Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ
Қайыршылық − біреуге кәсіп, біреуге шарасыздық...

Қайыршылық − біреуге кәсіп, біреуге шарасыздық...
Жер бетіндегі адамдар түгілі мемлекеттердің жағдайы бірдей емес. Бір елде адам құқықтарына еркіндік беріліп, әлеуметтік проблемалар барынша оң шешілсе, тағы бір елде сөз бостандығы шектелген, халықтың жағдайы төмен. Енді бір елде пікір еркіндігіне шектеу қойылмаса да, жұрты – шалақұрсақ...
Адамдардың да түрі көп: біреулердің қолдаушылары мықты болғанының арқасында майлы жіліктің басын ұстап не ішем, жеймін деген уайымнан ада болса, тағы біреулер еті тірілігінің арқасында азды-көпті табыс тауып, бала-шағасын асырайды. Ал енді біреулер (жұмысқа жарамсыз мүгедектер, ері жоқ көп-
балалы әйелдер, әлеуметтік жағдайы төмен және ауыр науқасқа ұшырағандар) жұрттың қамқорлығына мұқтаж. Оларға қазірде халық жылу жинап көмектесіп жатады. Ал бұлардың ешқайсысына қосылмайтын, қайыр сұрап күн көретіндер де
бар...
Жалпы, қайыр сұрау – амалсыздық. Қартайып асыраушысыз қалғандар, кезбелер (бомждар), т.б. адамдар қайыр сұрауды әдетке айналдырады. Бірақ кеңестік кезден бері қайыр сұрап күнелтетіндер де бар, олар қайыршылықты арнайы кәсіп қылғандар.
Бұрында сығандар, тәжіктердің лолы тайпасының адамдары қайыр сұрап жүретін (қазір де бар). Ал соңғы дәуірде бұрын қайыршылықтан арланатын елдердің арасында да бүгінде қайыршылар көп. Бізде орысы, қазағы, өзгесі бар, ондайлар күнде көзімізге түседі. Базарға баратын жолдардың бойында, мешіттердің жанында алақан жайып отыратындар көп.
Біздің халықтың әлі жүрегі жұмсақ қой, алақан жайып отыратындардың алдына тиын тастап кетіп жатады. Бұл көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу керек деген халықтық тәрбиеміздің көрінісі. Әрине, қолдан келсе адамгершілік танытып, шарасыз, панасыз жандарға көмектескенге не жетсін. Құдай біреуге артық дәулет бітіргенде оған басқаларға да көмектессін дейтін шығар.
Жалпы, қайыршылық туралы көп жазылады. Арасында қайыршылардың өмірін зерттеп жазып жүргендер де бар. Ондай тыңғылықты жасалған зерттеулерден талай шындықты білуге болады. Олардың кейіпкерлерінің көбі мұндайға амалсыздықтан барғанын айтса, кейбіреуі кәсіпке айналдырып алғанын да айтады екен. Кәсіп қылып жүргендердің көбісі – сырттан келгендер өзге жұрттың қайыршылары мен қаңғыбастар...
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел көп оқитын сары басылымдарда да қайыршылық туралы көп жазылатын. Соның бірі есімде қалыпты: бір журналист қайыршылардың өмірін зерттемек болып, қайыр сұрап отырған парсытектес бір әйелмен сөйлеседі. Оған ақша беріп тұратын жерін көрсетуге келіседі. Сонда журналист күні бойы көше бойында отырып қайыр сұрайтын әлгі әйелдің үйіне барғанда таңғалыпты: тау жақта тұрады екен, үлкен үйі бала-шағасы бар әйел екен. Сөйтсе, қайыршы әйел қол жаюды кәсіпке айналдырып, сонымен жағдайын түзеп алыпты. Рас-өтірігін кім білсін, өмірде осындай жағдайлар кездесетін көрінеді.
Қазір заман өзгерісіне сай қайыршылық та мәдениетті түрге көшкен дейді жұрт. Қала автобустарына мінсең қолына садақа жәшігін алып, өздерін еріктілерміз деп таныстыратын жап-жас қыз-жігіттер ауыр науқасқа шалдыққан балалардың еміне көмектесіңіздер деп халыққа өтініш жасап жүреді. Сол сияқты әлеуметтік желілерде көмек сұрайтындар да көп. «Пәлен деген балам туғаннан мынадай ауруға ұшырады, оған Израильде ота жасау қажет екен, соған пәлен миллион теңге қажет болып жатыр» деп жазып, жұрттың көмегіне мұқтаж екенін айтып отырады. Басында ондайға жұрт жаппай қол созып, қолынан келгенше жәрдемдесіп жататын. Кейінгі кезде оларға сенім азайып бара жатқандай. Себебі бұл шаруаға да қазір алаяқтық араласып кеткен. Осыдан екі-үш жыл бұрын ағза ауыстыруға байланысты бір келіншектің жұрттан жылу жинап, кейін алаяқтық жасағаны туралы жазылды. Күйеуіне трансплантация жасау үшін жұрттан көмек сұраған әлгі әйел елдің бергенін бас пайдасына жаратып кетіпті. Себебі шынымен бауыр ауыстыру қажет адамға оның інісі көмектескен (бауырын беріп) екен, ал түскен ақшаның отадан артылған көп бөлігіне өзіне машина алған көрінеді. Бұл жағдай елдің арасында наразылық тудырды. Осыдан келіп, қазір мұндай шараларға жұрт сене бермейді, жылу жинаудың басында аты-заты белгілі адам болмаса.
