Цифрлық теңгенің берері не?

Цифрлық теңгенің берері не?

Цифрлық теңгенің  берері не?
ашық дереккөзі
1200

2021 жылы Ұлттық банк цифрлық теңгеге байланысты пилоттық жоба жүргізген болатын. Содан бері цифрлық теңгені айналымға енгізу мәселесі пысықталып келеді. Дегенмен әлі де жаңа төлем құралының қандай қызмет атқаратыны, артықшылығы мен өзгешелігі нендей екені, қашан қолданысқа енетіні туралы сұрақ көп. Сонымен, цифрлық валюта деген не? Ол қалай жұмыс істейді? Артықшылығы қандай, кемшілігі бар ма? Цифрлық валюта енгізілсе, қағаз ақша айналымнан алына ма? Осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Төлем құралының тың түрі

Технологиялар дамыған сайын төлем құралы да, формасы да түрленгені тарихтан белгілі. Алғашында ақшаның орнына мыс, қола, күміс, алтын қолданылды, ақшаның орнына мал да жүрді, кейін қағаз ақша пайда болды. Енді цифрлық теңге немесе цифрлық валюта деген төлем құралының жаңа формасы айналымға енбек. Қазір бізде қолма-қол және қолма-қол емес ақ­ша бар: қолма-қол түріне банкноттар мен монеталар жа­тады, ал қолма-қол емес ақша дегеніміз – банк шот­тарындағы ақша. Ұлттық банк ұлттық валю­та­ның үшінші түрін әзірлеп жатыр, ол – цифрлық тең­ге.

– Қолма-қол емес ақша қаржы делдалдарының мін­деттемесі саналады, солардың тәуекелдеріне ті­келей байланыстымыз. Ал қолма-қол ақша – Ор­талық банктің тікелей міндеттемесі. Цифрлық теңге де – Орталық банктің міндеттемесі, – деп мәлімдеген еді «Цифрлық теңге» жобасының жетекшісі Айнұр Кен­жаева. Цифрлық теңге аталған екі ақша түрін ал­мас­тырмайтын, қатар пайдаланылатын төлем құра­лы­ның үшінші түрі. Цифрлық валютаны peer-to-peer форматында (құрылғыдан құрылғыға) интернет-эквайринг, мобильді қосымшалар, POS-терминалдар, QR-кодтар және т.б. арқылы төлеуге болады. Яғни ол кәдімгі қағаз ақша мен онлайн төлемдердің қа­сиетін біріктіреді, сонымен қатар өз артықшылығы да бар. Цифрлық теңге кәдімгі заңды төлем құралы ре­­тінде қабылданады және ақшаның бар­лық функциясын атқарады. Жоба бойынша, цифрлық теңге бірегей цифрлық реттілік (токен) ретінде немесе арнайы электрондық әмиянда сақ­та­латын электрондық жазба түрінде шығарылмақ. Төлем технологиясы тұрғысынан алып қарағанда, осы арқылы көптеген опция қолжетімді болады, со­ның ішінде ең қолайлысы – офлайн төлем жүйесі, яғни, интернетке қосылмаған мобильді телефонмен де төлем жасауға болады, цифрлық валютаны қол­дану үшін интернетке қосылудың қажеті жоқ. Цифрлық теңге іске қосылса да, қолма-қол және қол­ма-қолсыз ақшалар Қазақстанда айналымда қа­ла береді, ал цифрлық валюта олармен қатар жү­ре­ді. Цифрлық теңгені тек Ұлттық банк айналымға шы­ғарады. Басқаша айтқанда, цифрлық теңгеге ар­тылар сенімге Ұлттық банк кепіл болады. Ұлттық банктің ресми мәліметінше, бұл – тө­лем жүйе­сін дамытуға, қымбатқа түспей­тін, тез, ыңғай­лы әрі қауіпсіз төлемдерге жол ашуға ба­ғытталған қадам. – Цифрлық теңгенің инфрақұрылымы қаржы на­рығына қатысушылар үшін қосымша құралға аи­̆нала алады, оны пайдалану арқылы олар жаңа ин­новациялық сервистер құра алады. Цифрлық тең­ге аймақтарда қолма-қол ақшасыз төлемдерді жү­зеге асыруға көп мүмкіндік ашады және қар­жылық қызметтердің қолжетімді болуын қамта­ма­сыз етеді. Келешекте цифрлық теңгені енгізу арқы­лы трансшекаралық төлемдердің тиімділігін арт­тыруға болады, – деп түсіндіреді Ұлттық банк. Бір қарағанда, цифрлық валютаның крип­то­валю­та мен электронды ақшадан айырмашылығы жоқ­тай көрінуі мүмкін. Дегенмен салыстырмалы түр­де алсақ, электронды ақша белгілі бір электронды ақша жүйесінің айналымында болады және сол жүйеге иелік етуші өзіндік міндеттер алады, ал стейбл­коин мен криптовалюта технологиялық тұр­ғыда ұқсас болғанымен, ақшаның барлық функ­ция­сын атқара алмайды, мәселен, оның айналым құра­лы ретінде, жинақ және төлем қабілеті, тіпті құны да болмайды. Оларда пайдаланушының мүддесін қорғай алатын бірыңғай эмитент жоқ, ал құны үнемі құбылмалы болады. Цифрлық теңгені қолдану инфрақұрылымын Ұлттық банк қамтамасыз етеді, ал түпкілікті төлемді немесе басқа қызметтерді тек нарыққа қатысушылар ғана жүзеге асырады. Яғни, цифрлық валюта әмиянда немесе банк есепшоттарында сақ­­­талмайды, арнайы Ұлттық банк әзірлеген плат­фор­мадағы цифрлық әмиянда ғана сақталатын болады. Екінші деңгейлі банктер Ұлттық банк әзірлеген платформаға қосылады. Әуелде айтып кеткені­міздей, техникалық тұрғыдан қарағанда, цифрлық теңге қолма-қол ақшасыз төлем түріне өте ұқсас, алайда ол банктердің немесе халықаралық төлем жүйелерінің емес, орталық банктің инфра­құры­лымында жұмыс істейді.

