға соқты. Мені көрген адам аяушылық танытса, жылап қаламын», – дейді спортшы.

Сондай-ақ осыдан алты ай бұрын жаттығып жүрген кезін көріп, көзіне жас алды.

«Өте ауыр. Үйде қолымдағы бинтті шешкен кезде телефонға қарауға мүмкіндік бар. Сол кезде бұрын жаттыққан, өнер көрсеткен кезім таспаланған видеоларды көріп, егіліп жылаймын. Адамның аяғы мен қолы барда мүмкіндігі шексіз ғой. Ал менің жағдайымда басқаша. Әрі бұл мәңгіге осылай қалатынын мойындауым керек. Қандай протез кисем де, аяқ пен қолға ештеңе жетпейді. Аяқсыз өмір сүруге болады, бірақ саусақсыз қалай өмір сүресің?», – дейді спортшы.

Роман Костомаров – жұптық сырғанаудан Олимпиада чемпионы (2006), екі дүркін әлем чемпионы, үш дүркін Еуропа чемпионы.