50323
Ауыл балабақшасында балаларға бүлінген ет берілген
Ауыл балабақшасында балаларға бүлінген ет берілген
Жетісу облысының Қабанбай ауылындағы «Қуаныш 2» балабақшасынан шу шықты, деп хабарлады turkystan.kz «Астана» арнасына сілтеме жасап.
Ата-аналар мектепке дейінгі мекемедегі тамақтың сапасына шағымданған. Айтуларынша, онда балаларға мерзімі өтіп кеткен және иісі жағымсыз тартылған ет беріледі.
Сондай-ақ терезе алдындағы шаң мен әжетханадағы тарақандар ата-аналардың жағасын ұстатты. Осыған орай, өңірдің санитарлық дәрігерлері онда жоспардан тыс тексеріс бастады.
"Зертханалық зерттеулерге ас блогының 4 персоналынан бактерия тасымалдаушылыққа алынған сынамалардан теріс нәтиже анықталды. Дайын тамақ өнімдерінен алынған 4 сынама оң нәтиже көрсетіп, 20 шайындының 2 сынамасынан ішек тобы таяқшасы бактериялары анықталды.
Зертханалық зерттеулерге дайын тамақ өнімдерінен микробиологиялық және санитарлық-гигиеналық зерттеуге сынама, микробиологиялық зерттеуге патогенді микрофлораға шайынды алынды. Тексеріс нәтижесі бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады", – деді облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Самат Ахметов.