Қарасай – жыраулық өнердің даңғайыры

Қарасай – жыраулық өнердің даңғайыры

Қарасай – жыраулық өнердің даңғайыры
ашық дереккөзі

Жыр-дастандардың басына түскен қасірет

«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» дейтін қазақ тәмсіліне бақсақ, өнер дейтін тылсым құдіреттің сыры да, тегі де күллі адам­затқа ортақ. Өйткені әдебиет пен өнер аталас. О баста музыка мен сөз өнері − адам баласына дүниенің сыры мен жырын жеткізуде, жара­тылыс заңдарын түсіндіруде, тірліктің мәнін ұқтыруда, рухани әлемнің жұмбағын жеткізу­де бірлесе қызмет етті. Бұл орайда қазақ өнері ертеден-ақ синкреттік бағыт ұстанды, яғни, бірнеше өнер түрлері біріккен күйде дамыды дей аламыз. Синкреттік деген ұғым филосо­фияда, дінде, тіл ғылымында және өнерде бар. Негізінен, бірлесу, бірігу, кірігу деген мағы­нада қолданылады. Өнердегі синкретизмнің классикалық анықтамасы – ойлау мен көз­қа­рас­тың ерекше тәсілдерінің қосындысы не­ме­се бірігуі. Ал қазақ өнерінде синкреттік – ең ал­дымен жыраулық өнерде көрінді деп айта ала­мыз. Жыраулардың қобыз немесе дом­быра секілді ұлттық аспап­тардың сүйемелдеуімен қалыптасқан сюжеттік же­лісі бар көлемді жыр-дастандарды орын­дауы біздегі халықтық театрдың бастауы деуге болады. Жырау – әрі ақын, әрі му­зы­кант, әрі артист бола білді. Олар өздері жа­нынан шығарып орындаған жыр, дас­тан­дарында елді бірлікке, отансүйгіштікке үндеп, адами қасиеттерді – батырлықты, адалдықты, сұлулықты, өнерді дәріптеді. Тыңдаушысына соның бәрін жеткізе оты­рып, тарихи тұлғалар мен тарихи оқи­ға­ларды елдің есінде мәңгі қалдыруды көз­деді. Демек, кезінде жыраулар осы тарихи миссиясын керемет орындап, ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін ел-жұрттың ықы­ласына бөленіп, жалпықазақтық деңгейде кең танылды. Кеңестік дәуірде, яғни ХХ ғасырдың 20-30-жылдарында қазақ ұлттық өнер­дің кей түрлерін идеологиялық сүзгі­ден өткізіліп, бұрын жұрт тыңдап, бағалап келген кей өнер түрлеріне большевик- тік-әлеуметтік көзқарас тұрғысынан баға беру – талай жылдар бойы қазақ рухания­тына үлкен зардабын тигізді. Әдебиет пен өнерге таптық тұрғыдан қарау – оны қатал ревизиялауға ұласты, яғни, ежелгі билер мен байлардың, батырлар мен сұлулардың сән-салтанатын мадақтап, қазақ өнері елдің рухани ұйытқысына айналуына қар­сы болды. Өйткені біртұтас кеңес халқын (Homo Soveticus) жасау керек деген советтік идеологтарға ұлттық таным деген рухани күш үлкен кедергі жасайтын еді. Сондықтан оны дамытпай, бесігінде тұншықтыру керек деп шешті, сөйтті де ұлт өнері, оның ішінде жыраулар айтатын дастандар