IT мемлекет немесе финтех болашағы

Еліміздегі финтех нарығының дамуына шолу жасап, «қаржы технологияларының тұтынушыларға, бизнеске және қаржы саласына әсері қандай?», «саланы дамыту үшін не істелуі керек?» деген сияқты негізгі сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

IT мемлекет немесе финтех болашағы
ашық дереккөз

Интернет-технологиялардың дамуы қаржы әлеміндегі жаңа эволюция дәуірін бастап берді. Осылайша, қарқынды дамып келе жатқан жаңа қаржы сервистері кредит беру, төлем жүйелері, инвестициялау салаларын мүлдем басқа арнаға бұрды. Бұл үрдіс елімізде де байқалып отыр.

Финтехті дамыту индексі бойынша әлеуетіміз жоғары екенін Жолдауында айтқан Мемлекет басшысы да бұл бағыттың маңызына тоқталған еді.

Еліміздегі финтех нарығының дамуына шолу жасап, «қаржы технологияларының тұтынушыларға, бизнеске және қаржы саласына әсері қандай?», «саланы дамыту үшін не істелуі керек?» деген сияқты негізгі сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

«Финтехті дамыту индексі  бойынша әлем көшбасшыларының  қатарында тұрмыз»

Кейінгі 5-10 жылдағы технологиялардың да­муы өмір салтымызға түбегейлі өзгеріс алып келді. Соның ішінде, ақшаны басқару, жұмсау, қаржы қыз­меттері де тыс қалған жоқ. Осылайша, тех­но­ло­гия мен қаржы салаларының тоғысында жаңа бір сала – финтех пайда болды. Сөйтіп, финтех ин­дуст­риясы ақшаны басқару, инвестициялау және мәмі­лелер жасау тәсілін өзгертіп, үлкен эволюциядан өт­ті. Технология бұрын-соңды болмаған қарқынмен да­мып келе жатқандықтан, әлемде финтех ком­па­ния­лары инновацияның алғы шебінде болып, қар­жы саласындағы шекараны кеңейтіп жатыр. 

Елімізде де кейінгі бес жылда қаржы саласы мен кейін­гі технология жаңалықтарының тоғысуы көп өз­геріс әкелді. Смартфондағы интернет банкинг қо­сымшалары төлем жүйесін түбегейлі өзгертті. Қол­ма-қол ақшаның қолданыс аясы уақыт өткен сайын тарылып барады. Мәселен, 2023 жылғы қаң­тар-маусымда жалпы сомасы 63,1 трлн теңге бола­тын 5,26 млрд қолма-қол ақшасыз транзакция жүр­гізілген. Бұл көрсеткіш өткен жылғы қаңтар-мау­сымдағымен салыстырғанда 40,8 пайызға жо­ғары.  Сонымен қатар банкоматтан қолма-қол ақша алу операциясының саны да былтырғыға қарағанда 7,6 пайызға қысқарған. Сондай-ақ қолма-қол ақ­ша­сыз транзакциялардың басым бөлігі интернет және мо­бильді банкинг арқылы жүзеге асырылғанын атап өту – маңызды. POS-терминалдар мен QR көрсеткіші – 13,6 пайыз және 3,6 пайыз.

Қысқа уақыт ішінде кей қаржы қызметтері жаңа фор­мада қарқынды дамып үлгергендіктен де болар, саланың еліміздегі перспективасына қатысты оң көз­қарас қалыптасты. 1 қыркүйектегі Мемлекет бас­шысының Жолдауында да финтех саласы туралы айт­ылған болатын.

– Менің цифрландыру ісіне және инновацияны ен­гізу мәселесіне баса мән беретінімді баршаңыз бі­лесіздер. Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Циф­р­лан­дыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұр­мыз, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған ІТ саласындағы әлеуетіміз мүмкіндік бе­ре­­ті­ніне тоқталған Президент 2026 жылға қарай ІТ қыз­меттерінің экспортын бір миллиард дол­ларға жет­кізу туралы Үкіметке тапсырма берді.

– Былтырдың өзінде ІТ саласындағы экс­пор­ты­мыз бес есе өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Әрине, мұ­ны­мен шектелмейміз. 2026 жылға қарай ІТ қыз­мет­те­рінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу – Үкіметке жүктелетін жаңа міндет. Шетелдің ірі ІТ ком­панияларымен бірлескен кәсіпорындар ашу бұл іске септігін тигізері сөзсіз. Үкімет осы мәселені мұ­қият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек, – деді Президент.

