848
Ақ сөзін айтқан Ахмади
Ақ сөзін айтқан Ахмади

Жанат Ахмади деген жазушыны өткен ғасырдың сексенінші жылдары «Жалын» журналына шыққан «Зар-Зарауха» атты хикаясынан білдім. Ерекше тағдырлы адам туралы хикаяттан ең алдымен байқағаным – ол кісінің төгіліп тұрған тілі болды. Байырғы қазақ сөздері, бұрынғы әңгімешіл шалдарға тән оралымды тіл оқығанды тартып әкетеді екен. Тілі емес, ойлау жүйесі де таза қазақша! Ахмади деген тегі сол кездегі кеңестік «салтқа» қиыстау көрінетін жазушы солай есімде қалған. Қызығы сол, әлгі мен байқаған Жанат Ахмади ағамыздың шығармашылық болмысы туралы кейінде талай белгілі қаламгерлер де айтқан екен. Кейбірін оқып көрейік:
«Жанат Ахмадидің афоризмдік бейнелі сөзді сонша көп білетіні сол, ол кейде арнасынан асып та кетіп жатады. Бірақ оқырман қанығып та, құнығып та оқиды. Жанат Ахмади қолтаңбасының басты ерекшелігі – бұл жазушы шығармаларында қазыналы қазақ тілінің ағыл да тегіл тасқындап жатуы дер едік және қазақтың көне тұрмысына қатысты салт-дәстүр, жол-жоралғы, әдет-ғұрып, ойын-сауық, шешендік өнер, билер айтысы тәрізді сан қилы этнографиялық жәдігерліктердің толассыз тоғытылып жатуы дер едік». (Смағұл Елубай) «Жанат Ахмади М.Әуезовтың жазу мәнерін, сөз саптауын, сөйлем құрылысын, тұтас синтаксисін қабылдаған және бұл жалаң еліктеу емес, Әуезов рухын бойына сіңіре отырып, өз шамасына лайық мәнер, өлшем тапқан. Тіл көркемдігі – жазушылық өнердің ең басты белгісі екенін, Жанат Ахмади романы бұл тұрғыдан алғанда әдебиетіміздің алтын қазынасына кәусар бұлақ болып қосылары анық». (Қабдеш Жұмаділов) «Ж.Ахмади туындыларының ғибратты оқиғалық мазмұнымен оқушыға ұсынарлық тағылымымен ғана емес, қазақ тілінің ертеде кең тараған байлығын тосын қазынадай қайта әкелуімен құнды». (Рахманқұл Бердібай) «Жанат Ахмадидің туындыларынан Әуезов бастаған шоғырдың сарыны естіледі. Қазақтың дүниетанымы оның өз сөзінде, мақал-мәтелдерінде десек, Жәкең содан бір елі ажырамай келе жатқан қаламгер. Бұл кісінің түсіндіргісі келетін нәрсесі қазақтың философиясының қандай екенінде емес, философиядағы қазақтың дүниетанымының қаншалықты деңгейде екені. Қаламгер Ж.Ахмади дәстүрлі прозаның өкілі және дәстүрлі прозадағы модернист». (Дәурен Қуат)Бұлардың бәрі Жанат Ахмади шығармашылығының бір қыры жайында айтылған көп пікірлердің бір парасы ғана. Соның өзінен-ақ нағыз қазақболмысты прозаиктің қалам қуатын аңдауға болады. Өзіңе сөзі әсер еткен жазушы туралы қалт еткен жаңалықты қағыс жібермей оқып жүресің ғой, кейін баспасөзде жарияланған мақала-сұхбаттарынан ол кісінің 1962 жылы Қытайдан жылы атажұртына оралғанын білдім. Елге келгенмен құрығы ұзын үш әріп (КГБ) оны орналасқан жерінен байыз таптырмай Сыр бойына – Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы «Келінтөбе» совхозына жер аударыпты. Бірақ өкімет теріс қараса да тағдыры теріс айналмаған қабілетті қаламгер ол жерде де абыройдан құр алақан қалмаған. Аудандағы мемлекеттік архивте сақталған араб графикасымен Бұқар стилінде жазылған шағатай тіліндегі құжаттарды кирил жазуына түсіріп, белгілі ғалымдарға көп жәрдемін тигізеді. Сөйтіп жүріп «Зар-Зарауха» атты хикаятын жазып бітіреді, бірақ ол шығарма кейін КГБ қызметкерлері тәркілеуіне ұшырап, көп жылдардан кейін қайта жазылған нұсқасы жарық көреді. Шығармаларын жарыққа шығару үшін Қазақстан Жазушылар одағына