«Ұлы дала жорығы»: Он екінші кезеңде жетісулық шабандоздар мәреге бірінші жетті

Бұл кезеңде ақтөбелік шабандоздар мәре сызығын екінші, Түркістан облысының командасы үшінші болып кесті.

«Ұлы дала жорығы»: Он екінші кезеңде жетісулық шабандоздар мәреге бірінші жетті
899

Кеше «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің 12-кезеңі Жаңақорғанда аяқталды. Бұл кезең қорытындысы бойынша, Жетісу облысының командасы алғаш рет жеңімпаз атанды. Бұл жолы ақтөбелік шабандоздар мәре сызығын екінші болып кессе, Түркістан облысының командасы үшінші болып жетті.

Сонымен қатар бұл кезеңде былтырғы чемпион әрі 11 кезең бойы көш алда келген – маңғыстаулық «Көкмойнақ», елорда шабандоздары мен Қарағанды облысының командасы жарысты тоқтатты.

Жоба ұйымдастырушыларының бірі Серік Абжанов 1150 шақырымды еңсеру аттар мен азаматтарға да оңай болмады деп отыр.

«Маңғыстау командасында 2 бірдей аттың сырғалығы тайды. Әрі қарай аттарын қинағысы келмей, жарысты тоқтатты. Артынша Астана командасы мен Қарағанды облысының командасы қатардан шығып қалды. Алдымызда 150 шақырым тұр. Бұл жорықта азаматтардың бір-біріне деген көзқарасы, қарым-қатынасы, қажыған сәтте бір-біріне дем беретін ер мінездері білінді. Бұл жоба мақсаты – қазақы аттың мүмкіндігін ашу. «Ұлы дала жорығы» – қазанат пен азаматтың ерлігін көрсететін жер», – деді С.Абжанов.

Сондай-ақ ұйымдастырушы жобадан кейін еліміздің бар өңірінде ат баптау ісі дамып, жылқы тұқымын асылдандыру қолға алынса дейді.

«Жобадан соң біздегі тұлпарлардың тағдырын шешетін ғылыми орталықтардың жұмысы жанданады деген үміттемін. Жорық Қазақстандағы ат спортының дамуына үлкен серпін береді деп сенемін. Шабандоздар 20-40 шақырымдық бәйгеге ғана емес, ұзақ шақырымдық марафон-бәйгеге ат дайындайтын болады. Ат баптаған адамда тектілік болады. Жорықта жүрген жігіттің бәрінде тектілік бар. Сөзге тоқтайды, атты өте қатты сыйлайды. Аттың пырақ екенін, адамға серік екенін жан жүрегімен сезінген азаматтар. Ер-азаматтардың аңқылдаған көңілі көрінді. Жігіттің жігіті сыналатын жер. Үлкен сынақ үстінде тұрса да, мәрттікпен бір-біріне жол беріп, бір-бірін тыңдап, бір-бірінен білмейтінін үйреніп жүр. Бұл – жалпы қазақ жастарына үлгі. Қазақтың жоғалтып алғаны осы еді ғой. Егер осы оралса, әрине, оның берері көп», – дейді С.Абжанов.

«Рекорд» командасындағы Мағжан Ғабдолұлы 1300 шақырымды бағындырып, қазақ аттарын әлемге әйгілеуді мақсат етіп отыр. Сонымен қатар «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің арқасында танымал болып, Instagram парақшасына күн сайын 15-20 шақты хат келетінін жасырмады.

«Телефонға дамыл жоқ, күн сайын 20-ға жуық қоңырау түседі. Бірақ менде оған жауап беретін уақыт жоқ. Жорықтың бір кезеңін аяқтап, екіншісіне дайындаламыз. Ат үстінде телефон ұстай алмайсың. Әрі еліміздің біраз өңірінде интернет ұстамайды. Бұл жоба мықтының мықтысын анықтайды», – деді М.Ғабдолұлы.

Он екінші күннің қорытындысы бойынша командалардың жалпы уақыты:

Қостанай облысы, 82 сағат 59 минут 06 секунд

Ақтөбе облысы, 83 сағат 07 минут 07 секунд

Жетісу облысы, 83 сағат 34 минут 24 секунд

Алматы қаласы, 90 сағат 05 минут 19 секунд

Түркістан облысы, 91 сағат 31 минут 56 секунд

Абай облысы, 96 сағат 54 минут 24 секунд

Серіктес жаңалықтары