Ұлттық құрылтай ұлт қаламгерлерінің назарында

Ұлттық құрылтай ұлт қаламгерлерінің назарында

Ұлттық құрылтай ұлт қаламгерлерінің назарында
ашық дереккөзі

Түркістанда өткен ІІ Ұлттық құрылтайда көптеген мәселе қозғал­ды, соның ішінде елдің рухани ахуалы жайында кең түрде айтылды. Әсіресе, Мемлекет басшысының әдебиет пен кино, тәрбие мен ұлттық бірлік жайында айтқан түйінді ойлары зиялы қауымның көңілінен шықты деуге болады. Сондықтан олар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баяндамасында айтылған жайларға өз пікірлерін білдіріп, ой қосып жатыр. Газетіміздің өткен санында бірнеше ақын-жазушылардың қолдауын жариялап едік, бұл жолы да бірнеше белгілі қаламгерлердің пікірін назарларыңызға ұсынып отыр­мыз.  width=Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:

ҚҰРЫЛТАЙ ЕЛДІГІМІЗДІҢ ТАҒЫ БІР ӨРІСТІ ЖОЛЫН САРАЛАП, АЙҚЫНДАП БЕРДІ

Түркістан қаласында өткен ІІ Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген мәселені көтерді. Соның ішінде әдебиеттің қамы, руханияттың үлкен ұстыны – жазушылықтың қоғамдағы рөлі, мәні туралы айтқан сөздері аса бір ұнасымды, көңілге қонатын бағыт болды. Осыдан отыз шақты жыл бұрын еге­мен­дігіміздің алғашқы кезеңінде елі­міздің бұрынғы басшысы бір әбестеу сөз айт­қаны есте. Жазушылар өз күнін өзі көр­сін дегені бар. Ол тапқырлықпен айталған сияқ­ты болғанымен төбеден түскендей, ха­лықты да, қаламгерлерді де есеңгіретін кет­кендей жағдай болды. Әрине, қаламгерлердің ара­сында бұл қалай деген аңтарылыс бол­ға­ны­мен, оның жөн еместігін батылы жетіп, өзі­не тіке айтуға ешкімнің батылы жете қой­ған жоқ. Осы кезге дейін жазушы кімнің мой­­нына мініп келген масыл еді, соншама шет қағатындай кімнің ырысын, несібесін жеп келіп еді деген сұрақ көкейде тұрды, алай­да ол кезде ондай сауалды ол адамға қою­дың өзі мүмкін емес еді. Әрине, ол көңілден кетпестей дық, кө­кей­де қалған көлеңкелі жағдай еді. Түптеп кел­генде сөз қадірін білген, сөзге тоқтаған, сөз­бен өмірдің көптеген түйткілді мәселесін шеш­кен ұлтымыздың бірегей қасиетіне кө­лең­кесін түсірді. Шынын айтсақ, содан бас­тап сөздің қадірі кетті. Оны салыстыра оты­­­рып білуге болады ғой, бұрын үлкен ме­­­­кемелерге қатысты сын айтқан, газет бе­тін­де ескерту білдірген қаламгерлерге ми­нистр­ліктерден жергілікті әкімшіліктерге дейін әбігерге түсіп жауап беріп, олқы­лық­тарды жіберген басшылар жауапкершілікке тар­тылып, қоғамдық резонанс туғызып жа­татын. Қай заманда да, қай қоғамда да қадірі бар жөн сөздің қоғамдағы, қазақ арасындағы үстем­дігі болатын. Ал әлгіндегі жағдайдан кейін сөздің құны кетіп, қоғамда азғындау бас­талды. Сөзге тұрмау, аталы сөзді сыйламау рухымызды бұзды. Міне, сондай кезеңнен де өттік, бірақ сондай қиын кезеңде күн көру үшін кей ақын-жазушылар жазуды жинап қойып асабалық жасады, небір мықты қа­ламгерлер қалталылардың өмірбаянын кітап