идеологиялық жағынан жарамсыз деп танылып, оны айтуға, насихаттауға тыйым салынды. Сөйтіп, «Қобыланды», «Алпамыс» бастаған жүздеген дастан ендігіден былай радиодан берілмейтін, мәтіндері баспасөзге жарияланбайтын болды. Тек тегі кедейден шыққан, кеңестік таптық идеологияға сәйкес келетін «Қамбар батыр» жыры ғана қалдырылды. Бұл жайында қазақтың аса көрнекті ақыны Қадыр Мырзалиев (Қадыр Мырза Әли) еліміз тәуелсіздік алған кезде жазған «Теріс тірлік» атты өлеңінде, сол кездің рухани картинасын барынша бейнелеп берді: Тауысып барлық амалды, Күрсініп ғалым дем алды. Мақалдың көбі сотталды, Эпостың көбі қамалды. Күресіп өлген хандармен, Хандарға жақын жандармен... Қалдық та бардық Бір ғана Қара қасқа атты Қамбармен! Сақалын сипап шалдарым, Колхозға берді малдарын. Қалжыңсыз және күлкісіз Қанша жыл жүрді Алдарым! Ақтарып көне көріңді, Аруақтан ұрпақ жерінді... Алыпқа тұсау салынды, Халыққа сөгіс берілді. Көз алдымызда, Апырм-ай, Тарихым болды тақырдай. Сүлмиіп қалды фольклор Сүзектен тұрған батырдай! Осылайша, қытымыр кеңестік саясат қазақтың ұлттық өнерінің бірі – жыраулық өнердің тамырына балта шапты. Сөйтіп, ел неше ғасырлардан бері өздерінің жадын үнемі жаңғыртып, бабалар рухымен табыстырып келген өнерден көз жазып қалды. Әрине, уақыт өте келе, сталиндік режим тарих сахнасынан кете бастағанда ха­лық ауыз әдебиеті қайта тіріліп, ел ара­сынан фольклорлық шығармалар көптеп жазылып ала бастады. Олардың кейбірі кітап болып басылып та жатты. Дегенмен ұзақ жылғы сірескен саясат өз күшінде еді, халқымыздың жыр-дастандары кітапқа түсер кезде халықтың діни сенімін көр­сететін, батырлардың басқыншы жаумен шайқасатын жерлері мұқият қадағаланып, барынша кеңестік идеологияға сәйкес­тен­дірілді. Соның кесірінен тек дастандарда қазақ батырлары тек қалмақтармен «соғыс­ты». Ал Алтын Орда дәуіріндегі батырлар мен орысқа қарсы шайқасқан батырларды дәріптейтін дастандарды таратуға баяғыша тыйым салынды (Мысалы, «Едіге», «Орақ- Мамай», «Қарасай-Қази», «Жанқожа», т.б.). Халық дастандарын саяси реви­зиялау мен оның халыққа қайта орал­ған (жарым-жартылай) кезең арасын­да аштық, репрессия сияқты кесапатты кезеңдер жатқандықтан қазақ фольклорын белгілі шекте насихаттауға рұқсат берілген шақта қазақ жыраулық өнері де құрып бітуге таяу еді. Бұл, әсіресе, Қазақстандағы қазақ өнер әлемінде анық көрінді. Ұлттық болмысқа деген зымиян идеологиялық шабуыл, еліміздегі орыстандыру саясаты осы­лай өз дегеніне жетті. Алайда бір аймақ­тағы қазақтың жоғалтқанын екінші бір өңірдегі қазақтар аман сақтап қала алды.

