Жамбылдық келіншек егізден кейін үшем босанды

Меркелік жас ана бес жыл бұрын егіз ұл босанған.

Жамбылдық келіншек егізден кейін үшем босанды
Фото: kaz.nur.kz
1763

Жамбыл облысында 32 жастағы келіншек үшемді дүниеге әкелді. Бір қызығы меркелік жас ана бес жыл бұрын егіз ұл босанған. Ал жаңа туған сәбилердің үшеуі де қыз, деп хабарлады turkystan.kz kaz.nur.kz-ке сілтеме жасап.

Тараздағы перзентханаға үш қарындасы мен анасын шығарып алуға егіз ұлдары Нұрхан мен Әмірхан да келді. Жас отбасы осылайша көпбалалы отбасылардың қатарына кіріп отыр. Нәрестелерге Аяна, Айша және Айла деп ат қойған.

Үшемнің әкесі Нұрбол Найзабеков – мемлекеттік қызметкер. Меркі ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінде бас инспектор болып қызмет атқарады. Ал анасы Гүлжан Әбдібаева №17 И.Трубицын атындағы жалпы білім беретін мектеп-гимназиясында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Анасының айтуынша, әулеттерінде күйеуі мен өз жағынан да егіздер бар.

«Меркі ауылынан босану үшін Таразға келдім. Бала босану оңай емес, әрине. Дәрігерлер жүктілігімнің 33 апталығында жоспарлы түрде кесарь тілігімен босандырды. Қатты қиналмадым. Операция сәтті өтті. 29 тамыз күні салмақтары 2 490, 2 300 және 2 700 грамм қыздарды дүниеге әкелдім. Шала туғандықтан демалуы қиындап, жансақтау бөліміне жатқызды. Ертесіне қыздарым неонатология бөліміне ауыстырылды. 3-4 күннен кейін денелері сарғыштанған соң, сәуле терапиясын қабылдадық. Дәрігерлерге рақмет, жақсы қарады. Қыздарымның жағдайы жақсарған соң екі аптадан кейін ғана үйге шықтық», - дейді үшемнің анасы Гүлжан Әбдібаева.

Серіктес жаңалықтары