Сонымен қатар жасанды интеллектіні дамыту ісі­не баса назар аудару керек екені айтылды. Әлемде ал­дағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион дол­лардан астам инвестиция салынады деген бол­жам бар. Жасанды интеллектті дамыту ішкі жалпы өнім­ге айтарлықтай үлес қосуы мүмкін екенін айт­қан Мемлекет басшысы мүмкіндікті толық пай­да­лансақ, экономикаға тың серпін бере ала­ты­ны­мызға назар аударды. 

– Еліміз есептеу қуаттарын жаһандық тұ­тыну­шы­ларға сататын орынға айнала алады. Сондықтан ірі мәлімет орталықтарын салуға инвестиция тарту үшін түрлі жеңілдіктерді де қамти отырып, барынша қолайлы жағдай жасау керек. Сон­дай-ақ мәліметті сақтау және өңдеу саласында Қа­з­ақстанның мүддесін ілгерілету қажет. Цифр­ландыру ісінде басшылыққа алынатын қағидаттарды заң жүзінде бекітетін кез келді. Мен сайлау алдын­дағы бағдарламамда «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылдау туралы бастама көтер­ген едім. Қазір әзірленіп жатқан заң жобасында эко­номикамызды ғылым мен инновацияға сүйене оты­рып дамыту логикасының көрініс табуы өте маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бизнес-инкубатор, коммерцияландыру орта­лығы, технопарк, құрастыру бюросы сияқты инно­вациялық инфрақұрылымдар құруға қатысты жеке бастамаларға сөз жүзінде емес, нақты іспен қолдау көрсететін пәрменді шаралар керек екенін айтқан Пре­зидент шетелдің озық тәжірибесін пайдаланған жөн екеніне тоқталды. 

– Венчурлық қаржыландыру тәсілі инно­ва­ция­лық жобаларды іске қосуға қажетті негізгі қаражат көзі болуға тиіс. Сондықтан жобаларға еліміздегі және шетелдегі инвесторлардың қызығушылығын арт­тыру үшін құқықтық және қаржылық мәселенің бә­рін шешу қажет, – деп саланың құқықтық негізін дұрыс қалауға мән беру керек екенін баса айтты.

Әрине, Президент бұл жерде жалпы ІТ саласы, жасанды интеллект туралы айтқанымен, соның ішінде қаржы технологияларына ерекше көңіл бөлуді жөн көрдік. 

Қаржы технологиясы қарыштап дамысын десек...

Қазақстан финтех қауымдастығы еліміздегі қар­жы технологияларының басында онлайн кредит беру ұйымдары тұрғанын айтады. 2014 жылдың басында қаржыландыру нарығы жаңа құбылыс – онлайн-несиелеу нарығында жұмыс істейтін ком­паниялар пайда болды. Бірінші кредиттік бюроның мәліметіне сүйенсек, 2015 жылы, бір жыл ішінде онлайн несиелеу нарығы орта есеппен 45 пайызға өсіп үлгерген. 

Жалпы, онлайн немесе цифрлық қаржы ұйым­дарының, кей елдерде тіпті банк­тердің пайда болуы әлемдік финтехтің дамуындағы ал­ғышарт болды. Толығымен онлайн, салалық емес ме­кемелер дәстүрлі банк моделін бұзды. Мобильді қо­сымшаларға және тұтынушылардың ыңғайына қа­рай икемделе білген цифрлық банктер дәстүрлі банктерді өз стратегияларын қайта қарауға мәжбүр еткен еді.
Криптонарық пен блокчейн индустриясының дамуы да – қаржы технологияларының маңызды бө­лігі. Bitcoin және Ethereum сияқты крип­товалю­та­лар инвесторлардың да, технологтардың да на­за­рын бірден аударды. Бұл сала елімізде халыққа кең та­ралмаса да, мүлдем келген жоқ деп теріске шы­ғару­ға болмайды.

Содан соң төлем жасау тәсілі түбегейлі өзгерді. Мобильді төлем қосымшалары, аударымдар және түрлі төлем әдістері қазір барлық жерде кез­де­седі. Еліміздегі финтех саласының қазіргі деңгейге же­туіне осы онлайн банкингтің әсері зор болды. Оған Kaspi банкі қосымшасының қосқан үлесін айт­пай кетуге болмайды. Kaspi банк бастап берген көш­ке кейіннен басқа банктер де ілесіп, күн өткен сайын жаңа функцияларды енгізіп, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, тұтынушы үшін күрестің көркін қыздырды. 