Өлмей жеткен өнер немесе Бесқаланың атақты жырауы туралы сөз

Діңіне балта шабылғанымен тамыры аман қалған ағаштың қайта көктей беретіні тәрізді қазақтың жыраулық өнері қан­шама қиянат көрсе де біржола жоғалып кетпеді. Ол күллі қазақтың атамекені – Қа­зақстанның бірен-саран жерлерінде ғана ел арасында өмір сүріп жатқанымен бая­ғыдай пәрменді, жалпы халыққа таныс бол­мады, есесіне атамекеннен тыс жерлер­де­гі қазақтар арасында жоғалмай, дами түс­ті. Кеңестер одағы құрылған кезде ұлттық автономиялық республикалар құрылған кездегі Орталық Азия республикасының кар­тасын қарасаңыз одан Қазақстан, Өз­бек­стан және Түрікменстан республи­ка­ларын ғана көрер едіңіз. Ол кезде бүгінгі тә­жік елі Өзбекстанның құрамында, қыр­ғыз елі мен бүгінде өзбек елінің құра­мын­дағы қарақалпақ елі Қазақстанның құра­мын­да болған. Ал 1930 жылы қарақалпақ елі Қазақстан құрамынан шығарылып РСФСР-ге, 1936 жылы Өзбекстанға берілді. 1924 жылы ұлттық республикалар құрыл­ған тұста Орталық Азияда қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен, тәжік елдері өз алдына отау тікті. Міне, осы деректерге көз салсақ, бү­гін­гі қарақалпақ жеріндегі қа­зақтар Кеңес одағы сызған шекаралардың се­бебінен өз жерінде отырып, атамекенінен еріксіз сыртта қалып қойды. Дегенмен Бес­қа­ла (қарақалпақ елін Кеңес одағы құрыл­мас­тан бұрын солай атаған) қазақтары өзі тұрған жердегі халықтың үштен бірін құрап, өз ана тілінде білім алуға мүмкіндігі болғандықтан ұлттық салт-санасы мен өнерін ұмытпады. Ол жақтағы қазақтар әдебиетпен, журналистикамен шұғылдан­ды, ән мен күй шығарды, ең бастысы – жыраулық өнердің туын жықпай ХХІ ға­сырға жеткізді. Бұны өз кезінде лайықты бағалаған халқымыздың ардақты ұлы, академик Рахманқұл Бердібаев мұндағы қазақтарды рухани әлемі жайлы «жыр­шы­лық өнерді ерекше қастерлейтін эпикалық аудан» деп аталы сөзін айтқан еді. Жыраулық өнер кең-байтақ қарақалпақ елі­нің бірнеше ауданында дамыды. Мойнақ, Қоңырат аудандарында Наурызбек жырау Ра­манқұлов, Алдаберген жырау Тас­қын­баев­тар қазақтың терме-толғауларын, жыр-дастандарын тойларда айтып елдің құлағына сіңірсе, Дәуқара өңірі – Тақ­та­көпір ауданында Қарасай жырау Әбді­мұрат­ұлы Сыр бойының ақын-жыраулары­ның, бесқалалық жыраулардың термелерін, толғауларын, «Едіге», «Орақ-Мамай», «Қара­сай-Қази» секілді ноғайлы дәуірінің батыр­ларының ерліктерін баяндайтын көлемді дастандарды таңды таңға ұрып жырлады. Өйткені ол бала кезінен әкесі Әбдімұрат жыраудың, Сыр бойы мен Бесқалаға бірдей танымал атақты Теңізбай жыраудың, Дәу­қара өңірінде өмір сүрген Өтім, Мыңбай, Қо­сым жыраулардың жыр-термелерін тың­дап өскен еді. Қарасай (шын аты – Қалқабай) Әбді­мұрат­ұлы 1937 жылы Тақтакөпір ауда­нын­дағы Бөршітау өңірінде дүниеге келген. Әкесі Әбдімұрат Қоңырбайұлы (1897-1943) – Дәуқарада (Тақтакөпір