Шетел асқан балалардың тағдыры
Соңғы отыз жылда қазақ қоғамында жетім балалар тағдыры сөз болмай қалған кез жоқ. Өтпелі кезеңде де әке-шешесінен тірі де, өлі де айырылғандар көп. Соның ең сорақысы, балаларды шетелдіктерге асырауға беру болған шығар. Шетелдіктерге асырауға берілген балалардың саны қанша, олардың жағдайы қалай болып жатыр? 1999-2012 жылдар аралығында шетелдіктер Қазақстаннан 8 806 баланы асырап алған көрінеді, соның 6609-ы АҚШ-қа кеткен (оның ішінде 687 баланың жағдайы біраз жылға дейін белгісіз болған). Кейінгі жылдары шетелдіктердің елімізден бала асырап алу көрсеткіші көп азайған. Оның себебі шетелдіктер асырап алған қазақстандық балалардың тағдырына қатысты келеңсіз жайларға қатысты. 2002 жылы АҚШ азаматтары Щучье қаласындағы балалар үйінен 3 және бес жасында Дамир мен Тимур атты балаларды асырап алушының күйеуі атып өлтірген. Балалар ол кезде 16 және 18 жаста болған. Міне, осыдан кейін біздің елден шетелдіктерге бала асырап алуға рұқсат беру барынша қатаңдатылған. Соның нәтижесінде 2013-2016 жылдар аралығында 125 жетім бала ғана шетелдіктерге асырауға берілген. Оның үстінде соңғы жылдары елімізде жетім балаларды асырап алғысы келген өз азаматтарымыздың да қатары көбейіп келеді. «Өз өлтірмейді, жат жарылқамайды» деген сөз бар. Шетелдіктер арасында асырауға берілген балалардың арасында зорлыққа ұшырағандары кездесіп жатады. Әрине, адамның бәрі бірдей емес, асырап алған балаларға өз балаларындай қарап, оларға дұрыс тәрбие беріп, білімді азамат болып жетілуіне жағдай жасағандары аз емес. Ондай иманы бар азаматтар өздері тәрбиелеген балаларға туған жерінің қай ел екенін, ұлтының кімдігін ұмыттырмайтын көрінеді. Солардың біразы кәмелеттік жасқа толғаннан кейін туған жеріне келіп, ата-ана, туған-туысқандарын іздеп келіп жатқаны бар. Телеарнада «Шетелдегі қазақ балалары» атты жобаны жүргізген белгілі журналист Жанар Байсемізованың айтуынша, әлемнің 30 елінде қазақстандық жетім балалар өмір сүретін көрінеді. Өзі жүргізген жобаның арқасында ол елімізден кеткен балалардың көбісі Америка Құрама Штаттарында (ресми мәліметте ол жаққа кеткен балалардың саны 6606 делінсе де, 8 мыңнан асады екен), сондай-ақ Испания, Бельгия, Канада секілді үлкен елдер мен қатар Оңтүстік Африка Республикасында қазақ балаларын асырап алғандар бар екен. Сонымен бірге назар аударатын жайт: шетке кеткен қазақстандық балалардың бес мыңнан астамы өзге елдің азаматтығын қабылдаған...Мемлекет жетім балалар тағдырын назардан тыс қалдырмайды
Соңғы жылдары қоғамда жетім балалар тағдырына алаңдаушылық күшейген тәрізді. Мысалы, Ғылым және білім министрлігінің осыдан үш-төрт жыл бұрын таратқан мәліметіне қарағанда, 2016 жылдан бастап интернаттық ұйымдардағы жетімдер саны 31 пайызға азайған екен. Сол кезде «24 926 жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандардың 19 934-і қамқорлыққа, патронаттық тәрбиеге алынған, сондай-ақ асырап алған отбасылардың тәрбиесіне беріліпті». Бүгінде елімізде 20 мыңнан астам жетім бала бар. Олардың 80 пайызға жуығы туысы немесе басқа отбасыларда тәрбиеленуде. Бұл жақсы жаңалық, қанша дегенмен интернаттарда тәрбиеленгеннен гөрі отбасында тәрбиеленген баланың өмірді түсініп, қоғамға араласып кетуі жеңіл болады ғой. Сондай-ақ жетім балаларды үйдің кезегіне қойып, олардың өз пәтері болуына да мемлекет мүмкіндігінше жағдай жасап жатыр. 2013 жылы заңға сәйкес балалар үйіне түскен күннен бастап алты ай ішінде баланы баспана кезегіне қойылуы тиіс. Соңғы он жылда 8 458 балаға пәтер берілген. Ал қазіргі кезде (осы жылдың 1 мамырына дейінгі кезеңде) 62 501 жетім бала пәтердің кезегінде тұрғаны анықталған. Болашақта бұл мәселелердің бәрі оң шешіліп, туғаннан жарым көңіл болып өскен балалар еліміздің толыққанды азаматтары қатарына қосылып кетсе, қазақ мемлекеті үшін тек қана абыройлы іс болмақ.