әлденеше рет келеді, тіпті қырғыз еліне барып Шыңғыс Айтматовпен кездесіп көмек сұрайды. Жалпы, Жанат Ахмадидің елге келгеннен кейінгі қым-қиғаш өмірінің өзі бірнеше кітапқа жүк боларлық оқиға. Артына қомақты мұра қалдырған жазушының арғы беттегі елдің басынан өткен оқиғалар жайында жазылған «Дүрбелең», «Шырғалдаң» атты романдары − қазақ әдебиетіне қосылған құнды шығармалардың қатарында. Ол туралы жазылғандарды толық оқып шыға қоймасам да, Жанат Ахмади көзінің тірісінде-ақ қаламдастарынан дұрыс бағасын алған жазушы деп есептеймін, оның туындылармен таныс қаламгерлердің ол туралы пікірі жақсы болатын. Бір күні қазақтың көрнекті жазушысы Молдахмет Қаназбен әдебиет жайында әңгімелесіп отырғанымызда ол «Жанат Ахмадидің жазғандары маған ұнайды» деп қалды. Әлем әдебиетінің үздік үлгілерін таңдап, талғап оқыған, өзі де қазақ прозасының зергерлерінің бірі Молдахмет аға сияқты мақтауға сараң адамның өзі осылай деп отырса, демек ол жұрт біле бермейтін көп жазушының бірі емес болғаны ғой. 2018 жылы мен қызмет істейтін Túrkistan халықаралық газетінің редакциясы Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратында жарты жылдай тұрды. Сол кезде одаққа келіп-кетіп жүрген қаламгерлерді жиі көретінбіз. Олардың арасында Жанат аға да одаққа жиі соғатын. Үстіне киген қызғылт-сары костюмінің оң жақ жағасына қазақша ою бастырылған, сол жақ кеуде тұсында «Құрмет» орденін тағып алған ағамыз Жазушылар одағының бірінші қабатындағы диванға құйрық басып, біреулерді күтіп отырғанын көретінбіз. Сырттай аты-затына қанық болғандықтан барып сәлем беретін едім. «Осы кісіден сұхбат алуым керек» деп жүрсем де, өз бетіммен барып адамға жұғыса кететін әдеттен ада мен ол кісіні әңгімеге тартып сөйлесе қоймаппын. Бәлкім, бұйырыс болмаған шығар... Көз алдымызда жүрген адамды мәңгі жасай беретіндей көреміз ғой. Сол кезде «Абыржы» трилогиясы кітап болып шығып, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқан белгілі жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы ағамыз бірде одаққа келгенде әдеттегідей Жанат аға өзінің үйреншікті орынында отырған. Оны көрген Сайлаубай аға бірден барып Жанат Ахмадимен амандасып, аса ықыласты түрде қызу әңгімелесіп кетті. Сөздерінен байқағаным – екеуі бір-бірін сырттай ғана білетін тәрізді. Сонда да бұрыннан таныс секілді сөздері жарасып кеткенін көрдім. Қайыр-хош айтып жатып, Сайлекең Жәкеңе «Абыржы» трилогиясын сыйлады. Оған Жанат ағамыздың қуанып қалғаны көрініп тұрды. «Міндетті түрде оқып шығып, пікірімді жазамын» деді. Иә, нағыз азамат − сөзінде тұруымен азамат! Жанат Ахмадидің Сайлаубай Жұбатырұлына сондағы берген уәдесін бұлжытпай орындағанын кейін көрдім. 2020 жылы әлемдік пандемия қазақтың көптеген қаламгерімен бірге Жанат Ахмадиді де рахымсыз тырнағына іліп, қазақ көркемсөзінде орны бар жазушыны ортамыздан мезгілсіз алып кетті. Бірақ сол жылғы өтуі тиіс қазақ әдебиетінің жылдық қорытындысында проза бойынша баяндама жасаймын деп дайындалып, бір жыл ішінде жарық көрген қазақ жазушыларының шығармаларын қалдырмай оқып, бәрі туралы ақ сөзін қағаз бетіне түсірген екен Жанат аға. Оны мен кейін оқыдым. «Қазақ прозасында қарқын бар» деген бұл баяндамада жазушының биік эстетикалық талғамы көзге анық шалынады. Өзі Әдебиетшілер үйінде оқу бұйырмаған сол баяндамада ол Сайлаубай Жұбатырұлының «Абыржы» трилогиясы туралы