ауданы ай­мағы) өмір сүрген ел арасында танымал жырау. Қарасайдың балалық дәуірі Бөр­шітау етегіндегі Қаратерең көлінің жа­ғасында және Шерімбет ауылында өткен. Әкесі Әбдімұрат Қоңырбайұлы (1897-1943) мен Теңізбай Есенбайұлы (1905-1968) жырауларды ұстаз тұтып, солардың орын­дауындағы терме-толғауларды, дас­тандарды жас кезінен тыңдап өскен Қара­сай домбыраға, терме айтуға үйір болады. Өнер зерттеуші, жыршы Күнқожа Қай­рул­ланың жыраудың өзінен жазып алған ғұмырбаянында ол былай дейді: «Менің Аймұрат, Жұмамұрат деген екі ағам жырау болды. Мен домбыра үйренейін десем, қо­лымнан жұлып алады. «Көтере жырау бо­лып кеттік, бір-екеуіміз оқиық» деп. «Сен оқы» деді маған. Ағам Тоймұрат Әбдімұратов 7-класты жақ­сы оқып бітірген еді. Соның «Шаһа­дат­намасымен» Шымбайға келіп, Тұрдымұрат Аби­буллаев басқаратын педагогика учи­лищесіне оқуға кірдім де кеттім. Мектепті ағам жақсы бітірген, училищеде менен емти­хан алған жоқ. Педагогика училищесін «Тоймұрат Әбдімұратов» болып мен де жақсы бітір­­дім. Бірақ оқу аяқталып, диплом берер кезде училище директорына кіріп, менің атым­ның Қалқабай екенін, Тоймұрат ағам­ның «Шаһадатнамасымен» оқуға түсіп оқы­ғанымды айтып, «енді дипломға менің өз аты-жөнімді жазып беріңіз» дедім. Ди­рек­тор: «Ойпырмай, жүрек жұтқанның біреуі сен екенсің. Осы жасқа дейін сендей адам­ды көрген жоқ едім» деді. Сөйтіп, дип­лом­ды өзімнің атыма жазып алдым. Шымбай педагогика училищесіне 1953-1954 оқу жылында түсіп, төрт жылда бітір­дім, диплом алдым. Қараөзектің Орджо­ни­кид­зе атындағы орта мектебінде кәріс балаларын оқыттым. Үш жыл мұғалім бол­дым». Жалпы, өнер киелі нәрсе ғой, бүгінгі біреу­ге ән жаздырып алып ертеңіне оны ай­тып шығып, әнші атанып жүрген жас­тармен баяғының өнерпаздарының тағ­ды­рын салыстыруға әсте келмейді. Бұрында өнерге адам үлкен рухани дайындықпен, оның қасиетін жүрекке сіңіріп болған соң ғана келетін. Ұстаздық деңгейі мықты тұл­ғалардың өнегесін алып, тәлімін бойға сіңір­ген соң ғана өнер жолын ұстанатын. Сон­дықтан жырау атанған өнер иелерінің өмі­ріндегі құбылыстар, оның тағдырын өнер­мен байланыстыратын жайлардың кей­бірі қалыптан тыс көрінгендей болса да не­гізінде шындық бар деп қабылдаймыз. Ке­зінде қарақалпақ еліне және одан тыс жерлерге даңқы шыққан Қарасай жырауды өнерге әкелген қандай құдірет? Ол жайында өзі былай дейді: «Бір күні әкем түсіме еніп: «Балам, менің кәсібімді ал», – деді. Сонан соң мен тойларға бара бердім. Домбыраны жөн­деп тарта да білмеймін, бірақ бірдеңе айтып қолымды жыбырлатып отырсам, дом­бырам құрғыр келіп отыр, содан мен жыр­лай беретін болдым. Әуен мен сөздің ма­ған қалай келе беретінін білмеймін. Шаһа­манға барсам, бір той болып жатқан екен, мен де қолыма домбыра ұстап барып ем, адамдар күліп: «Ау, мына жақтан бақсы келді, бақсы келді», – деді. Өтен