қы­лып жазып, таланттары көмескі тартты. Қоғамдағы моральды есепке алсақ, шаш ал десе бас алатын кейбір бюрократтар, шол­таң­бай басшылар қалам ұстағандарды ма­зақ­қа айналдырып, елемеуге, ескермеуге тырысып, берекесін кетірді. Сендер кімсіңдер дейтін жағдайға жетті. Ұлт руханиятының ұсты­ны секілді сөз өнерін құлдырату, қалам­гер­лерді мұқату оларға ләззат бергендей бол­ды. Сол зиянды инерция осы күнге дейін жалғасып келе жатыр. Шынтуайтына кел­ген­де, жазушы − халықтың асыл қазынасын байытушы, сөз қасиетін ұстаушы. Маңдайы­мызға ұстап жүретін жауынгер тобымыз. Біз­дің моральдік азғындауымыздың, жастар тәр­биесінің кері кетуінің бәрінде сөз қаді­рі­нің, руханият майданында ту ұстаушылардың берекесінің кетуінің салқыны тиді. Әрине, өзге де факторлар бар болар, бірақ мен қа­лам­гер ретінде осындай келеңсіздіктерді көп байқаймын, соған көп назар аударамын. Дегенмен қандай қиындықты бастан кешсе де шынайы талант, намысты қа­ламгерлердің ешбірі асаба немесе біреудің жазарманы болып кеткен жоқ, өздерінің өнер­ге деген адалдығын сақтап қалды. «Жазу­шы өз күнін өзі көрсін» деген керкет­кен пікір үстем болып тұрған 30 жылдық дәуірдің өзінде поэзияда, прозада да, дра­матургияда да керемет үлгілер пайда болды, көштен қалып, өзгелерден терезесі төмен болған жоқ. Үлкен майдандағы ерліктей, нағыз қаламгерлер өз сертіне адал болып, шы­ғармашылық жолын жалғастыра білді. Бізде сол кезең туралы шығармалар аз, проза ойлануда деген пікірдің астарында жоғарыда айтып кеткен жайлар жатыр. Бірақ Құдайға шүкір, онымен біз төмендеп қалғанымыз жоқ. Осылай өткен жағымызға тарихи экс­курсия жасап ой айтуымызға кешегі Түр­кі­станда өткен Ұлттық құрылтайда Пре­зи­ден­тіміз айтқан ұнамды ой-пікірлер себепші бо­лып отыр. Ол көңілге жылы әсер қалды­рып, сенім ұялатты. Әрине, қаламгерлердің қаламақысын кө­теру, олардың лайықтыларына Халық жазу­шысы деген атақ беру немесе ел алдын­дағы моральдік бет-бейнесін көтеруді мәр­тебе тұту – ол жақсы нәрсе, соған біз пенде ре­тінде, қаламгер ретінде қуанамыз. Деген­мен осының астарлы, тамырлы жағына көз жү­гіртсек, ол біздің руханиятымызға айтыл­ған жақсы сөз дер едім. Өйткені осындай қол­даудың арқасында жазушылық өркендей­ді, қаламгерлерге қанат бітеді, ұмтылыс, тал­пыныс күшейеді. Осылар бар жерде хал­қыңның жеткен жетістігі мен кеткен кем­шілігі, күнгейі мен көлеңкесі таразыға тар­тылады. Оны айтатын тек қана қаламгер, оның ішінде сөз өнерінің жауынгерлері. Кешегі құрылтай елдігіміздің тағы бір өріс­ті жолын саралап, айқындап айтып, та­ратып, талқылап, жолын ашып берді. Мен бі­лерде, мұндайдан жазушының әлеуметтік, мо­ральдік, рухани өрісі кеңейіп, жауап­кер­шілігі күшейе түседі және соған сәйкес өз же­місін береді деп үміттенем, сенем.  width=Бегабат ҰЗАҚОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, Ғ.Мүсірепов атындағы сылықтың лауреаты:

КҮШТІ МЕМЛЕКЕТКЕ АЙНАЛУ – ХАЛЫҚ ПЕН БИЛІКТІҢ БІРЛІГІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ

Дүние тынышсыздана түсті. Қиял жет­пес алыста емес, іргемізде неше түр­лі сұмдықтар болып жатыр. Осындай қиын шақта алқалы жиында бас қосып, ке­лер күндерге жоспар жасаудан ұтпасақ, ұтыл­маймыз. Осы мағынада алғанда, Ұлттық құрыл­тай дер кезінде өтті деп ойлаймын. Ал оның Түркістанда өтуі мынау әлемге түгел түр­кінің, оның ішінде қазақтың да айтары ба­рын айшықтап тұрғандай. Дүние дүние болғалы геосаясат басты орында тұрады. Оған мән берілмей қалған жағ­дайларда елдіктің туы қолдан сусып кет­кеніне кәрі тарих сан рет куә. Сондықтан сол­түстігімізде – Ресей, шығысымызда – Қы­тай, батысымызда – Еуропа елдері сияқты мық­ты мемлекеттер орналасқандықтан, біз­дің бірер сәт босаңсуға, әлсіз болуға ха­қы­мыз жоқ. Бір қолдағы бес саусақ іспетті Ор­талық Азияда бес ел бар. Өздеріңізге мә­лім, бес саусақ тең емес. Кімнің қай орында тұруы өзіне байланысты. Орталық Азияда кім­нің жағдайы жақсы, экономикалық, сая­си, рухани әлеуеті зор болса, Еуразияда ме­рейі үстем болмақ. Еуразияда беделді болса, әлем­ге сөзі өтпек. Ата-бабаларымыз ғасыр­лар бойы осыны армандап, дәл осы биік мұрат жолында күресті емес пе? Мұратқа жетудің, өзгеге кіріптар болмаудың жолдары қандай? Әрине, әртүрлі пікір бар. Ондай пі­кір­лер осындай жиындарда айтылса, бағы­ты­мызды белгілеп алуға септігін тигізеді. Пікір алуандығынан қорқудың қажеті жоқ. Ең негатив пікірде де әлдебір шындық болуы мүм­кін. Ел болып, мемлекет болып тиімді ой­ларды таңдап алуға тиіспіз. Өйткені қуат­ты мемлекет өзімізге керек. Қазақтың басқа Қазақстаны жоқ! Күшті мемлекетке айналу үшін ел мен билік осылай бір-біріне құлақ са­ла, тізе қосып әрекет етуі тиіс. Ұлттық құрылтайда көптеген салаға қатысты жақсы ойлар айтылып, жос­пар­лар бекітілді. Бұл жайлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде кеңінен тоқ­талды. Экономика, саясат, әлеуметтік жағ­дай­ды өз мамандары айта жатар. Мен креа­тивті индустрия жайында айтқым келіп отыр. Мемлекет басшысы: «Креативті индус­т­рия­­ны жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Қазір медиа саласы, кино және сериал, мультфильм, спорт және музыка шоулары, компьютер ойын­дары мен кітаптар – бәрі бірігіп, бір­тұтас жүйеге айналды. Бұл жүйе озық құн­ды­лықтар мен қасиеттерді қалыптастыруға ық­пал етеді. Біздің бұл саладағы әлеуетіміз ора­сан зор. Оны толыққанды жүзеге асыру үшін нақты шаралар қабылдау қажет», – де­ген-ді. Президент бұл сөздерді бостан-босқа ай­тып тұрған жоқ. Аталмыш саладағы олқы­лықтарды біліп тұр. Отыз жылда БАҚ та, кино өндірісі де, әдебиет те дағдарысқа ұшы­рады. Ең әуелі БАҚ мәселесіне (мем­ле­кет­тік БАҚ-тар) тоқталсақ, «Самұрық-Қазы­на» ұлттық әл-ауқат қоры, «Бәйтерек» хол­дин­гі сияқты, БАҚ-ты да оңтайландыру ке­рек. Қазір газет-журнал немесе сайтта 6 адам жұ­мыс істесе, 60 адам соның арқасында сау­сағын қимылдатпай күн көріп отыр. Қа­лайша? Шығармашылық ұжымын ЖШС-ға тәуелді етіп қойған. Оны мүлде бөгде саланың адамдары басқарады. Сол бөгде адамдардың жалақысы