Цифрлық теңге қашан енгізіледі?

Цифрлық теңгені айналымға шығару бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Бұған дейін цифрлық теңгені енгізу бастамасы шегеріліп келген еді. Дегенмен Ұлттық банктің ресми мәлімдемесіне сүйенсек, төлем құралын 2025 жылға дейін айна­лымға енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы был­тыр жыл аяғында Ғалымжан Пірматов мәлімде­ген болатын. – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық банк 2022 жылы ұлттық цифрлық валютаны енгізу қажеттігі жөнінде кешенді зерттеу жүргізді. Осы жылдың қазан айында цифрлық теңгенің технологиялық платформасы нақты тұтынушылар мен бизнес өкілдерімен сынақтан өткізілді. Сынақ сәтті деуге негіз бар, – деді төраға. Оның айтуынша, цифрлық теңге біртіндеп, 3 кезең бойынша айна­лымға енгізіледі. – Бірінші кезеңде, 2023 жылдың аяғына қарай әлеу­меттік төлемдер мен мемлекеттік сатып алулар үшін цифрлық теңгені пайдалану мүмкіндігі жүзеге асы­рылмақшы, трансшекаралық есеп айырысу сце­нарийлері мен цифрлық активтер мен орта­лық­тандырылмаған қаржы саласындағы есеп айы­рысу­лар сынақтан өтеді және тиісті нормативтік-құқық­тық база дайындалады, – деді Ғалымжан Пірматов. Ал 2024 жылы цифрлық теңге арқылы ин­тер­нетсіз есеп айырысу бойынша функционалдық ме­­­ханизмдер енгізілмек екен. Ал 2025 жылға қарай цифрлық теңгені толық өндірістік пайдалануға енгізу жоспарланып отыр. – Бұл отандастарымызға мол мүмкіндіктер аша­ды. Ең бастысы, қаржы нарығында иннова­ция­лық бастамаларға жағдай жасалып, отандас­тары­мызға қаржы сервистерінің жетімділігін арттыруға септігін тигізеді деп ойлаймыз, – деген болатын Ғалымжан Пірматов. Естеріңізде болса, 2021 жылы Ұлттық банк цифрлық теңгеге байланысты пилоттық жобаны іске қосып, нарық қатысушылары мен сарапшылар, ха­лық­аралық серіктестермен тақырыпты талқыла­ған еді. Жалпы, бұл тақырып барлық сын-қатер мен артықшылықты, сондай-ақ ақша-кредит саясаты мен қаржылық тұрақтылық тұрғысынан жан-жақты талдауды және зерттеуді талап ететінін ескерсек, цифрлық валютаны айналымға енгізу процесінің ұзаққа созылуы түсінікті. Зерттеудің қорытындысы Ұлттық банктің сайтында жария­ланған. Қорытындыға сүйенсек, цифрлық теңгені енгізу технологиялық тұрғыдан мүмкін екені рас­талып, бастаманы одан әрі дамыту үшін шешілуге тиіс мәселелер мен атқарылуға тиіс міндеттер тізімі анықталды. Сонымен қатар цифрлық теңгенің экономикаға, қаржылық тұрақтылыққа және ақша-кредит саясатына әсерін бағалаудың бастапқы мо­делі әзірленген. Цифрлық валютаны сынақтан өткізген кезде бірнеше кәсіпкерлік нысан таңдалып, одан кейін банк қызметкерлеріне цифрлық теңгенің шекті сомасы таратылған. Олар сол ақшаға тамақ және тағы басқа тауарлар сатып алып көрген екен. Дегенмен бұл кезде цифрлық теңгені нақты енгізу мәселесі әлі анық болмаған еді. 2022 жылы Ұлттық банк цифрлық теңгені енгізу мүмкіндігінің пайдасы мен шығындарын зерттеуді одан әрі жалғастырды. 2022 жылғы маусымда Қа­зақ­станда ұлттық цифрлық валютаны енгізу мә­селелерін бірлесіп зерттеу үшін Digital Tenge Hub коллаборативті алаңы іске қосылды. Сонымен қатар теңгені енгізу туралы шешім қабылдау моделін әзірледі. Модельде халықаралық ұйымдар ұсынған құралдар мен тәсілдері ескерілген. Экономикалық модельдеу нәтижесі бойынша ақша-кредит саясаты, қаржылық тұрақтылық және жалпы экономикаға сын-қатер төнбейді деген қорытынды жасалған. Ұлттық банк жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша респонденттердің 60 пайызы цифрлық теңгені пайдалануға дайын екенін айтқан. Бір айта кететін нәрсе, ұлттық валютаның үшін­ші түрі іске қосылған күні еліміздегі ақшаның бар­лық түрі өз құнын сақтап қалады. Яғни, 1 цифрлық теңге қолма-қол немесе қолма-қол ақшасыз 1 тең­геге тең болады. Азаматтар кез келген уақытта қолда бар ақшасын цифрлық ақшадан қолма-қол ақшаға не­месе қолма-қол емес ақшаға еш шектеусіз ауыс­тыра алады. Ұлттық банк цифрлық теңге шотына сыйақы немесе ақы есептемейді. Atlantic Council сараптамалық орталығының 2022 жылғы дерегіне сүйенсек, қазір әлем бойынша 10 ел толыққанды цифрлық валютаны іске қосқан. Тағы 15 ел цифрлық валютаны пилоттық режимде енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Ал 24 ел өзінің цифрлық валютасын әзірлеуге дайын болса, 43 ел бұл мүмкіндікті барынша зерттеуге кіріскен екен. Айта кетерлігі, 2021 жылы әлем бойынша то­лығымен іске қосылған бірде-бір цифрлық валюта болмаған.

