Журналист − тарих жанашыры

Журналист − тарих жанашыры

Журналист − тарих жанашыры
ашық дереккөзі

Кеңестік кезеңде Қазақстаннан тыс жерлердегі қазақтардың өмірі бірдей бол­ған жоқ, әсіресе руханият салаларында. Сондықтан атажұртынан тыс жер­лерде өмір сүргендер арасында жазу өнеріне бейімі барлар өз өнерін өрістету үшін атамекеніне көшті, көше алмағандары өзге тілдерде жазуға мәжбүр болды. Сол шақта сырттағы қазақ диас­пора­сы­ның арасында өз баспасөзіне ие бол­ғандар аз, сол аздың бірі − бұрын Өзбек­стан­ның Бұқара облысына қарайтын, қазір Н­а­уаи облысындағы Тамды ауданы қаза­қ­тары болды. Тамды ауданында 1935 жылы «Шо­­пан үні», кейінірек «Социалистік шаруа­шы­лық», бүгінде «Тамды шаруагері» деген ат­пен шығып келе жатқан аудандық қазақ газеті сол аймақтағы қазақтардың тыныс-тір­шілігін сәулелендірді. Қарапайым еңбек адамдарынан бастап, еңбекте үлкен же­тіс­тікке жеткен тұлғалар туралы жазып, қиян шет­тегі бір аймақ қазақтарына рухани нәр бер­ді. Қызылқұмның бір шетінде мал шар­уа­шылығымен айналысқан, мектебі қазақша, қа­зақ тілінде шығатын газеті бар Тамды ау­даны қазақтары қалайда Өзбекстанның өзге өңір­дегі қазақтарынан ерекшеленіп тұрды. (Осы тұста Тамдымен көршілес, негізінен қа­­­зақтар өмір сүретін Кенимех ауданында да ұзақ жылдан бері «Кенимех таңы» деген қа­зақ газеті шығып жатқанын айта кеткіміз ке­леді). Тамды ауданында әлі де біраз қазақ ғұмыр кешіп жатыр, «Тамды шаруа­гері» газеті әлі де шығып келеді, әлі сол ай­мақ­тағы қандастарымызды руханият бас­тауы­мен сусындатып келеді. Алайда кезінде Өмір­зақ Қожамұратовтай даңқты ақынның қол­таңбасы қалған, талай қазақ журна­лис­терінің маңдай тері сіңген осы бір газеттің тарихын, ауданның жалпы қазаққа таныту жолында белгілі ақын, қаламы жүйрік журналист Руза Алдашеваға дейін ешкім белсене қоймапты. Руза Алдашева – ҚазҰУ-дың түлегі, осы даңқ­ты оқу ордасының журналистика факультетін 1988 жылы бітірген. Журна­лис­тика мен ақындықты қатар алып жүрген оның «Жеткізбей жүрген құштарлық», «Тәуе­лі­­бай – тал бесік», «Қаңтарда қауыз жарған гүл» атты жыр жинақтары жарық көрген. Өз­­бекстанда Науаи облысы Тамды аудандық «Со­циалистік шаруашылық», Үшқұдық ау­дан­­дық «Достық-Дружба» газеттерінде тілші, бө­­лім меңгерушісі, бас редактор болып еңбек етті. 2002 жылы атажұртына оралған соң «Те­­міртау» газетінде еңбек етіп, оның бас ре­­­такторлығына дейін көтерілді, кейін өзі «Құ­рыш қала» атты қалалық газет ашып, бір­аз жыл басылымға басшылық жасады. Қа­зір Теміртау Мәдениет сарайының бөлім мең­герушісі болып еңбек етіп жатыр. Қазақ­стан Жазушылар және Журналистер одағы­ның мүшесі. 2020 жылы жаһандық пандемия баста­лып, елдің бәрі үйде отырып қалған кезеңде Руза Алдашева қол қусырып қарап отырмай, өзін­де сақталған Тамды ауданы қазақ­та­ры­ның үні «Тамды шаруагері» («Социалистік ша­­­руашылық») газеттінің 1958-1988 жыл­да­рын­дағы сандарында жарияланған мате­риал­дар негізінде кітап құрастырып, өткен жылы «Тамды тарихынан» атты пуб­ли­цис­ти­­­калық танымдық кітап шығарды. Кітап «Там­дының тарихи дерекнамасы», «Там­ды­ның тіршілік көзі», «Тамдының мәдени өмі­рі­нен», «Тамдының шығармашылық шежі­ре­сі­нен», «Тамдының таңғажайып арулары», «Ата­жұрттан аманат», «Редакцияға хат» ат­ты жеті тараудан тұрады. Әр бөлім тақы­ры­бына қарай жүйеленіп, оқырманға Тамды қа­зақ­тарының тыныс-тіршілігінен, әдебиеті мен мә­дениетінен сыр шертеді. Әсіресе, «Там­ды­ның шығармашылық шежіресінен» деп ата­латын бөлімде 60-жылдардағы поэзия­мыз­дың ренесансына олжа салған қазақтың да­рынды ақындарының бірі Өмірзақ Қо­жа­мұратовтың «Социалистік шарушылық» га­зе­тінде басылған өлеңдері берілген. Ара­сын­да тіпті, бұрын-соңды ақынның кітаптарына кір­меген өлеңдері де бар. Сонымен бірге кі­тап­та көптеген ғалымның маңызды ма­териал­дары жарияланған. Кітапта Тамды ауданындағы қазақ­тар­дың білім саласына да қатысты қы­зық­ты деректер бар. Мәселен, «Цифрлар мен фактілер» деген мақалада мынадай де­рек­тер келтірілген: «1964-1965 оқу жылында ау­данда 8 орта, 6 сегіз жылдык, 18 бастауыш мек­­теп жұмыс істейді. Мұғалімдер саны – 275, осыдан жоғары білімділер – 156, орта бі­­­лімділері – 119. Контингент бойынша биыл оқи­тын бала саны 4 451, яғни өткен жылға қа­рағанда бала саны 764 көп». Сон­дай-ақ жо­­ғары мемлекеттік награда алған там­­ды­лық­тардың марапаттары ту­ра­лы фактілер баршылық. Жалпы, Тамды қазақ­тары­­ның баспасөзінен мол мәлімет беретін Руза Алдашеваның «Тамды тарихынан» кіта­бы – шетелдегі қазақ журналистикасын зерттеушілерге таптырмайтын құнды кітап. Мақсаттың үлкен-кішісі жоқ, халқына қыз­мет етем деген адамның ізгі ниеті үлкен же­тістіктерге жетелейді. Өзбек еліндегі қан­дастарымыз тарихын ұлт тарихымен ұш­тас­тыру жолында тер төгіп жүрген тарих пен әде­биет жанашыры, қарымды қаламгер Руза Алдашева алдағы уақытта да осы бағыттағы жұ­мысын жалғастырып, шеттегі қазақтар жай­лы құнды мәліметтер беретін кітаптар жазу­ды жалғастыра бермек.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