журналистерден анағұрлым жоғары. Телеарналарда да, ақ­па­рат агенттіктерінде де осындай ахуал. Ақпа­рат министрлігі бар елге арадағы делдал ЖШС, холдингтердің не қажеті бар? Қаржы, жалпы басқару тетігі тікелей бас редакторға берілуі тиіс деп ойлаймын. Сол кезде ғана журналистің мәртебесі көтеріліп, жағдайы жақсармақ. Ақпарат саласы үлкен идеологиялық күш. Мәселен, кезінде «Балапан» телеар­на­сы­ның ашылуы жақсы эффект берді. Сон­да­ғы мультфильмдерді көрген оңтүстіктегі көр­шілердің балаларының қазақша сайрап жүр­гендерін өз көзіммен көрдім. Осы ба­ғыт­тағы жұмысты күшейту шарт. Идеологияның тағы бір маңызды саласы – кино. Алпауыт елдердің мә­дени экспансиясы кино арқылы жүр­гі­зі­ле­тіні ешкімге таңсық емес. «Жаужүрек мың ба­ла» қазақтың рухын көтерді, тарихқа құр­метпен қарауға үйретті. Мемлекет бас­шысы айтқандай, осылайша өз тұлға­лары­мызды дәріптеуге тиіспіз. Бір өкініштісі, бұл мә­селеде ұсақталып, тайпа, ру деңгейіне тү­сіп кетіп жүрміз. Мұндай кезде рулық тұл­ғалар төрге озып, ұлттық тұлғалар далада қа­лып жатыр. Далада қалған тұлғаға әрқа­шан ие болғысы келетіндер табыла кетеді. Оңтүстіктегі көршілеріміздің тарихшылары әлеуметтік желіде бірнеше жылдан бері «Жалаңтөс баһадүрдің қазаққа қатысы жоқ» деген идеяны таратып жүр. Біздікілер жұм­ған аузын ашпаған соң баһадүр бабаны өзі­нікі етіп, кино түсіруде. Етек-жеңімізді жи­намасақ, есемізді жібереміз. Президент елдегі мектеп кітап­ха­на­ларында 130 миллионнан астам кі­т­ап барын, бірақ көркем әдебиеттің үлесі аздау екенін айтты. «Балалар кітапханасы» жобасы қолға алынса, балалар жазушы­лары­на да көңіл бөлініп, Молдахмет Қаназ сияқ­ты классиктеріне еш ойланбастан қайта та­ғайындалғалы жатқан «Халық жазушысы» ата­ғын беру керек. Бізде Мұзафар Әлім­баев­тан кейін мемлекеттік сыйлық алған балалар жазушысы жоқ. Бұл атақты мемлекеттік сый­лық сияқты жерлес, руластарға таратып не­месе араағайын арқылы сұрағандарға бе­ріп, беделін қашырмай, лайықты қалам­гер­лер­ге берген жөн. Сайлаубай Жұбатырұлы, Мейір­хан Ақдәулет, Шәкизада Әбдікәрімов, Бай­бота Қошым-Ноғай, Қуаныш Жиенбай, Қуан­дық Түменбай, Серік Байхон, Жүсіпбек Қор­ғасбек, Құдияр Біләл, Қасымхан Бегман, Са­быр Адай, Светқали Нұржан секілді қалам­герлер атаққа әбден лайық. Тұлғаларды ба­ға­лауда шынайылық болсын. Осы жерде бірдеңені айта кеткен жөн: біз әдетте, белгілі бір министрліктің басшысы жақынын қыз­мет­ке қойса немесе мақсатты бөлінген қар­жы­ға қол салса, өкілетін асыра пайдалану мен жемқорлықта айыптаймыз. Ал Жазу­шы­лар одағына ірілі-ұсақты қызметке келгендер сый­лықтың бәрін сыпырып алып, есебін тү­гендесе, күлеміз де қоямыз. Негізі, бұл да өкі­летін асыра пайдалануға жатады емес пе? Сон­дықтан кез келген қаламгер Жазушылар ода­ғына сыйлық алу үшін емес, өзге әріптестеріне, жалпы, әдебиетке қызмет ету үшін келу керек. Мемлекет басшысы келелі кеңесте басты бағыт-бағдарларды белгілеп берді. Оны жүзеге асыру әрбірімізге байланысты.  width=Патигүл Махсатова, Қазақстан Жазушылар одағы ұйғыр әдебиеті кеңесінің тө­райы­мы, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:

