– Түркістанда екінші құрылтай өтті. Әсері қандай? Ел Президенті Қ.Тоқаев қатысып, көп қиын түйіннің күрмеуін шешкендей болды. Соның бірі – Қазақстан Жазушылар одағына деген жаңаша көзқарас, одақты мемлекет қамқорлығына алу мәселесі. Демек, тарыдай шашылып жүрген қаламгер өкімет қарауына еніп, қаламақы алып, еңбегінің жемісін жесе, бұл олар үшін «аңсаған бақыт жұлдызы» дер едік. Ол үшін одақ жұмысын қайта құрып, шығармашылық кеңестер жұмысын жандандырып, таза қаламгерлік ахуал туғызу қажет. Бұрынғы Әдебиетті насихаттау бюросын қайта құрып, Әдеби қорды қайта «тірілту» керек-ақ. Сонда «үйкүшік» болып қалған жазушының жүріп-тұруына, халықпен араласып, кейіпкерлерімен жүздесуіне оңтайлы сәт туар еді. Президент кітап ісін жандандыруға қатты көңіл бөліп, «Мен армандаған кітапхана» деп ұрымтал сөз айтты. Жақсы кітап жазу үшін жазушыға жақсы жағдай керек. Ол кітапханадан өз кітабын көрсе, жүрегі жарылардай болып қуанар еді. Ол үшін кітапхана жүйесі жаңаша бағытқа көшіп, әр жерде тарыдай шашылып жатқан өтімді кітаптардың басын біріктірген жөн. Әйтпесе, әркім өз ақшасына шығарған өмірбаяндық немесе газет материалының басын құраған көркем әдебиетке қатысы жоқ кітаптар сөреде сығылысып тұр. Оқырман мұндай кітаптарды көргеннен-ақ басын бұрып әкетеді. Шетелшіл болып кеттік. Шетел әдебиетіне аузымызды ашып, көзімізді жұмамыз. Сондай дүниелер өзімізде де бар. Тек кітапхана сөрелеріне жетпей жатыр. «Өз жақсымызды жаттай сыйлайтын» кезеңге жеттік қой. Бұл үшін рухтың қос қанаты – Жазушылар одағы мен кітапханалар жүйесі бірлесіп жұмыс істесе қаламгер де, оқырман да биікке самғар еді. Ауыл кітапқа сусап отыр, ауыл кітапханаларына кітап қажет. «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыру, тәулік бойына жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу халықтың рухани дамуына айтулы қадам болары анық. Мұның бәрінің түп-тамырында жазушы деген қарапайым қалам иелері тұр. Халық пен қаламгер – бір ұғым. «Халық жазушысы» деген құрметті атақты қайтару − білгеннің ісі. Оу, жазушының халықтан басқа сүйенері бар ма? «Еңбек сіңірген қайраткер»-ден аяқ алып жүре алмайсың, оқуды биыл бітіріп, келесі жылы қайраткер болып жатқандарды көріп, жағаңды ұстайсың. Жазушы деген басқа кәсіп иелерінен бөлекше, халықтың жүрегіне ұя салған ерекше тұлға, ол – тізілген көп қайраткердің бірі емес. Халық қаламгерді өз қалауымен қайраткер қылып алады. Осы жыл құсындай қайта оралған жаңалықты қаламгер қауым ақ жүрекпен қарсы алды. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, іс басына жаңа бағытта жөн сілтейтін жаңа лек келіп, жақсы іске жол салса, сол жолда тек исі бұрқыраған гүл өсіп тұрары айдан анық. Сонда біздің болашағымыз да жарқын болмақ.Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ, филология ғылымдарының кандидаты, Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі, ақын: БІЛУГЕ ҚҰШТАРЛЫҚТЫҢ БІР КІЛТІ
- Биылғы Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев назар аудартқан бірнеше қадау-қадау мәселе бар. Соның бірі – кітап шығару, кітап оқу мәдениетіне қатысты. Ол өз сөзінде: «Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Басқа жол жоқ», – деді. Біз оқырман қауымға «Қандай кітап оқып жүрсіз?» дейтін сауалды сирек қоятын болдық. Ал шын мәнінде, білімнің көзі кітапта екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Ендеше жас ұрпақты кітап оқуға ынталандыру үшін өзіміз көп оқып, оқығанымызды үйде де, түзде де жалықпай