былай деп кең көсіліпті (үзінді келтірейін): «Осыдан біраз жыл бұрын жазушы Сайлаубай Жұбатырұлының «Абыржы» аталатын қос томдық романы жарық көрген. Ондағы әдеби жыл қорытындыдағы проза жайлы баяндама менің үлесімде болғандықтан, «Абыржы» аяқталмаған романдар болса да, шығарма сапасына орай баяндамаға енгізген едім. Әлі есімде Арал проблемасын арқалаған «Абыржының» айтары; газ-мұнайдан бастап қазба байлықтардың барлығын (ең аяғы жер астының суына дейін) тартып алып жатқанымыз – түбінде мына жұмыр жер өз орнында тұрмайтыны; асты бос қалған алып үңгірлер жерді опыратынын, Аралдың да құрып бара жатқаны, оны толтырып тұрған жер асты тіреулері босап қалғаны деген қорытынды білдірген едім. Ал бұдан бірер жыл ілгері шыққан 3 том биылғы әдеби жыл қорытындысына сәйкес келмесе де, сіздерден кешірім өтіне отырып, екі ауыз ғана сөзбен іле кетуді артық болмас дедім. (Автормен ешқандай араласымым жоқ; бүгінгі және кейінгі ұрпаққа керек кітапқа тұтқындалғанымды айта кетейін). Романның бас кейіпкері Медет Мөңкеұлының қасында жас оқымысты әріптесі Есен екеуі кеңесетін бір ғана 63-беттегі әңгімені оқысаңыз, соның өзі-ақ жеткілікті болар еді. Сайлаубай Жұбатырұлының «Абыржы» роман-трилогиясы − үлкен еңбек. Әдебиетімізде бітім-болмысы бөлек туынды. Кешегіміз, бүгініміз, болашағымыз жайында терең толқынды толғам. Ойлар батыл, сөз тура. Осы кітап көңіл шетінде жатыр. Обалдау. Ретті жерде айту ләзім. Бізде психологиялық дүниелер аз емес. Ал мына, заманалар абыржысындағы биік рухты, ерек көзқарасты, стандарттар мен науқандар ноқтасына басы сыймаған адам жаны тым күрделі, қатпарлы. Әсіре прагматизм уақыты адал жандарды тәркі еткен, жоғалтқан, сонан жадағай науқандарда рух жадау тартты. Медет тағдыры – соның батыл баяны. Роман сөзі жинақы. Стилі теңіз толқынындай шымыр да, әлеуетті. Қысқа тұжырымдар қордалы ой, көп беттерге кетер жайттарды серіппедей сығымдаған. Кейде аңдап оқып, қайта айналып соғып отыруды қажет етеді. Өмірдің өзі секілді, бір адам көзінде, дара тұлға сезімінде уақыт пен жан коллизиясын үш кітап бойы шырғасын шығармай алып өту − көп бейнет, шын шебер ісі. Оқырманды кітап оқуға тәрбиелейтін кітап... Осынау дегдар интеллектуалды, заманауи мәдениет дүниесімен жазушы өзінің 70-80 жылдары әдебиетімізге әкелген жаңашылдық, бастамашылдық дәстүріне адал екенін тағы бір дәлелдеген. Роман соңғы ширек ғасыр көлеміндегі тың тыныс, жарқын құбылыс. Қазақ қаламгері бүгінгі әлем алдында осылай сындарлы, биік сөйлей алғаны қуантады». Шынын айту керек, қаламгерлердің көбі бір-бірінің шығармасы туралы пікір айтқанда көп ашыла бермейді. Ал біз жоғарыда келтіріп отырған Жанат Ахмадидің баяндамасындағы Сайлаубай Жұбатырұлының бітімі бөлек трилогиясы жайындағы пікірі оның шын әдебиет жанашыры, үлкен адамгершілік қасиеттің иесі екенін анық байқатқандай. Және қазақболмысты қаламгер дегенімізбен өзгеше қалыпты туындының жаңалығын тап басып танып, лайықты бағасын бергені − Жәкеңнің талғамы биік жазушы екенін көрсетіп-ақ тұр. Жанат Ахмади көркем шығармаларымен қоса белгілі қазақ қаламгерлері туралы бірталай мақала-эсселер қалдырды. Оның бәрінде де тұлғалардың қадір-қасиетін мадақтап, талантын әспеттеп, ақ сөзін айтып кетті. Мұндай көркем сөз шебері ұлтының ұлы, халқының ақжарма перзенті ретінде туған елінің әдебиетімен бірге жасай береді.
Ахмет ӨМІРЗАҚ