БӘРІМІЗДІҢ МІНДЕТІМІЗ

Түркістан қаласында өткен «Әділетті Қа­зақстан – Адал азамат» Ұлттық құрыл­тайы­ның екінші отырысында Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөй­ле­ген сөзі біз, қазақстандықтарды терең жаңа ойларға, жаңа бастауларға жетелейді, әл­бет­те. Мемлекет басшысы өз сөзінде әділетті Қа­зақстан құру жолындағы сегіз бағытқа бө­лінген өзекті мәселелерге жан-жақты тоқ­талды. Президентіміз сегіз бағыттың ішіндегі бас­қа салалар қатарында идеология мә­се­ле­сіне кеңінен тоқталып, бұл салада атқары­ла­тын жұмыстардың негізгі бағыттарын ай­қындап көрсетіп берді. Әр ұлттың, қай ке­зеңде болмасын, алдында тұратын ұлы мін­деттерінің ең бастысы – өзінің ісін, өмі­рін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәр­биелеу. Қасым-Жомарт Тоқаевтың келе­шек ұрпақты дұрыс тәрбиелеу туралы айт­қан­­дарынан «Әділетті Қазақстан азаматы қан­дай болу керек?» деген сұраққа жауап алу­ға болады. Мемлекет басшысы тәрбие мен білім беру біріккенде ғана гармониялық, жан-жақты дамыған тұлға қалыптасатынын не­гізге ала отырып, «мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойы­на біліммен қатар адамгершілік құн­дылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті», деді және басты назарды келешек ұрпақты ұлт­тық рухта тәрбиелеудің негізі болған әде­биет­тің бала тәрбиесіндегі рөліне қаратты. Себебі бүгінгі интернет заманында ға­сыр­лар қойнауында қалыптасқан ұлттық тәрбиені, адамгершілік асыл қасиеттерді жастар бойына қалыптастыру аса маңызды мін­деттердің біріне айналып отырғаны дау­сыз. Сондықтан ұлттық мәдениеттің, әде­биет­тің тарихы мен болашағы да мектептегі жас ұрпақ тәрбиесіне байланысты. Еліміздің бүгінгі қол жеткізген жетістіктерімен бірге тари­хи тұлғалардың өз отаны, халқының ба­қыты үшін кешкен өмір жолымен кең та­ныстыру арқылы жас ұрпақты халқының тарихына қызықтырып, оларға патриоттық, эс­тетикалық, адамгершілік тәрбие беруде әде­биеттің атқаратын рөлі ерекше. Қазақстан – бәріміздің ортақ үйіміз бол­ған­дықтан, оның бүгіні және келешегі үшін әр­бір қазақстандық жауапты болуы керек жә­не «келешек жастардың қолында» деп сөз жү­зінде айтпай, адал, отаншыл, бойына жал­пыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды сіңір­ген, еңбекқор келешек ұрпақты тәрбие­леу­ге өз үлесімізді қосуымыз өте қажет. Мемлекет басшысы өз сөзінде этно­сара­­лық бірлікті нығайтуға да баса көңіл бөлді. Әлбетте, әділетті жаңа Қазақстан құру­дағы ең маңызды мәселелердің бірі елі­міз­дегі бірлікті, ұлтаралық достықты нығай­ту және бұл тұрғыдан да ақын-жазушылар­дың қосатын үлесі зор деп білемін. Шы­ғар­ма­шылығы арқылы әдеби достықты мәңгілік дос­тыққа айналдырып, бұл алтын көпірді ны­ғайту жолында тер төккен ата-баба­лары­мыз­дың достық эстафетасын келешек ұр­пақ­қа ұстату жауапкершілігі бізге жүктелген екен. Президентіміз өз сөзінде айтқан бағыттар мен бастамаларды қолдап, жүзеге асыру – бәріміздің міндетіміз.  width=Әлібек БАЙБОЛ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы:

ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ ҰЛТТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУГЕ ТИІС