Төрешев ән жатқан екен. Кейіннен көпшілік «мы­нау пақырлар да кәсіп деп жүрген екен. Бес минут-бес минуттан кезек берейік» деп, азғантай уақыт берді. Сол бес минуттың ішін­де көзімді жұмып отырып, домбыра тар­тып, терме айттым. Адамдардың бәрі сіл­тідей тынып, құрды бұзып, маған жа­қын­дапты. Содан айта бердім, айта бердім. Үлкен абыройлы адамдар: – Әй, шырағым, сен шөпке бастырылып қай жерде жүрсің, біз танымаған жыраусың ғой, атың кім? Мен Қостаубай деген ағаң бо­лам, Шымбайда тұрамын, – деді. Біреу кел­ді: «Мен Шектібай деген ағаңмын, Шө­ме­кей болам. Біздің үйге бар» деп. Әне, со­нан менің аяқ алысым кеңейе бастады. Жырау келді дегесін бәрі сенің бетіңе қа­райды, домбыраны тартып айтуың керек. Сол күндері білмеймін не айтып, не қой­ға­ным­ды. Әйтеуір менің даңқым шықты. Шымбайдағы Қостаубай, Қосжан, Рау, Қияс, Шектібайлар мені ала­қанына салып көтерді. Бұлардың үйі өз үйім­дей болып кетті. Мені үлкен тойларға апа­рып, жыраулармен жарысқа салып жі­бере­тін. Ол заманда жыраулардың іздегені – той. Бір тойға барсаң, бес-алты жырау оты­­­рады. Ол аз ба, кейде оннан да көбейіп ке­теді. Халық соның бәріне айттыра бер­мейді. Бір қызық оқиғаны айтайын, тойда Бес­қаладан ғана емес, Қазалыдан, Қармақ­шы­дан да көп жырау келді. Жиырма тоғыз­дай жырау болды. Халық барлығын бес минуттан айтқызып, таңдаулысын ертеңгі құрға дайындады. Қайсысы жырлайтынын саралайық деп, отырған жыраулардың әрқайсысының ал­дына микрофон қойып, айтқыза бастады. Мені Қияс аға ертіп апарып еді, Қиясқа қара­сам, төмен қарап отырыпты. Біртүрлі, қа­паланып отырғандай көрінді. Себебі бұл да бәйгіге ат қосқандай ғой ақыры. Ішімнен «бұ­ларды қалай алып өтем, қандай жол­менен басым түсемін» деген ой келе бас­та­ды. Термені екі минуттан артық айтпайын, екі минут сайын өзге мақаммен айтып, қайы­рымын да тез қайырайын дегендей ой бол­ды. Маған берілген бес минуты он ми­нутқа созылып кетті. Бес түрлі мақаммен ай­тып, қайырғаннан кейін адамдардың бә­рі қол шапалақтап, «өй, басқа жыршы­ларды азанда көрерміз, мына жырау айт­сын да» деді халық. Әне, содан бізге және уақыт бе­ріл­ді. Ертеңіне құрда да жырладым» (жо­ғарыда келтірілген жазбадан. – А.Ө.). Иә, Қарасай жырау өткен ғасырдың жет­пісінші, сексенінші, тоқсанын­шы жылдарында ел арасында тынбай жыр­ла­ды. Беделді адамдар тойда оны арнайы ш­ақырып, құрда жырлататын (қарақалпақ еліндегі қазақтар адамдар жиналып, жырау жы­рлататын жерді «құр» дейді). Жеке өзім тоқ­саныншы жылдардың бас кезінде ауыл­да (Тақтакөпір ауданындағы «Қоңыраткөл» ауы­лында) бір туысымыз баласын үйлен­ді­ріп той бергенде Қарасайды әкеліп жыр­лат­қанын көрдім. Киіз үйдің ішінде отыр­ғы­зып, сорпа-суын беріп, ыстық көк шайын ал­дына қойып, жағдайын жасап жыр­лат­ты жырауды. Терме-толғаулар өз алдына, қаншама дастандарды ұзағынан қайырып, үш