Freedom Bankтің баспасөз қызметі банк өнім­деріне мемлекеттік сервистерінің 90-нан астам ин­­теграциясы енгізілгенін айтады.

– Қазақстандағы финтех – қаржы өнімдер мен қызметтерін цифрландырудың жоғары деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік берген Орталық Азиядағы ең ірі және жылдам дамып келе жатқан нарық­тар­дың бірі. Freedom Bank тәжірибесінің мы­са­лын­да финтех, говтех және банкингтің дұ­рыс құрыл­ған жұмысы клиенттерге қыз­мет­терді алу кезінде уақытты үнем­деу­ге, инновациялық өнімдерді әзір­леуге, күрделі бизнес-процестерді жеңіл­дету мен оңтайландыруға жә­не т.б. мүм­кіндік береді деп айта ала­мыз. Осы өзара әрекеттестіктің ар­қасында, біз ипотеканы, авток­ре­дитті және бизнес үшін кредитті цифрлан­дыр­дық. Банк өнімдеріне мемлекеттік сервистерінің 90-нан ас­там интег­рациясы енгізілді. Бұл ха­лық үшін қолжетімді, ашық және ар­зан қызмет көрсетуге мүмкіндік бе­ре­ді, – дейді банк­тің баспасөз қыз­меті.

Сонымен қатар банк болжамына сүйенсек, алдағы он­жыл­­д­ықта елдердің экономика­лық дамуы қаржы және басқа салалардағы цифрлық прогресс деңгейіне байланысты бола­ды. 

– Отандық финтехтің қазір қалай дамып жат­қа­нын ескере отырып, Қазақстан – әлеуеті зор ел. Осын­дай бағалау интернеттің енуінің жоғары дең­гейіне, қолма-қол ақшасыз төлемдерді белсенді пай­далануға, дамыған инфрақұрылымға және мем­ле­кетті қолдауға негізделген. Бұрын банктер мүм­кін­дігінше көп филиал мен үлкен бас кеңселер ашу­ға ұмтылған, бүгінде финтехтің дамуымен банк­тер IT жүйелері мен сервистік инфра­құры­лым­ның қарқынды дамуына назар аударады. Цифрлық трансформацияның арқасында компаниялар ың­ғайлы және қолжетімді қаржылық қызметтерді жа­сай бастады. Екінші деңгейлі банктер тран­зак­ция­ларды өңдеуді жеделдететін, клиенттердің жеке де­ректерін қорғайтын және шығындарды төмен­де­тетін блокчейн және жасанды интеллект сияқты зама­науи технологияларды енгізе бастады. Финтех ком­паниялар қаржыны басқаруға арналған онлайн плат­формалар мен мобильді қосымшаларды бел­сенді түрде дамыта бастады, – дейді Freedom Bank ресми жауабында.

Банктің есебінше, 2022 жылы Қазақстан халқының 86 пайызы тұрақты түрде онлайн-бан­кингті пайдаланды. 14 миллионнан астам адамға қа­шықтағы банк жүйелері арқылы қызмет көр­сетіледі. Осы орайда банк қауіпсіздік мәселесіне ба­са мән берген жөн деп санайды.

– Цифрлық транзакциялар санын көбейтумен қа­тар клиенттердің жеке деректерін қорғау құрал­да­рын да күшейту қажет. Саланың жаңа деңгейге шығуы үшін big data сияқты бағытқа назар аудару керек. Үлкен деректер қаржылық алаяқтық опера­ция­лардың алдын алуға мүмкіндік береді, сонымен қа­тар клиенттерге жеке ұсыныстар беруге көмек­те­седі. Нәтижесінде, клиенттің уақыты мен банк қоры үнемделеді. Әлемдік тәжірибеде қазір жасанды ин­­тел­­лект негізінде жұмыс істейтін машиналық оқыту да жиі қолданылады. Мысалы, алгоритм не­сие­лік скоринг мәселелерін шешуге көмектеседі. Клиент туралы деректерді сауалнама мен ашық көз­дерден өңдей отырып, адамның несие төлеу қабі­леті туралы жүйенің өзі қорытынды жасайды және соның негізінде шешім қабылдайды. Жалпы, финтех технологияларын енгізу ел­дің қаржы секторындағы бәсекелестікті ын­таландырады және бұл көбінесе бірегей иннова­ция­лық жобаларға әкеледі, – дейді Freedom Bank бас­пасөз қызметі.