Әуелгі Ұлттық құрылтай Ұлытауда өткен еді. Енді міне, түбі бір түркі жұртының кін­ді­гі – Түркістанда бас қосты, жұрт. Мемлекет бас­­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жиын­ның маңыздылығын атап өтіп, атқарылуға тиіс жұмыстарды айқындап берді: «Ұлттық құрылтай бұл арқаны кеңге салып отыра­тын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қа­былдар кезде немесе елге қатер төнген сын са­ғатта құрылтай шақырған. Бүгінгі құрыл­тай­дың отырысы еліміздегі қайғылы оқиға­дан кейін өтіп жатыр. Абай облысында ала­пат өрт шығып, азаматтарымыз қаза тап­ты. Тағы да қайталап айтқым келеді: біз мұн­дай оқиғадан сабақ алуымыз керек, нақ­ты шешімдер қабылдауымыз қажет». Пре­зидент наурыз айындағы Жолдауында құ­рыл­тайды шақыру жөнінде бастама кө­тер­ген-ді. Қазақ тарихнамасында жазылғандай, Түр­кістан – еліміздің рухани, мәдени орта­лы­ғы, сананы жаңғыртатын саңлақ қала, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан стра­те­гиялық нысан. Алаш үшін ауқымды ша­ра­ның дәл осы орында өтуінің өзіндік сыры бар. Себебі Құл Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жа­нында «күнде жиын, күнде той» өтетін атақ­ты Күлтөбе бар. Кезінде сол Күлтөбеде күллі қазақтың тағдыры шешіліп отырған-ды. Бұл туралы Президент былай деді: «Ұлт тағ­дыры сынға түскен сәттерде бәрі ақыл­дасып, елдің болашағын айқындаған. Қалың жұрт салиқалы сөзге тоқтап, ел бастаған ерлеріне көш тізгінін ұстатқан. Бір ел, бір халық болып, сыртқы қатерге қарсы тұрған. Қа­зақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы бол­ған киелі Түркістан болашақта да осы мәр­тебелі миссиясын атқара береді. Қанша дәуір өтсе де, ұрпақтар сабақтастығы үзіл­мейді. Биылғы құрылтайдың сипаты – өзге­ше, мазмұны да – ауқымды». Негізінен, Ұлт­тық құрылтайда сегізге тарта мәселе қозға­лып­ты. Бұлардың қатарында мемлекеттік ны­шандарды жетілдіру, ұлттық брендті на­сихаттау, біртектес ұлттық кодымызды паш ету, ұлттық тарихи сана-сезімді жаңғырту, мәдени мұраларымызды дәріптеу, тарихи тұл­ғалардың тізімін дайындау, ономастикаға ден қою, ұрпақ тәрбиесі, буллинг, поли­ция­ның жұмысын жандандыру, ақпарат тиім­ді­лігін арттыру, масс-медиаға мән беру, кино са­ласына қолдау көрсету, шекаралас аймақ­тар­ды дамыту, мемлекеттік аппаратты кү­шей­ту, т.б. сол секілді бастамалар көтерілді. Біз­діңше, Ұлттық құрылтай ұлттық мәсе­ле­лер­ді шешуге тиіс. Ұсыныстар орынды. Енді, со­ны жеделдетіп жүзеге асырған жөн. Кезін­дегі құрылтайлар үлкен жорық, әскер жасақ­тау, қоныс аудару, халықтың әлеуметтік мә­се­лесін шешу, т.б. мәселелер туындағанда ша­қыртылған. Ал қазіргі кездегі Қазақстан ал­дын­да геосаяси ахуалды бақылап отыру, ел­дің әлеуметтік жағдайын түзеу, моно­по­лия­ны жүгендеу, бағаларды тұрақтандыру, қым­батшылықты, жұмыссыздықты жою, виза, жаңа өндірістерді ашу, импорт, экспорт түйткілдерін шешу секілді өткір мәселелер тұр. Әуелі, осыларды реттемей жатып мемле­кет есебінде алға жылжи алмасымыз анық. Со­дан кейін ғана барып өзге дүниелерге кө­ше аламыз. Атырауда атақты Сарайшық маңында өтетін Ұлттық құрылтайға дейін осы айтылған мәселелер өз шешімін табады деп сенеміз.

Дайындаған Ахмет Жұмағалиұлы