күн жырлады ол. Ара-тұра шайынан ұрт­тап қойып, тамағын жібітіп алған Қара­сай кең көсіледі. Арасында тысқа шығып кел­генде не тамақ жеген кезінде болмаса, бас­қа кездің бәрінде тек жырлаумен болды. Өз басым атын жас кезімнен естіп, ара-тұра әкеміз үйге алып келіп терме айтқызғанын естігенімізбен бала кезімде онша мән бер­меген екенмін. Ал ана жерде алғаш рет ол жырлаған ноғайлы дәуірінің дастандарын зер салып тыңдадым. Бір жағы халықты жа­лықтырып алмауды ойлап, екінші жа­ғынан жырдың әр тұстарына өзіндік бояу беру арқылы тыңдаушысына сіңіруді кө­з­деген жырау бір дастанды бірнеше ма­қам­мен жырлайды екен. Оның «жол» дейтінін кейінірек өнерге мән бере бастағанда біл­дік қой. «Жол» деп әр жыраудың өзінің жыр­лау стилін – мақамын айтады екен. Ай­тары жоқ, өзіме керемет әсер етті. Кейін әкем­нен (Жұмағали Өмірзақұлы) Қара­сайдың дастан орындау ерекшелігі туралы сұрағанымда «Мұның әкесі Әбдімұрат деген атақты жырау болды. Сосын Теңізбай де­ген сұрапыл жырау бар еді, Қарасай со­лардың мақамымен жырлайды. Баяғыда осын­дағы ел Теңізбай жырау мен Әбдімұрат жырауды апталап жырлататын. Олар қа­зіргі жыраулардай емес, тек жыр жырлап, дас­тан айтумен шектелмей, табанда өлең шы­ғарып кете беретін. Ол кезде әркім ақы­сына қой беріп, ата-бабасы туралы да жыр­лататын. Сонда жыраулар өтініш айт­қан­дардың ата-тегін білгендіктен олардың аза­маттығын, адамгершілігін мақтап өлең шы­ғаратын. Әттең солардың бәрі құлақта қалмай не қағазға түспей желге ұшты ғой» деген-ді. Әкемнің осыған жалғас тағы бір айт­қаны есте қалыпты: әлгі жыраулар жаз­да ел аралап жырлап, қой, құнан атаған­дар­дың ата-бабасына өлең шығарып елді ду­манға бөлеп кеткеннен кейін (олар бір жер­де тұрмай ел аралап жырлай беретін бол­ған ғой), күздің күні ауылға жырау­лар­дың қосшылары келіп «пәлен айда осы ауыл­ға келіп Теңізбай жырау жырлағанда ата­ғандарың болса алып кетейін деп кел­дім» дейді екен. Сонда ата-бабасын жыр­лат­қан әлгі кісінің алдына жырауға атаған ма­лын салып жібереді екен. О кездің адам­дары уәдеге берік болған ғой. Міне, осындай жыраулардың өнерін бойға сіңірген Қарасай жырау да ұстаздарының мақам-саздарын өрбітіп, өріс­тете жырлап, ел арасында үлкен құр­мет­ке ие болды. Тек бұрынғылардан есті­ген­дерін жырлаумен тынбай өз жанынан терме-толғаулар шығарды, ән де, күй де шығарды. Шәкірттер тәрбиеледі. Оның ре­пертуарында үлкен дастандардан бөлек Қарасақал Ерімбет, Нұртуған Кенжеғұлұлы, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет Ізті­леуұлы­ның толғаулары, өзінің терме-тол­ғаулары бар. Бұл күнде 86 жастан асқан Қа­расай жырау Әбдімұратұлы Қарақал­пақ­станның Шымбай қаласында аман-есен өмір сүріп жатыр. Оның жолдарымен жыр­лайтын Қази Қожамұратов, Бекенқұл Арзиев, т.б. шәкірттері атажұртта ұстазы­ның жыр айту дәстүрін жалғастырып жүр.

