Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ: Қазақ журналистикасы мемлекетке масылдық психологиядан арылуға тиіс

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ: Қазақ журналистикасы мемлекетке масылдық психологиядан арылуға тиіс
Елімізде журналистиканы дамытуға мол үлес қосып жүрген мамандардың қатары аз емес. соның бірі осыдан тоғыз жыл бұрын «Түркітілдес журналистер қорын» құрып, жас журналистерге заманауи медианың қыр-сырын үйретіп жүрген танымал журналист – Нәзия Жоямергенқызы.
Біз Нәзиямен оның өзі басқаратын қор мен атқарып жатқан жұмыстары туралы әңгімелескен едік.
− Нәзия, 2014 жылы «Түркітілдес журналистер қорын» құрғаныңызды білеміз. Баспасөзге берген бір сұхбатыңызда бұл қорды құрғандағы мақсат түркі елдеріндегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен ынтымақтастық орнату, кәсіби бірлікті күшейту, ортақ жобалар арқылы тәжірибе алмасу екенін айтқан едіңіз. Қордың құрылғанына тоғыз жылдай уақыт өтті. Алға қойған мақсаттар қалай орындалып жатыр?
– «Түркітілдес журналистер қоры» құрылғалы бері халықаралық деңгейдегі ондаған ірі шара өткіздік, жүздеген журналист шет мемлекеттерге сапар шекті. Қордың басты мақсаты – қазақ журналистердің кәсіби білігі мен білімін арттыру, отандық журналистиканың дамуына үлес қосу. Осы мақсатта ел іші мен шекара сыртында қазақ журналистері үшін түрлі шаралар, семинар-тренингтер, пресс-турлар, конференциялар, экскурсиялар ұйымдастырып, әріптестердің ел-жер көруіне, білім көкжиегінің кеңеюіне ықпал етіп жүрміз. Ең маңыздысы, салалық журналистиканы дамытуға басымдық береміз. Мысалы, «Шеврон» сияқты стратегиялық серіктесімізбен бірге «Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» тақырыбында бірнеше қалада семинар-тренинг өткіземіз. «Халық банк» АҚ серіктестігінде журналистер мен халықтың қаржылық сауатын арттыру үшін Қазақстандағы қаржы саласына арналған жалғыз байқау – «Еркін сөз» шығармашылық байқауын 2017 жылдан бері ұйымдастырып келеміз. Биыл Астанада ІІІ Түркітілдес журналистер медиа форумы өтеді. Алғашқысын – Ыстамбұлда, екіншісін былтыр Алматыда ұйымдастырған едік. 2023 жылы дәстүрлі шара Астанада өтеді. Аталған шараға Қазақстан мен шетелдерден жүздеген қатысушы шақырылады. Басты мақсат – түркі елдері журналистерінің бірлігін нығайта отырып, елдерімізге тиімді ортақ жобаларды жүзеге асыру. Соңғы жылдары, әсіресе, пандемиядан кейін бүкіл әлемде жалған ақпарат тарату күрт көбейді. Осының салдарынан, «инфодемия» деген термин де пайда болды. Халықаралық журналистиканың негізгі 10 шартының бірі – верификация, яғни, деректі тексеру. Журналист қолындағы ақпаратты кем дегенде 4 дереккөзден тексеру шарт. Өкінішке қарай, Қазақстанда «бүкіл әлемдегі сияқты» ақпаратты тексермей-ақ тез жариялап жіберетіндер көп. Оның басты себептері – хайп қуу, рейтингті оңай жолмен көтеруге тырысу, немқұрайдылық. Осы мақсатта Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясының серіктестігінде «Фейк ньюс. Фактчекиң. Ақпараттық манипуляция» тақырыбына Алматы, Шымкент, Қостанай қалаларында 100-ден астам БАҚ өкіліне семинар-тренинг өткіздік. Шарада Британия мен Нидерландтан келген медиа тренерлерміз сабақ берді. 2020 жылы «Түркітілдес журналистер қоры» онлайн форматта вебинарлар сериясын бастады. Қордың атқарған шаруасы қыруар, атқарылатын жұмысы одан да көп.
– Өзіңіз құрған қорға демеушілер табу мәселесі қалай? Өйткені жүргізіп жатқан шараларыңыз ауқымды, аз қаражатты талап етпейді....
