50522
Өмір бойы айына 500 доллар сыйақы алатын тағы бір жазушы анықталды
Өмір бойы айына 500 доллар сыйақы алатын тағы бір жазушы анықталды
«Mecenat.kz» әдеби байқауы екінші маусымының жеңімпазы анықталды. Өткен жылдың қыркүйегінен биылғы мамырға дейін 103 адам тіркеліп, 58 роман жүктелген. Оның ішінде қазақ тілінде жазылған ҚХР елінен қатысқан бір роман бар, деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, биыл байқауға ұсынылған туындылардың сапасы біршама жақсарған, техникалық талаптарға қатысты тәртіпбұзушылық айтарлықтай азайған.
Кәсіби филолог – ридерлер әр шығарманы толықтай оқып шығып, 5 балдық жүйемен баға берді. Бұл – алғашқы іріктеу. Екінші іріктеуге танымал жазушылар Әлішер Рахат пен Илья Одегов суперридер ретінде қатысып, қазақ тіліндегі 8 роман, орыс тіліндегі 5 романды оқып, сараптап шықты. Нәтижесінде үш қазақ тілінде, үш орыс тілінде роман іріктеліп алынды.
Ридерлер мен суперридерлердің іріктеу жұмысына ешкім араласқан жоқ, ұйымдастырушылар толықтай анонимділік сақтап, қағазға шығарылған туындыларды оқуға дайындап берген.
Сонымен, мына шығармалар оқырманға дауыс беруге ұсынылды:
1) «Өлгендер қайтып келеді», авторы Тұрысбек Сәукетаев
2) «Үзілме, Үміт», авторы Гүлсара Дәулетқызы Райымқұлова
3) «Тау асқандар», авторы Ғани Түрікменбайұлы Жақсыбаев
4) «И два бокала на столе», авторы Жангүл Амангелдіқызы Байдәулетова
5) «В ожидании Кайроса», авторы Кемен Құдайбергенқызы Байжарасова
6) «ПетроКок», авторы Мұрат Ислямұлы Увалиев
Ал оқырмандар ең үздік деген романға 29 мамыр мен 31 маусым аралығында сайт арқылы дауыс берді. Дауыс беруде қандай да бір құйтырқы әрекеттердің алдына алу үшін ұйымдастырушылар екінші кезеңде тек қазақстандық ұялы телефон нөмірі арқылы дауыс беріп, оқылған роман туралы өз пікірін қалдыру талабын қосты. Оқырман шығарма туралы бос орынды есепке алмағанда 300 бен 500 символ аралығында пікір қалдыруы керек. Бұл пікірлер модератордың тексеруінен өтіп, жалған дауыс жинау, адамның ар-намысына тиетін сөздер мен мағынасыз пікірлер алынып тасталды. Одан кейін шілде айында арнайы тексеру тобы әр тіркелген нөмірге хабарласып, тек шынайы дауыстар ғана есепке алынды.
Қоңырау шалып, дауыс берушілерді тексеру нәтижесі мынадай:
1. «Тау асқандар», авторы Ғани Түрікменбайұлы Жақсыбаев
Өзінің дауыс бергенін растаған оқырмандар саны: 407
Дауыс бергенін растамаған оқырмандар саны: 311
Хабарласу мүмкін болмаған оқырмандар саны: 448
2. «Өлгендер қайтып келеді», авторы Тұрысбек Сәукетаев
Өзінің дауыс бергенін растаған оқырмандар саны: 194
Дауыс бергенін растамаған оқырмандар саны: 252
Хабарласу мүмкін болмаған оқырмандар саны: 373
3. «Үзілме, Үміт», авторы Гүлсара Дәулетқызы Райымқұлова
Өзінің дауыс бергенін растаған оқырмандар саны: 79
Дауыс бергенін растамаған оқырмандар саны: 38
Хабарласу мүмкін болмаған оқырмандар саны: 82
Телефонмен хабарласып, тексеру жұмысы толықтай видеоға түсірілген және Қазақстанда тіркелген кез келген жазушылар ұйымына тексеруге беруге мүмкіндік бар.
Тексеру нәтижесінде Ғани Түрікменбайұлы Жақсыбаевтың «Тау асқандар» романы байқау талаптарына сай емес екені анықталды. «Тау асқандар» романының көлемі – 65 бет, ал талап бойынша роман 80 беттен жоғары болуы тиіс және оқиға Қазақстан жерінде болуы керек. Әдеби сыйлықтың негізін қалаушы Ерлан Аскарбековтың қателесіп кеткеніне байланысты, 12 кегльмен қағазға басылып шығуы тиіс роман 14 кегльмен басылып шыққан. Сол үшін де ридерлерге оқуға ұсынылған. Сондықтан да, бұл романды байқаудан шығаруға тура келді.
Айта кетсек, «Mecenat.kz» әдеби байқауының ережесі мына жерде жарияланған.
Алдағы уақытта мұндай өрескел қателіктерге жол бермеу үшін «Ережеге» мынадай өзгерістер енеді: романның көлемі бос орынды есептемегенде, 150 000 мен 300 000 символ болуы керек.
Ал оқырмандардың дауыс беру нәтижесінде Тұрысбек Сәукетаевтың «Өлгендер қайтып келеді» романы жеңіске жетті. Енді ол «Mecenat.kz» әдеби байқауының ІІ маусымының жеңімпазы ретінде өмір бойы ай сайын 500 доллар сыйақы алып отырады.
«Mecenat.kz» жобасының мақсаты – қазақстандық көркем әдебиетті дамыту және кітап оқырмандарының ынтасын арттыру, жазушылардың кәсіби деңгейін көтеру және олардың шығармаларын әлемдік кітап нарығына шығару. Мұндай форматтағы сыйақы әлемнің еш жерінде жоқ. Жобаның меценаты – белгілі қазақстандық қаржыгер және филантроп Тимур Русланұлы Турлов.
Байқаудың үшінші маусымы 1 қыркүйекте басталады. Қолжазбаларды қабылдау 2024 жылғы 14 сәуірде, кешкісін тоқтатылады.
Еске салсақ, шығармашылық адамдарына арналған «Меценат» сыйлықақысы былтыр пайда болды. Оның иегері ай сайын өмірінің аяғына дейін 500 доллар көлемінде төлем алып отырады. Сыйақының негізін қалаушы Ерлан Асқарбеков ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында мұндай сыйлық тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет өткізіліп отырғанын айтты.