Дегенмен қаржы секторындағы бәсекелестіктің дамуы тұрғысынан банктер мен IT саласы маман­да­рының көзқарасы бір жерге тоғыспайды. IT ма­ман­дарының пікірінше, елімізде бұл нарықта шы­найы финтех бәсекелестігі орнауы керек.

– Қазір ірі банктер осы жұмыстың жемісін көріп отыр. Бірақ тұтастай алғанда, нарықта бәсеке бол­ға­­ны жақсы болар еді. Бұл мәселенің шешімі ашық API дамыту үшін қабылданатын техникалық ша­ра­лар болуы мүмкін. Ұлттық төлем жүйелерінің, жедел тө­­лем жүйелерінің жобалары бұл жағдайды белгілі бір дәрежеде өзгертіп, финтехті ынталандыруы мүм­кін, – дейді Axellect Kazakhstan басқарушы дирек­торы Антон Мусин. 

Алдағы уақытта елімізде төлемнің жаңа фор­масы – цифрлық теңге айналымға енетін болады. Ол кезде банктердегі онлайн аударым функциясы мүл­дем басқаша сипат алуы да ықтимал. Не деген­мен, қаржы және технология салаларынан күтер жаңалық көп.
IT сарапшы Тимур Бектұр да қаржы технология­ла­ры нарығында бәсеке болғаны дұрыс екенін ай­та­ды. Әлемдегі тенденциялар мен Қазақстан жағ­дайын салыстыра талдаған маман елімізде бұл на­р­ық басқа елдерге қарағанда өзгеше дамып келе жат­қанына тоқталды. Сарапшының сөзінше, бұл – алаң­датарлық жайт. 

Тимур Бектұр, IT сарапшы:

Харвардта Kaspi банктің қалай жетістікке жеткенін оқытады

– Қазақстанда финтех өте қызық жағдайда дамып жатыр. Шетелмен салыстырғанда бізде саланы нақты банк саласы дамытты деп айтуға толық негіз бар. Әрине, оның жарқын үлгісі Kaspi банк деп айтуға болады. Мен қазір Бостон қаласында оқып жатырмын. Мұнда Бостон университетімен бірге Харвард секілді әлемдік университеттер де бар. Осы Харвардтың бизнес факультетінде Kaspi банктің кейсін, яғни қалай жетістікке жеткенін, қалай финтехті дамытқанын оқытады. Әрине, менің қолымда нақты зерттеу жоқ, дегенмен Қазақстандағы банк нарығы мен финтех нарығын салыстыра отырып қарайтын болсақ, негізі Kaspi банктің дамуы қазақша қызмет көрсетуден басталды деп есептеймін. «Сізге тағы қандай қызмет көрсете аламын?» деген Каспий банктің атақты сөзі бар. Яғни, клиентке қызмет көрсеткенде оның мәселесін толыққанды және соңына дейін ешқандай сұрақ қалдырмастай шешу. Екіншіден, қазақ халқының сұранысына жауап бере алды. Мысалға оған дейін басқа ешбір банк қазақша түсіндіре алмайтын. Қазақтілді клиенттердің үдесінен шыққан соң, барлығы банктің клиенті болуға ұмтылды. Клиентті басты орынға қою біздің Қазақстандағы банктерде, әсіресе қазақтілді аудиторияның көңілінен шығу бұған дейін басты орында болмаған еді. Үшіншіден, Kaspi банк барлық комиссияны алып тастады. Оған дейін телефонға бірлік салу үшін әртүрлі бутиктерге, киосктерге барып, терминалдарды қолданатын едік. Оның үстінде алым-салығы болатын. Одан кейін қандай да бір адамға ақша аударғыңыз келсе, оған тағы да – комиссия, және аудару қиын болды. Яғни, ол үшін банкке баруыңыз керек. Ал Kaspi банк бағдарлама арқылы бірлік салсаңыз да, ақша аударсаңыз да тегін қылды. Содан соң қолма-қол емес ақшаның айналымынан өңір арқылы төлем жасау көбейе бастады. Қазір елімізде осы қолма-қол емес ақша айналымы қарқынды түрде дамып жатыр. Осыдан кейін өзге де банктер де жағдайдың  өзгеріп бара жатқанын түсініп, біртіндеп олар да бағдарлама ашып, түрлі функцияны қоса бастады. Сондықтан бұл саланың дамуы, ең бірінші кезекте қазақтілді аудиторияның көңілін табу және қаржылық операцияларды оңтайландырудан басталды деп ойлаймын.
Жалпы, елімізде финтех саласының перспективасы жаман емес. Дегенмен бизнес тілінде single point of failure деген сөз бар. «Cәтсіздікке ұшыраудың жалғыз нүктесі» деп аударуға болады. Әрине, олай болу ықтималдығы қандай екенін білмеймін, бәлкім, олай болу ықтималдығы нөлге тең шығар. Әйтсе де, ойлап қараңызшы, қазір Қазақстанда Kaspi-дің жұмысы тоқтап қалатын болса, қайтадан таз қалпымызға ораламыз. Нақты статистикасын білмеймін, бірақ оқығаным бойынша, Қазақстанда 7,5 миллион адам Kaspi банктің бағдарламасын белсенді түрде қолданады екен. Еңбекке жарамды, қалтасына ақша түсіп тұратын контингент мүмкіндігінен мезетте айырылып қалатын болса, абдырап қалу ықтималдығы өте жоғары. Сондықтан осы салада қызмет көрсететін коммерциялық ұйымдардың көбейгені аса маңызды.
«Әрбір финтех иесі өзінде банк лицензиясы болғанын қалайды. Ал әрбір банк иесі өзінде финтех бағдарлама болғанын қалайды деген» әлемге танылған сөз бар. Өйткені кейбір қаржылық операцияларға банк лицензиясы керек. Ал банк иелері өзінде қуатты финтех бағдарламасы болғанын қалайды. Яғни, негізі финтех дегеніміз – банк емес. Финтех платформалар жасау үшін міндетті түрде банк лицензиясы болуы міндетті емес. Финтех дегеніміз, керісінше, сол банктің істемегенін немесе істесе де жеткілікті деңгейде халықты қамти алмай жатқан кейбір қаржылық өнімдерді технологияны қолдана отырып дамыту. Ол сізге депозит ұсынбайды. Ол сізге несие ұсынбайды. Ол сізге ештеңе бермейді. Оның жалғыз ғана функциясы – сізді қаржы алаяқтарынан қорғайды. 
Негізі, Америка, басқа да дамыған елдерде финтех банктерге тым көп жүк артылып кеткендіктен, олар азаматтардың қаржы саласындағы сұранысын жылдам қамтамасыз ете алмағандықтан дамыды. Ал біздің елде финтех саласына банктер кіріп алды. Бұл негізі табиғи дамуға жатпайды. Елімізде финтех даму үшін салаға жекелеген адамдар келуі керек. Осы жағы сәл алаңдатады. Менің  ойым, ұсынысым – біздің елде финтехтің азаматтар арасында дамуына көңіл бөлінсе деймін. Бар болғаны оған мүмкіндік беру керек. Мәселен, Kaspi банк өзін қазір банк емес, цифрлық компаниямыз дейді. Яғни, банктің сипатынан шығып, өзін финтехқа айналдырып жатыр. Бірақ кәдімгі классикалық терминмен айтатын болсақ, ол – банк. Себебі оның қолында банк лицензиясы бар. Ал мұндай алпауыттар әрине, финтех нарығын тұмшалап тастауы әбден мүмкін. Сондықтан финтех саласын ашық нарыққа берген дұрысырақ. Сол кезде тек қана бір банкке телміріп отырмаймыз, себебі әр банк тек өзінің өнімдерін ғана алға шығарады. Финтех нарығын дамыту үшін осындай функционалдарды ашық нарыққа, яғни «мен финтех жасаймын» деген азаматтарға беру керек. 

Сонымен, қарқынды дамып келе жатқан финтех индустриясы енді шекарасын тек үнемі кеңейтіп отырмақ. Осы тұрғыдан алғанда, қаржы нарығының болашағын қалыптастыратын трендтер мен оқиғаларды қадағалау – аса маңызды. Пұлдан – тиынға, тиыннан – қағаз ақшаға көшкен адамзат өркениетінің тағы бір маңызды кезеңіне, цифрлық ақшаның қолданысқа енген кезіне тұс келіп отырмыз. Яғни, осы саладағы жаңалықтар мен бастамаларды түсіну – қаржы әлемінде алда болудың басты кілтіне айналмақ.