− «Түркітілдес журналистер қоры» – үкіметтік емес ұйым. Біз мемлекеттен, саяси партиялардан, лоббистік топтардан немесе басқа да мүдделі тараптардан ақша алмаймыз. Халықаралық және отандық шараларды ұйымдастыруда Қордың негізгі кіріс көзі – медиаменеджменттен түсетін қаражатты жұмсаймыз. Мысалы, халықаралық ұйымдардан ұтып алатын гранттарымыз, ірі компаниялармен өзара тиімді ынтымақтастық шеңберінде қабылдайтын келісімдеріміз, Қордың Медиа тренерлер мектебінің дәріскерлері тарапынан ақылы түрде өткен сабақтардан түсетін ақша. Қазақ журналистикасы, әсіресе, БАҚ басшылары медиаменеджментті меңгеріп, мемлекетке деген масылдық психологиядан түбегейлі арылуға тиіс. Тендерге телмірген, мемлекеттік тапсырысқа «табынған» БАҚ-та қаржылық тәуелділік күшейеді. Сондықтан ақпарат құралдарын кіріс табу көзіне айналдырған жөн.
− Қордың жанынан ашылған Жас журналистер мектебі, Әйел журналистер клубы, Медиа-тренерлер мектебі бар. Олардың жұмысы қалай жүріп жатыр, қандай шаралар өтті?
− «Түркітілдес журналистер қоры» 2014 жылы 11 қарашада құрыла сала, бірден Жас журналистер мектебі мен Медиа тренерлер мектебін және Әйел журналистер клубын құрдық. Жас журналистер мектебінде болашақта журналист болғысы келетін мектеп оқушыларына сабақ беріледі. Медиа тренерлер мектебінде Қазақстан мен Еуропа елдерінен тәжірибелі мамандар оффлайн және онлайн форматта жұмыс істейді. Әйел журналистер клубын құрған себебіміз, бүкіл әлем бойынша журналистика саласында еркектерден гөрі қыз-келіншектер саны басым. Өкінішке қарай, жұмыс барысында әйел журналистер әлеуметтік әділетсіздікке жиі кездеседі. Мысалы, мансап баспалдағымен жоғары өрлеуде басшылыққа үміткерлер арасынан еркектерге көбірек жағдай жасалады. Жалақы тағайындау мәселесінде де қыз-келіншектер еркек журналистерге қарағанда ақшаны аз алады. Харассментке ұшырайтын жайттар да бар. Түркітілдес журналистер қорының Әйел журналистер клубы осындай олқылықтардың орнын толтырып, қыз-келіншек журналистерге арналған түрлі жобаларды жүзеге асырады. Биыл қарашада әйел журналистер клубының мүшелері шетелдерде кәсіби білікті арттыруға бағытталған бірнеше сапарға қосылады.
− Өткен аптада өзіңіз басқарып отырған қор Қазақстандағы туризм, медиа, PR, синтетикалық медиа тақырыбында І Халықаралық медиа және туризм форумы өткізді. Оған алыс-жақын шетелдерден 200-ден аса адам қатынасты. Форумда қандай мәселелер көтерілді және көтерілген мәселелер еліміз шешімін тауып жатса, болашақта ол елімізге қандай пайда әкелуі мүмкін?
– Халықаралық туризм пандемияға дейінгі қалпына келе бастады. Дүниежүзілік туризм ұйымы – WNVTO әлем бойынша саяхатқа шыққан адамдардың саны 2023 жылдың алғашқы үш айында былтырға қарағанда, екі есеге артқанын мәлімдеді. Бұл туризм индустриясының тұрақтала бастағанын көрсетеді. Халықаралық туризмнен түсетін кіріс көзі 2022 жылы 1 триллион АҚШ долларына жеткен. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда, 50 пайызға артық. Кез келген мемлекеттің экономикасына күш-қуат беретін, алға сүйрейтін салалардың бірі – туризм. Қазақстанның туризм индустриясын күшейтуге үлес қосуға әрбір азамат қолынан келгенше тырысуы қажет. Бұған дейін «Түркітілдес журналистер қоры» қазақ журналистер үшін шетелдерде түрлі шаралар ұйымдастыратын. Енді Қазақстан туризмін насихаттауға қатысты жобаларды қолға алады. І Халықаралық медиа және туризм форумын тарихы бай, табиғаты көркем Алматы облысында бастадық. І Халықаралық медиа және туризм форумының шеңберінде Қазақстан, Түркия, Швейцария, Бельгия, Солтүстік Кипр, Британия, Франция, Австрия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғыз республикасының 200-ден астам БАҚ басшысы, журналист, пиаршы, баспасөз хатшы, туризм саласының маманы қатысты. Форумда біз туризм мен медианың өзара сабақтастығы, БАҚ-тың туризм индустриясын дамытудағы маңызы мен орны талқыланып, ортақ жобалар жайлы ақылдастық. Нәтижесінде, еуропалық және орталықазиялық әріптестер өздерінің ақпарат құралдарында Қазақстанның туризмін насихаттайтын дүниелерді тегін жариялап отыруға келісті. Шарадан кейін БАҚ-та жүздеген мақала, сюжет жарыққа шығып, әлеуметтік желілерде жазбалар жарияланды. Халықаралық медиа және туризм форумы алдағы уақытта әртүрлі облыстарда өткізілетін болады. Бұл – отандық туризм индустриясын дамытуға орасан зор мүмкіндік.