Бауыржан ЫСҚАҚОВ, экономист:

Қауіпсіздікті қаперден шығармау керек

– Цифрлық теңге елімізге ресми түрде ене­тін валюта түрі болмақ. Қазір қолданыста қол­ма-қол ақша бар, қолма-қол емес деген ақшаның тү­рі бар. Үшінші – цифрлық теңге болмақ. Оның кемшілігінен гөрі артықшылығы көп бо­лады деп ойлаймын. Бұл, бірінші кезекте жалпы халықтың төлем құралдарын пайдалану мүм­кіндігін кеңейтеді. Яғни, төлеген кезде ешқандай интернет желісіне тәуел­ді болмайсыз. Көп жағдайда, мысалы, ауыл-аймақтарда, интернет сапа­сы нашар немесе интернет желісі жоқ жерлерде QR-кодпен, тағы да бас­қа құралдар арқылы төлеу мүмкін емес, интернет болмай қалуы мүм­кін. Яғни, ең басты артықшылығы – интернетке тәуелді болмауы. Одан кейін әлемдік технологияның дамуына байланысты мемлекет те соған сай дамып отыру керек. Әсіресе, экономикалық жағынан. Бізде циф­рлық валютаны енгізуге байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қа­зір Қытайда, Ресейде де осы үрдіс байқалады, жалпы Қазақстан да сол үрдіс­пен сәйкес дамып келе жатыр деп айтуға болады. Болашақта әлеуметтік төлемдер, зейнетақы төлемдері, әлеуметтік бас­қа да төлемдер, одан кейін мемлекеттік сатып алулардың барлығы да осы цифрлық теңгемен жүзеге асырылатын болса, бұл өте теңдессіз бастама болмақ. Ал енді мемлекеттік сатып алу бойынша айтар болсақ, көп жағдайда ау­дарыл­ған ақшалар мен төлемдердің нәтижесін көре алмай жатамыз. Сондықтан әртүрлі бармақ басты, көз қыстының да алдын алуға мүмкіндік бере­тін дүние болар деп ойлаймын. Сол үшін де цифрлық теңгенің артық­шылығы көп. Ал енді кері әсеріне келсек, әрине бұл енді цифрлық болғандықтан, Ұлт­тық банк тарапынан эмиссия шығарылатындықтан, сұранысқа сәйкес біз ақпараттық қауіпсіздік, технологиялық қауіпсіздік мәселелеріне баса назар аударуымыз керек. Басқа кері әсерін тигізетін факторлар болмайды деп есептеймін. Өйткені халық қолма-қол ақшасыз төлемге үйренген сияқ­ты цифрлық төлемге де, цифрлық теңгеге де үйренеді.

Қорыта айтқанда, цифрлық теңге төлем құралының үшінші түрі болмақ. Оны айналымға 2025 жылға дейін енгізу жоспарланып отыр. Цифрлық теңгемен қатар кәдімгі ақша, онлайн төлеу, яғни қолма-қол емес ақша да қатар жүре береді. Цифрлық теңге аталған екі төлем түрінің негізгі сипаттарына ие, сонымен қатар өз артықшылығы бар. Бастысы – интернетсіз де төлем жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар цифрлық валюта ашықтыққа жол ашып, бармақ басты, көз қыстыны ауыздықтауға ықпал етеді деген де пікірлер бар, бірақ ол – уақыт еншісіндегі мәселе.

Серіктес жаңалықтары