Алматыда бірнеше үй жарықсыз қалды

Бұл мердігер ұйымның технологиялық нормаларды сақтамауы салдарынан болды.

Алматыда бірнеше үй жарықсыз қалды
Ашық дереккөз

Алматы қаласының Бостандық ауданындағы Есқараев көшесіндегі жылу трассасын қайта жаңарту кезінде траншеяға топырақ опырылып түсіп, жарық сөніп қалды, деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Алматы жылу желілері» ЖШС-нің мәліметінше, бұл мердігер ұйымның технологиялық нормаларды сақтамауы салдарынан болды.

«Құлаған жер қабаты жақын маңдағы үйлерді қуаттандыратын электр кабельдерін зақымдады. Қазіргі уақытта «Алатау Жарық компаниясы» АҚ апаттық бригадасы қуатсыз ғимараттарға электр энергиясын беруді қалпына келтірумен айналысып жатыр. Сондай-ақ, жергілікті кафенің жазғы алаңына ішінара зиян келтірілді. Болған оқиғаның салдарын жою процесі қалалық әкімдіктің бақылауына алынды», - делінген хабарламада.

Әкімдік өкілдері штаттан тыс жағдайдың туындауына жол берген мердігер ұйымға қатысты заңнамаға сәйкес шаралар қабылданатынын атап өтті.