− Енді өзіңізге журналист ретінде бір-екі сұрақтар қойсам: тәуелсіздікке дейінгі журналистикада ақпараттық, насихаттық, танымдық, ағартушылық бағыттар басым болды. Бүгінгі журналистиканың басым бағыттары қандай? Қазір ақпараттық сайттар көп, көбі маман емес адамдар ақпарат таратып отыратын әлеуметтік желілер деңгейінде жазып жатқаны жасырын емес. Бұл салаға қандай реформа қажет деп ойлайсыз?
– «Түркітілдес журналистер қорының» басшысы ретінде былтырдан бері «Масс медиа туралы» заң жобасының Жұмыс тобында болдым. Қазір Мәжілісте қаралып жатқан Жұмыс тобының құрамындамын. Басты мақсат – Қазақстандағы БАҚ өкілдерінің заң шеңберінде кедергісіз әрекет етуін қамтамасыз ететін құжатты қабылдауға ықпал ету. Өкінішке қарай, отандық ақпарат құралдарындағы қызметкерлер халықаралық журналистиканың басты шарттары мен ережелері тұрмақ, Қазақстан заңдарын білмейді. Мысалы, ақпаратты тексермей жарияласаң, Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша жазаға тартыласың. Байқамай немесе қасақана тарататындар опық жеп жатады. Копипаст жасауға машықтанғандар авторлық құқыққа қатысты заңдарды ескермейді. Қазір репортаждың өзіне оқиға не құбылысты көзбен көрмей-ақ, гуглден ақпарат ала салатындар бар. Ал репортаж – журналистика жанрларының ішіндегі ең кірпиязы. Оған журналист бармаса, көзімен көрмесе, жан-тәнімен сезінбесе, жазуға қақы жоқ. Журналистика факультетінде оқымағандар журналист болып жүр. Араларында нағыз майталмандар да бар. Бірақ сауаты төмен, кәсіби білігі сын көтермейтіндер көп. Журналистік этиканы сақтамайтындар жиі кездеседі. Мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде және Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында медиажурналистика мамандығы бойынша сабақ беремін. Студенттеріме үнемі «Кез келген ақпаратты жарияламай тұрып, анық-қанығын 4 тәуелсіз дереккөзден тексеріп алуға тырысыңдар. Жалған ақпарат болса, біреудің ар-намысына тисе, жала жабылса, сол адамның орнына әке-шеше, туғандарыңды қойыңдар. Қандай күйде болатындарыңды сезінесіңдер» деймін. «Журналистің әлеуметтік жауапкершілігі» деген ұғымды білмейтін журналист көп. Соңғы кездері биліктен, лоббистік топтар немесе мүдделі тараптардан ақша алып, ақылы мақала, сюжет, әлеуметтік желілерге жазба жазатын «журналистер» көбейді. Қазақ журналистикасына кір келтіретіндер – солар. «Бала-шағаны асырау, күн көру, жалақының аздығы» сияқты сылтауларды көлденең тартқысы келеді. Бірақ адал еңбекпен күн көріп жүрген журналистердің бар екенін ескерсек, ол «сылтау» негізсіз. Ерте ме, кеш пе, «жалдамалы журналистерге» қоғамдық айыптаудың болатыны анық.
Бұрын журналистикада аға буын шен-шекпен, атақ-даңқ, орден-медальға құмар болса, қазір жастар да әуестенген. Мысалы, «Ақпарат саласының үздігі» деген медальді алмағандар аз. Журналистикаға күні кеше келгендер, еңбегі сіңбегендер, ешкім танымайтындар... Сонда журналистикада не қадір қалды?
Алғаш еңбек жолымды 1994 жылы бастадым. Менде бірде-бір орден не медаль, атақ жоқ. Қажет емес те. Талай сыйлықтан өз еркіммен бас тарттым. Журналистің кәсіби білігіне, мамандығына қаншалықты адал екеніне билік емес, халық баға береді.