насихаттап отыруымыз керек. Осыдан аз уақыт бұрын мен Лев Толстойдың «Анна Каренинасының» Ғали Орманов аударған қазақшасын оқып шығып, аудармашының асқан шеберлігіне тәнті болдым. Толстойдың ой орамдарын, философиясын бүкіл стилін сақтай отырып аударудың мұндай озық үлгісі барын біреу білсе, біреу білмес. Әсіресе, шетел тілдерінен аударма жасап жүрген жастарымыз үйренетін-ақ үлгі! Өздерінің қиын да қызықты балалық шақтарымен астастыра, мөлдірете жазған Сайын Мұратбековтің, Бердібек Соқпақбаевтың, Бауыржан Момышұлының, Шерхан Мұртазаның, Марат Қабанбаевтың т.б. кітаптарын мектептегі әдебиет пәнінің мұғалімдері шәкірттерінің құлақтарына құйып отырса, қанеки. Кітап оқудың бір құпиясын философ А.Шопенгауэр былай деп жеткізеді: «Кітап оқу дегеніміз – өзіңнің емес, өзгенің басымен ойлау деген сөз». Әуезовті, Аймауытовты, Майлинді, Мұқановты, Мүсіреповті, Ахтановты, Есенберлинді, Кекілбаевты, Мағауинді, Жұмаділовті т.б. оқып отырғанда, біз солардың ойлау әлеміне сүңгиміз. Өзгенің ойлау әлемін меңгеру деген өнерге, әдебиетке шексіз құштарлықтан туады. Ал білуге құштарлық біліммен бекиді. Шетел әдебиетінің жауһарларын қазақ оқырмандарына ұдайы ұсынып жүрген «Мазмұндама» баспасының қадамына назар аудартқым келеді. Ұлттық құрылтайда жастарды әлеуметтік желінің торынан бірауық шығарып, кітапқа қарай бетбұрыс жасаудың жолдарын іздеу керегі жөнінде өте орынды айтылды.Нұрдәулет АҚЫШ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, жазушы: ҚҰРЫЛТАЙ СЕРПІН БЕРГЕН ОЙЛАР
- Түркістан шаһарындағы кезекті құрылтайдың екінші отырысы Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бергі кезекті тарихи оқиғаға айналып отыр. Ондағы көтерілген мәселелердің ішінде, әсіресе, ұлттық идеологияны қалыптастыру жөнінде айтылған әңгімелердің салмағы бөлек. Бұл тақырып ел Президенті Қ.Тоқаевтың сөйлеген сөзінде айқын көрініс тапқан болатын. «Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады» деп аталатын бұл сөзді сараптауға толы салиқалы баяндама деп атасақ та болар еді. Онда өзекті деген тақырыптардың негізгілері түгелге жуық қамтылды. Жазушы әрі әдебиеттанушы ғалым ретінде менің назарымды ерекше аударғаны – Қазақстандағы кітап басып шығару ісіне байланысты айтылған әңгімелер. Шынында да, жекелеген баспагерлер мен қазақша жазатын қалам иелері қаншама тырысса да, бұл мәселе әлі күнге толығымен жолға қойылған жоқ. Өз өнімдерін заманауи талаптарға сәйкес жоғары сапада шығарып келе жатқан жекелеген баспалардың еңбектерін жоққа шығара алмасақ та, тұтастай алғанда бұл мәселенің түйткілді тұстары қалам ұстаған жандарға, әдебиетқұмар оқырмандарға жақсы таныс. Әсіресе, шыққан кітаптардың оқырман қауымға, соның ішінде алыс ауылдардағы кітапханалар мен дүкендерге жете бермейтіні қынжылтады. Әдетте, мұндайда сөрелерде алдымен орын алып жататын – қалталы азаматтардың қаржысымен аты-жөндері көпшілікке бейтаныс авторлардың жақсы безендіріліп шығарылған кітаптары. Бәз біреулер зейнеткерлікке шығып алғаннан кейін өз өмірбаяндарын жазса, енді бір кітаптар арнайы тапсырыспен жазылған жекелеген ауқатты тұлғаларды дәріптеуге арналған дүниелер. Ашығын айтатын болсақ, бұлардың екеуі де жалпы оқырманды қызықтырмайды. Оларға керегі – елге танымал қаламгерлердің жазған, тіпті солардың ертеректе жазылса да, әдеби ортада ғана емес, оқырмандар арасында да бедел алған белгілі туындылары. Сонымен бірге әдебиет өлкесіне жаңадан келіп, бақтарын сынап жатқан жас қаламгерлердің де жазғандарына