50309
Министрлер жазғы демалыста немен айналысады?
Министрлер жазғы демалыста немен айналысады?
Министрлер Үкімет кулуарында биыл жазғы демалысты қалай өткізетіні жөнінде журналистердің сұрағына жауап берді, деп хабарлады turkystan.kz Айқынға сілтеме жасап.
Жылыту маусымына дайындық аясында ҚР Энергетика және Ұлттық экономика министрлері жазғы демалысқа шықпайды. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі өз демалысын Премьер-министрмен келісіп үлгерген.
Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте жылыту маусымына дайындықты қысқа дейін аяқтауды тапсырған болатын.
«Әкімдік қызметкерлері, әсіресе басшылық осы жазда демалысқа шықпауы керек. Қазір 2-3 апта демалысқа кетсеңіздер, мұны диверсия деп есептеңіздер. Жұмыс көп. Күні-түні жұмыс істеу керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Осы ретте ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өткен жылы да, биыл да ешқандай демалысқа шықпайтынын айтты.
«Мен де әлі демалысқа бармайтын шығармын. Үкімет кестесі тиісті түрде бекітіледі», – деп толықтырды ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев тілшілер сұрағына берген жауабында Президент тапсырмасы Астана әкімі аппаратына қатысты екенін айтты.
«Демалысқа жалпы жоспар бойынша барамын, мұны Премьер-министр мақұлдады. Жылыту маусымына қарай орталық мемлекеттік орган – нақты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі дайындық үшін барлық қажетті жұмыстарды жасады», – деп жауап берді министр.