Жетім көрсең жебей жүр
Жетім балалар мәселесі бізде кеңестік кезеңнен бері бар. Ол кезде негізінен ата-анасынан бірдей айырылған немесе тастанды балаларды балалар үйіне өткізіп, сонда өсіп-жетіліп жататын. Әрине, көп жағдайда туғаннан ата-ана мейірімін көрмей, өмірге қапалы өскен жандардың мінез-құлқы басқалардан өзгешелеу болатыны анық. Сондықтан қоғамда оларды қатыгез, мінезі қиын, тәртіпсіз келеді деген стереотиптік көзқарастар болды. Оның үстіне, балалар үйінің кейбір қатыгездеу тәрбиешілерінен запы болған балалардың ол жерден қашып кетуі болып тұратын. Ондай панасыз балалардың түрлі қылмысқа баруы да ықтимал нәрсе. Бірақ солай болса да ата-ана жылуын сезінбей өскендердің бәріне бірдей қарауға болмайды. Балалар үйінен шыққандардың арасынан да небір білімді, қоғамға пайда келтіретіндері аз емес. Кеңестік кезде сондай балалардың арасынан тіпті қауіпсіздік қызметі саласында еңбек еткендер көп болған деген де дерек бар. Олар өзін асырап өсірген мемлекетке адал қызмет етті. Қазіргі кезде жетім балаларға деген көзқарас жұмсарды. Балалар үйінен бала асырап алғандар көп, тіпті сондай балалар үшін арнайы жекеменшік балалар үйін ашып, оларға дұрыс тәрбие беріп, өз баласындай қарап азамат қатарына қосып жатқан адамдар көп. Мәселен, Түркістан облысы Кентау қаласында тұратын бес баласы бар Ысқақ қария жұбайы Гүлжахан Керімбайқызы екеуі 13 тастанды баланы қамқорлығына алған. Солтүстік Қазақстанда тұратын көп-балалы ата-ана Асхат Нүсіпов пен Гүлнұр Ахаева 12 баланы асырап алған. Ал Қостанай облысы Лисаковск қаласында тұратын Рустам Шукуров пен Муззама Мансурова 33 баланы бауырына басып, үлкен отбасы болып отыр. Ал өзі де жетімдіктің ащы дәмін татып өмірдің қиындығын көрген Әмина апа Алматының іргесіндегі Абай ауылының жанынан «Перзент» атты балалар үйін ашып, 50 шақты баланы тәрбиелеп отыр. Елімізде мұндай мысалдар көп. Осындай ізгі жандардың арқасында соңғы жылдары балалар үйінің саны едәуір қысқарған. Қазір баспасөзде шетел асқан балалардың талайы ержеткен соң өзінің кіндік қаны тамған Қазақстанға туыстарын іздеп жатыр. Олардың ішінде туыстарын тапқандары да, таппай көңілсіз қайтқандары да бар. Дегенмен өзге ортада өсіп-жетілген балалар болашақта еліне келіп тұрақтамайды-ау деген өкініш те жоқ емес. Өйткені басқа ортада өскен балалар сол жердің тілінде сөйлеп, сол елдің тәрбиесімен өскендіктен олар енді өзге елдің азаматтары. Отыз жылда он мыңдай баланы шетелдік асыраушыларға бердік. Соның бес мыңнан астамы қазір өзге елдің азаматтары. Демек, біз сонша баладан айрылып отырмыз. Сондықтан болашақта елімізде патронат отбасылардың көбеюіне барынша қолдау жасауымыз керек. Тағдыр қырын қараған жазықсыз сәбилер өз отанында ержетіп, аялы алақанның жылуын сезініп өссе, қатарға қосылып, өзі туған елдің болашағы үшін қызмет ететін тұлғаларға айналса нұр үстіне нұр емес пе? Ежелден мейірім мен қайырым сияқты ізгі қасиетті ту еткен қазақ елі бұл үддеден шығатынына сенгіміз келеді.Ахмет ӨМІРЗАҚ