− Бізде көптеген жоғары оқу орнында журналистерді даярлайды. Өкініштісі, солар оқытып шығарған жас журналистерде қазақ тілін калькамен қолдану көп, сонымен бірге стилистика мәселесінде сүрініп жататындары аз емес, былайша айтқанда қазақ тілін меңгеруде ақсап жататынын байқаймыз. Сондай-ақ көп ізденбей, бір-бірінен көшіріп отыратындары көп. Ендеше, бұл кемшіліктерді жою және жан-жақты заманауи журналист мамандарды даярлауға қандай реформа керек?
– Тіл – тірі организм. Ол адамдар сияқты өзгеріп отырады. Қазақтар бір кездері салт ат мініп, тау мен тасты кезіп жүрсе, қазір өркениеттің өрісін кеңейтіп, түрлі жаңалықты меңгеру үстінде. Жалпы, журналистерге қазақ тіліне қатысты жиі сын айтатындарды түсінбеймін. Біз тілдік ерекшеліктер емес, әлемдік деңгейде ақпарат беруді меңгеруге назар аударуымыз керек. Қазақстанда журналистиканы ақындықпен, жазушылықпен шатастыратындар көп. Әдеби тілді журналистиканың репортаж, очерк, фельетон сияқты көркем-публицистикалық жанрларында ғана кеңінен қолданбаса, күнделікті кезігетін ақпараттық және ақпараттық-сараптамалық жанрларында қажет етпейді. Ақпарат таратуда жаңалықты көрермен, тыңдарман, оқырманға қарапайым тілмен нақты әрі ұғынықты жеткізуге басымдық беріледі. Мысалы, халықаралық журналистиканың «6 W, 1 Н» деген қағидасы бар – ақпарат беруде қойылатын негізгі 7 сұрақ. Қазақ тілінің көсегесін көгертуді филологтардан талап етейік те, журналистерді жүндей бермей!
Соңғы кездері кейбір «мықты мамандар» әлеуметтік желілер арқылы «атың шықпаса, жер өртенің» керін келтіріп, журналистерге күн бермейтін болған. Өздерінің жеткен жетістіктері шамалы бола тұра. Шын жаны ашыса, мектептерге таратылатын оқулықтардағы олқылықтар мен кемшіліктерді көрсетсін, ақын-жазушылардың ешкім оқымайтын «шедервлерін» сынасын. Ал журналистердің кемшілігін сол салада жүргендер ғана айта алады. Маман даярлауға келсек, меніңше, құзырлы органдар әр жерден ашылған журналистика факультеттері мен кафедраларының сапасын тексергені жөн. Оқытушылар құрамы әлсіз, кәсіби мамандары жоқ, БАҚ-та бір жыл тұрмақ, бір ай жұмыс істемеген, сұхбат алып, сюжет дайындамаған не мақала жазбаған, редакцияның ішкі жұмысынан бейхабар адам журналистикадан қалай сабақ береді? Болашақ мамандарға не үйретеді? Осындай олқылықтарға көңіл бөлінгені дұрыс.
– «Түркітілдес журналистер қоры» халықаралық деңгейдегі шараларды жиі ұйымдастырады. Ал Қор әлемдік деңгейде ынтымақтастық орнатуда қалай жұмыс істеуде?
– Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында 21-23 шілде аралығында өткен І Халықаралық медиа және туризм форумы шеңберінде «Түркітілдес журналистер қорының» ұсынысымен, World Foreign Press Association (Әлемдік шетелдік медиа ассоциациясы) құрылды. Қазақстан, Германия, Ұлыбритания елдерінің өкілдерінен құрылған ұйымның президенті етіп мені сайлады. 2023 жылы қыркүйекте өтетін ІІІ Түркітілдес журналистер медиа форумында Ассоциацияға мүшелікке жаңа ұйымдар қабылданады. Бүгін Молдовадағы журналистер ұйымынан ұсыныс келіп түсті, біз қарастырып жатырмыз. WFPA мақсаты – ұйымға мүше журналистердің әлемдік деңгейде дамуына ықпал ету, журналистикаға, жаңа медиаға қатысты түйткілдерді бірге шешу, мүмкіндіктерді бірге қарастыру. Ең бастысы, әлемдік деңгейде әрекет етуге тәжірибе мен ынта бар. Қалғаны – уақыт еншісінде.
− Сұхбатыңызға рахмет!