Жұрттан жылу жинап біреулерге үй алып бергендердің арасында өзінің бұрын арзанға алған үйлерін өзгелерге қымбатқа сатып жүретіндер жөнінде де жазылып жатыр. Тіпті, ауру емес адамды «ауру қылып» ақша жыйнағандар да табылады екен. Сондай-ақ ана бір жылы қайыршыларды таңертең жан-жаққа шашып кетіп (базар маңына, жолдардың бойына, т.б.) кешкісін жинап алып кететін біреулер жайында да баспасөзде жазылғаны бар. Яғни, қайыршыларға түскен ақшаны өздері иеленіп, оларға өлместің тамағын беріп, үлкен үйлердің жертөлесінде ұстайтындар да бар екен. Мұндайдың бәрі, әрине, жұрттың қайыршыларға деген сеніміне селкеу түсіреді. Сөйтіп, алаяқтықтың кесірінен шынымен көмекке мұқтаж қайыршыларға зиянын тигізеді...
Енді діни сенімге байланысты айтсақ, біздің елде негізінен ислам дінін ұстанушы мұсылмандар тұрады. Ислам дінінің қағидаты бойынша, мұқтаж жандарға қол ұшын созу, садақа беру – сауапты іс. Ислам дінінде садақа берудің он пайдасы бар делінеді. Садақаның осы дүниедегі 5 пайдасы: мал-дүниені тазартады, күнәларды өшіреді, ауру мен апаттан сақтайды, мұқтаж жандарды қуантады, ризықты арттырып, табысқа берекесін береді. Ал садақаның ақыреттегі 5 пайдасы: қияметтің үрейінен сақтап, көлеңке болады, тозақтан құтқарады, таразыда сауабы басым болады, сырат көпірінен өтуі оңай болмақ, дүниесінің есебін беруде жеңіл болмақ деп түсіндіріледі дінде. Демек, мұсылман адам үшін садақа беру – адамгершілік. Қасиетті Құрани Кәрімде бұл туралы былай делінген: ««Садақа берсеңдер – Құдайға құлшылық етіп, ешқайда шықпайтын, алыстап ешқайда бара алмайтын жоқ-жітікке беріңдер. (Ешкімнен) еш нәрсе тілемегеніне қарап, білмегендер оларды бай деп есептейді, ешкімге жабыспайтынын олардың жүзінен-ақ танисың. Мал-мүліктен нені садақа етсеңдер де оны Алла айқын біледі», (2.Бақара-273). Мұсылман адам берген садақасын міндетсінбеуі тиіс. Сондықтан біз қайыршыларға көмектессек, ол – адамгершілік міндетіміз, ал қайыр сұрап отырған адам нендей мақсатпен отыр, біреуге қандай мақсатпен ақша жыйнап жатыр, ол өзінің ар-намысына тиесілі шаруа.
Қай нәрсе де де жалғандық пен шындық жағаласып жүреді ғой, енді мәселенің осы жағына назар аударып көрейік. Жоғарыда айтып өткеніміздей шынымен көмекке мұқтаж адамдар болады, сондай-ақ жалған қайыршылар да бар. Шетелдердік баспасөздерде жалған қайыршылар туралы көптеген материалдар шыққан, соған бір шолу жасап көрейік:
Қайыр сұрап жүрген Самхаджи Калия Үндістандағы ең бай адамдардың бірі болып шыққан. Оның табысы күніне жүздеген долларды құрайды екен. Журналистер алақан жайып жүрген үндістандықтың үй сатып алғанын, тіпті қор биржасына ақша салғанын анықтаған.
58 жастағы жұмыссыз Мехмет Жахиттің де сыры кездейсоқ ашылған. Полицейлер рейд кезінде қаңғыбас деп ұсталған оның қалтасынан 8 мың доллар тауып алғанына таңғалды. Бір қызығы, муниципалитет оның «бизнесіне» ештеңе істей алмапты, аз мөлшерде айыппұл төлеген Мехмет «жұмысына» қайта оралыпты.
Американдық «қайыршы» Хэнк Томпсон полиция бөлімшесінде алаяқтық жасағанын мойындады. Қайыршылықты кәсіпке айналдырған жылдары Томпсон үш үй сатып алған және меншігінде Ferrari көлігі бар екен.
Сондай-ақ қайыршылықпен ақша жыйнап, байып кеткендер де бар екен, мәселен, бүгінде 200 адамды жұмыспен қамтып, жылына 6 млн табыс табатын Халил Рафати, өмірінің соңына дейін қайыршылықтан 1 млн 400 мың доллар тапқан, Швецияның үздік компанияларының акцияларына инвестиция жасап отырған Курт Дегерман, жиырма жыл бойы қоқыста өмір сүріп, күніне 2 мың бөтелкеден тапсырып, миллионер болған Леонид Конавалов секілді адамдар солардың қатарында...
Қай нәрсенің де екі жағы бар. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» демекші, біреулер амалсыздан қайыр сұрауға барса, енді біреулер онымен әдейі айналысып, табыс көзіне айналдырады. Бірақ біздің елде қайыршылықтан байығандар бар ма екен? Бар болса да саусақпен санауға жетпейтін шығар. Ал алақан жайып отырғандардың көбі шарасыздықтан отырған болар. Демек, құқық қорғау қызметкерлері ана жер, мына жерде отырған қайыршыларды қуғанымен іс бітпейді-ау. Тиісті орындар олардың жағдайына шынымен зерттеу жүргізіп, бұндай амалсыздықтың алдын алмаса елдің бетіне шіркеу болар әрекет тыйыла қоймас.