Қарасай жырауды ұлықтау

Жоғарыда айтып өттік: Қарасай жырау отыз жылдай уақыт ел аралап терме айтып, жыр жырлап жыраулық өнерді тынбай на­­­сихаттады. ХХ ғасырда қазақтың осы бір бекзат өнерінің туының жығылмай бұл күн­ге аман жетуіне мол үлес қосқан және қа­зақтың жыраулық өнерінде ерекше орны бар Бесқала жыраулық мектебінің көрнекті өкілдері Наурызбек Раманқұлов, Алда­берген Тасқынбайұлымен, т.б. жыраулармен бір­ге үлкен еңбек сіңірген Қарасай жырау­дың жырлаған дастандары мен термелері кезінде аудио және бейнежазбаларға ж­а­зылып алынған. Бүгінде оны интернет ар­қылы да тыңдауға болады, сондай-ақ шә­кірттерінің өнерін де YouTube желісінен тамашалауға болады. Дегенмен жақынға дейін Қарасай жырау туралы деректер хат­қа түсе қоймаған еді. Осы олқылықтың ор­­нын толтырып жүрген жыршы Құрма­н­ғазы атындағы Қазақ ұлттық консерва­тория­сының аға оқытушысы Күнқожа Қайрулла кейінгі оншақты жылда Бесқала өнер мәдениетін, оның ішінде жыраулық мектептерін зерттеп, көптеген мақала жаз­ды, кітаптар шығарды. Осыдан екі жылдай бұрын баспадан «Наурызбек жырау шығармалары» атты құнды кітап шығарған ол, жақында «Қа­расай жырау шығармалары» атты кітап шы­ғарды. Кітапта Қарасай жыраудың терме-толғаулары, әні, күйі топтас­ты­рыл­ған. Сондай-ақ Қарасайдың Дәуқара өңі­рі­нен шыққан жыраулар туралы әңгімелері, Қара­сай жырау жайында жазылған белгілі өнерпаздардың, шәкірттерінің мақалалары, естелік-эсселері, өлеңдері енгізілген. Аталмыш кітаптың тұсаукесер рәсімі өткен аптада Қарасай жырау туған Дәуқара өңірі – Тақтакөпір ауданындағы «Мүлік» ауы­лындағы орта мектепте өткізіліп, дәс­түрлі ән жырлардан концерт берілді. Кон­церт­ке жергілікті өнерпаздармен қатар, Алматы және Ақтөбе қалаларынан, Қара­қал­пақстанның бірнеше ауданынан ар­найы келген қонақтар да өнер көрсетті. Атап айтқанда, Қази Қожамұратов, Ринат Бек­жүрсінұлы, Күнқожа Қайрулла, Жеңіс­бек Алпысов, Айдар Мөкешов сынды жыр­шы­лар мен Жолмақан Алпысов, Фердауси Еркебұланұлы сияқты домбырашылар қа­тысып өнер көрсетті. Кешті жергілікті ай­тыскер ақын Еркебұлан Қолғанатов жүр­гізді. Кештің басты кейіпкері – Қарасай жырау Әбдімұратұлы жыраулық өнер жайын­да әңгіме айтып, өзіне құрмет көр­сеткен қауымға алғыс білдірді. Бұл бүгінгі саналы ұрпақтың Қарасайға ғана емес, қа­зақтың жыраулық өнеріне деген үлкен құрметі еді. Құдайға шүкір, бүгінде қазақ халқы бір кез­де жоғалтқанымен қайта қауышып, ұмы­­тылып бара жатқан кейбір құнды­лық­тарын қайта қалпына келтіріп жатыр. Со­ның бірі – жыраулық өнер. Қазір ел ара­сы­на бесқалалық Наурызбек Раманқұлов се­кілді атақты жыраулардың өнері жақсы та­ныс. Тыңдаушылары да жылдан-жылға кө­бейіп келеді. Енді міне солардың қата­ры­на Қарасай жырау да қосылды деуге бола­ды. Алдағы уақытта қазақтың ежелгі жыр жырлау, дастан айту дәстүрі жаңаша дең­гейде дамып жатса, сондай кезде Қара­сай Әбдімұратұлының өнері де кең таны­мал болады деп сенеміз.

Ахмет ӨМІРЗАҚ