Еліміз уран экспорттаудың Ресейден тыс балама жолын тапты

Еліміз уран экспорттаудың Ресейден тыс балама жолын тапты

Еліміз уран экспорттаудың Ресейден тыс балама жолын тапты
ашық дереккөзі
50369
Еліміз уран сату және шетелге жөнелтуде Ресей аумағынсыз жүзеге асыру жолын қарастырып жатыр. Бұл туралы «Қазатомөнеркәсіп» АҚ басқарма төрағасы Ержан Мұқанов мәлім етті, деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Біз Ресейге қарсы санкция әсері бойынша талдау жасап отырамыз. Украинадағы геосаяси жағдай нарықтағы уран бағасының және ұлттық валютаның айырбас бағамының айтарлықтай құбылуына әкелді. Дегенмен бүгінге дейін Ресейге салынған санкциялар уран сату мен тасымалдау қызметіне айтарлықтай әсер еткен жоқ. Геосаяси жағдайды ескере отырып, логистикаға баса назар аударамыз. Осы орайда Санкт-Петербург порты арқылы өтетін біздің негізгі маршрутымыздың штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын еске саламыз», - деді Ержан Мұқанов.
Компания басшысының айтуынша, өнімді жеткізуде ешқандай шектеулер жоқ.
«Соған қарамастан біздің компания Ресей Федерациясының аумағынан тыс өтетін және 2018 жылдан бері табысты пайдаланып келе жатқан балама Транскаспий халықаралық көлік бағытына көшу бойынша шара қабылданды. Бұл Батыс конвертерлеріндегі операцияларды жүзеге асыруға, сондай-ақ Батыс конверсиялық кәсіпорындары клиенттері алдындағы міндеттерімізді орындауға мүмкіндік береді», - дейді ол.
Уран экспорттау Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жүзеге асатынын компанияның коммерция жөніндегі директоры да растады.
«Біз ұлттық оператор ретінде бұл бағытта ешқандай проблема жоқ екенін растай аламыз. Аталған бағыт арқылы бүкіл жоспарланған жөнелтілім биыл күзде 100 пайыз орындалуы керек», - деп толықтырды Дастан Көшербаев.

Серіктес жаңалықтары