назар аударып жататын оқырмандар да бар. Енді осы мәселенің бір түйткілді тұстарына назар аударалық. Ол – шын мәніндегі көркем әдебиеттің жеткілікті насихаттала бермейтіні. Электрондық ақпарат құралдары жаппай басып кеткен заманда жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятудың қиын екенін Президентіміз Түркістан құрылтайындағы өз сөзінде атап айтты. Ол кісінің «Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Басқа жол жоқ» деген түйінді сөзі идеология майданында жүрген баршамызды қамшылайтын, заман ағымына сай жаңаша әдіс-тәсілдерді іздестіруге бағыттайтын декларациялық ой десе де болады. Бұл істе қатардағы қаламгерлермен бірге педагог әдіскерлер, педагог ғалымдар, жалпы ата-аналар жұмыла ойластырып, нақты қадамдарға баруы тиіс. Заман талаптарына орай жас ұрпаққа кітап оқытудың жаңаша нұсқаулықтарын жасап, кеңінен таратып жатса, тіпті жарасар еді. Тілі шығар-шықпастан смартфонға жабысып алған бүлдіршінді одан ажырату оңай емес, мүлде ұстатпаудың амалы жоқ болар. Бірақ шектеудің мүмкіндігін әрқайсысымыз-ақ табуға тиістіміз. Президенттің жаңағы сөзіне салатын болсақ, «басқа жол жоқ». Әдебиет маңында жүрген баршамызды қуантқан бір жағдай – Қ.Тоқаевтың «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсыруы. Бірақ бұл арада ол бағдарламаны нақты қай ведомоствоға тапсырылатыны ашық айтылған жоқ. Сонда да болса иедеологиялық мекемелер өздері қолға ала жатар деп жобаласа керек. Менің ойымша, осы «Балалар кітапханасын» жасақтау үшін ведомоствоаралық арнайы салиқалы жұмыс тобын құру керек. Ол топтың құрамына Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары оқу орындары, Мәдениет және спорт министрліктерінің, республикалық Кітап палатасының өкілдері, кәсіпқой әдебиеттанушылар, соның ішінде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясының ғалымдары, педагогика саласының, яғни, жоғары оқу орындарының, колледждер мен жалпы білім беретін мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті оқытушылары мен мұғалімдері кіруі тиіс. Бұл арада «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген мақалды берік ұстанудың айыбы жоқ. Өйткені бұл маңызды бағдарламаны кім көрінгенге тапсыра салуға болмайды. Жауапты лауазым иелері осыны ескерсе екен. Жалпы, қандай әдеби шығарма болмасын оның көркемдік-эстетикалық ерекшелігі, жалпы адамзатқа тән ортақ ұстанымы бірінші орында тұруы орынды. Көркемдік-эстетикалық ерекшелік деген не дейтінге келетін болсақ, ол алдымен, әдеби шығарма тілінің әдеби нормаға сәйкес келуі, яғни сөздің, ішінде, сөйлемнің ішінде бөтен кіріспе сөздердің, кірме сөздердің аз кездесуі, диалектілер, архаизм, тиісті мамандыққа орай қолданылатын сөздер мен терминдердің мейлінше аз болуы шарт. Қолданыла қалған күннің өзінде оқушының санасына қиындық келтірмегені жөн. Қандай жастағы балаларға арналса да, алдымен ондай тізімге енетін шығарманың қай-қайсысы да көркем әдебиетке қойылатын ортақ көркемдік-эстетикалық талаптарға сай болғаны абзал. Яғни, қалай болса солай қара дүрсін жазыла салған, зорлық-зомбылықты, ізгілікті қоғамға жат имансыздықты суреттейтін, фашизмді, неонацизмді насихаттайтын шығармалар жарамайды. Бір сөзбен айтқанда, «Балалар кітапханасы» бағдарламасын жасау біраз бейнетті, берекелі еңбекті қажет етпек. Құрылтай салған ойлардың бір парасы осындай.Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі: ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН ҚҰРУҒА АРНАЛҒАН ІЗГІ ҚАДАМ!
- Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы Ұлт ұясы – Ұлытауда өткізілгені мәлім. Осы ізгі үрдіс биыл киелі де қасиетті Түркістан қаласында жалғасты. Бүкіл ел болып құлақ түрген бұл алқалы басқосуда ұлттық мүдде мен мемлекеттік маңызы зор мәселелер талқыланды. Тың бастамалар көтерілді. Сондай-ақ алғашқы құрылтайда Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысы туралы есеп берілді. Өйткені ол жиында қордаланып қалған өзекті мәселелер қаралған болатын. Сондықтан олардың оң шешілуі – өте маңызды. Қазақтың хан-билері Күлтөбенің басында келелі мәселелерді шешу үшін жиын өткізгені тарихтан белгілі. Сол үрдісті шежірелі шаһарда жалғастырудың себебін де Мемлекет басшысы түсінікті етіп жеткізді. – Түркістан ғасырлар бойы қазақ халқының маңызды саяси орталығы болып келді. Қазақ мемлекетінің бас қаласы ретінде тарихқа алтын әріппен жазылды. Көптеген хан осы жерге ордасын тігіп, ұлан-ғайыр далаға билігін жүргізген. Қара қылды қақ жарған билеріміз түрлі дау-шарға төрелік айтқан. Ел-жұртын береке-бірлікке шақырған. Мұның бәрі еліміздің ерте заманнан бері бір орталықтан басқарылған біртұтас мемлекет болғанын көрсетеді. Сондай-ақ қазақ мемлекеттілігінің тамыры тым тереңде жатқанын білдіреді. Ұлы дала төрінде Жошы хан әулеті Кенесары ханға дейін 6 ғасырдан астам уақыт ел басқарды. Тіпті әлем тарихында мұндай мысалдар көп емес. Біз қазір бабаларымыз кеңес құрған әйгілі Күлтөбенің іргесінде отырмыз. Әбіш Кекілбаев «Қазақ рухының қағбасы» деп атаған Ордабасы осы жерге тиіп тұр. Осынау әйгілі төбелерде халқымыздың игі жақсылары сан рет бас қосқан. Ұлт тағдыры сынға түскен сәттерде бәрі ақылдасып, елдің болашағын айқындаған. Қалың жұрт салиқалы сөзге тоқтап, ел бастаған ерлеріне көш тізгінін ұстатқан. Бір ел, бір халық болып, сыртқы қатерге қарсы тұрған. Қазақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған киелі Түркістан болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара береді. Сондықтан осы аймақты басқарып отырған басшыларға зор жауапкершілік жүктеледі, – деді Президент. Алқалы басқосу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі сегіз мәселеге айрықша тоқталды және алдағы уақытта бұл мәселелер оң шешімін табатынына сендірді. Бұл – сөзден іске көшудің керемет үлгісі! Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Қазақстанның халық жазушысы» атағын қайтару туралы Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтің ұсынысын қолдайтынын айта келіп: – Жалпы, мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдаймын. Туындылар оқырмандарға қолжетімді болуы керек деп ойлаймын. Ал жазушыларымыздың шығармалары халық арасында, әсіресе, жастар арасында сұранысқа ие болуы керек. Мұның бәрі – мемлекеттің ғана емес, жазушыларымыздың да міндеті. Оқырман қауым қаламгерлерден халыққа рухани азық болатын тың дүниелер күтеді. Жазушылар одағы осы жұмысқа ұйытқы болады деп сенемін. Осыған байланысты, мен Мереке Құлкеновтің «Қазақстанның халық жазушысы» атағын қайтару туралы ұсынысын қолдаймын. Бұл атақ атына – заты сай, лайықты, туындылары арқылы халық сүйген жазушыларға ғана берілуі керек деп санаймын, – деді. Сондай-ақ «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарлама жасау және тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу туралы бастама көтерді. Мұның бәрі – Әділетті Қазақстан құруға арналған игі де ізгі қадам!
Дайындаған Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