657
Тілі кеткеннің тіні кетеді
Тілі кеткеннің тіні кетеді

Расын айтайықшы, бүгінде айтыла бастаса жұрттың аллергиясын оятатын екі нәрсе болса, бірі – тіл мәселесі. Неге? Себебі тым көп айтылды. Білетін де айтты, білмейтін де айтты. Бәрінен көп зиянын тигізген – «Қашқанға да, қуғанға да серік болғандар». Сөйтіп, «Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылды» деген жағдайға түсті бұл мәселе. Ең жаманы, қанша көп айтылса соғұрлым оған мән бермеу күшейді.
Бір қарағанда, эмоцияға толы мәлімдемелердің әсері күшті сияқты, алайда қандай әрекет болса да ол қайталана бергендіктен қарсылық тудырады, сөйтіп бастапқы жағымды әсер – көпке жағымсыз әсерге айналады. Тіл мәселесінің жағдайы да осы халде.
Пәлсапа ғылымын көбіміз теория жүзінде ақылды болуды үйретеді деп үстірт түсінеміз, бірақ оның өмір тәжірибесі тудырған ғылым екенін ескере бермейміз. Ал ол – шындығында, бәрін ақылмен болжауға, түрлі салыстырулар арқылы ақиқатқа жету, шындықты табу жолдарын ұқтырады. Былайша айтқанда, қандай әрекеттің соңы қандай нәтижеге жеткізетінін ғылыми тұрғыдан сараптап түсіндіреді. Бірақ ол көптің көзін жеткізіп, көкейіне қона бере ме? Сондықтан әу баста тіл мәселесімен білетіндер айналысып, басқамыз тыңдап, айтқанды істеуіміз керек еді. Өйтпедік, бәріміз жабыла жамырап, біздің білетініміз бар деп көкірек соғуды тоқтатпадық. Ақыр-соңы тұйыққа тірелдік. Байқасақ тіл мәселесі де үлкен жолда жатқан ауыр тас секілді екен...
Тіл – жанды құбылыс, ол кең түрде қолданыста болмаса тозып әрі кетеді. Бүгінгі қазақ тілінің басында да сондай жағдай бар. Себебі тұтынушы аз. Пайдаланатындардың өзі толық игермеген.
Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алғанның өзінде неге дамымай, жаппай қолданысқа түспей жатыр?
Байқап қарасақ оның көптеген себептері бар. Біріншіден, қазақтың көбісі оны білмейді, екіншіден, қазақ тілі мектептерде жөнді үйретілмейді, үшіншіден, бұл тілде ақпарат алу не ақпарат таратуға кедергілер бар, төртіншіден, мемлекеттік саясат пәрменді емес.
Көріп отырмыз, қазақ тілін үлкендер, яғни орта жастан асқандар ғана жақсы біледі деуге болады. Оның себебі: бұрынғы кезде қалаларда қазақ мектебі өте аз болғандықтан, адамдар балаларын орыс мектебінде оқытуға мәжбүр болды да, содан балалардың тілі орыс тілінде шықты. Енді бала-шағаларымен орыс тілінде сөйлесіп өскендіктен, олар да балаларын орыс мектебіне берді. Содан келіп қазақ тілін білмейтін қазақтар көпшілік болып шыға келді.
Тәуелсіздіктен бері қазақ мектептері көбейгенімен, онда оқитын балаларға тілді жақсы меңгеруге жағдай жасалған жоқ. Елімізде қайта-қайта мектеп реформасы өзгере беріп, ақыр-соңында мектеп оқулықтары қазақ тілін үйретуге дәрменсіз жағдайға түсті.
Баспасөз құралдары көбейгенімен, онда, әсіресе телеарнада біраз жылдар бойы орыс тілінің үстемдігі болды. Тіпті, хабар таратуға 50/50 принципіне жете алмай келдік. Оның үстіне мемлекеттік мекемелер қазақ тілінде емес, орыс тілін алға шығарып, ақпарат тарату, сұхбат беру, іс қағаздарын жүргізуде орыс тіліне басымдық берді. Қаншама мемлекеттік тіл дегенімізбен, мемлекеттік мекемелердің басшылары орыс тілінде сайрап, қазақ тіліне шорқақ болғаны себепті мемлекеттік тілдің мәртебесі өспеді.
Түрлі заңдар алдымен орыс тілінде жазылып, кейін қазақшаға аударылатындықтан, қазақ тіліндегі заңның тілі адам түсінбейтін дәрежеге жеткен соң жұрт амалсыз заңның орыс тіліндегісіне жүгінетін болды. Себебі заңның қазақ тіліндегі түрі орысшадан сөзбе-сөз аударылған, аудармада қазақ тілінің стилистикасы ескерілмеген.
Тіл мәселесіне қатысты түрлі конференциялар өткізіліп, заңдар қабылданғанымен тілді мүшкіл халге жеткізген факторлар зерттелмегендіктен, істелген істен нәтиже болмады. Сөйтіп, ең соңында тіл мәселесі популистік мәлімдемелер жасайтындардың қолжаулығына айналды...
Жақсы болсын, жаман болсын әр мәлімдеменің де әсері болады. Қазақ тілін қорғағансып, оны өзінің саяси мүдделеріне пайдаланғыштардың кесірінен тілді өзіміз қоғамда кең түрде пайдалануды ұстанбай, тек тіл білмейтін өзгелерге қысым жасауға ұластырып алдық. Мұның соңы қазақ тілін білмейтін не білгісі келмейтін топтардың қарсы агрессиясын тудырды.
Әрине, мемлекет құраушы халықтың тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алған соң оны талап ету болмай тұрмайды, бірақ соны сараланған ғылыми тәсілмен, заңдық тұрғыдан іске асырмағандықтан игі мақсаттар айқай-шудың тасасында қалып кетеді. Мұндайда мемлекет нақты ұстанымда болуы тиіс еді. Өкініштісі, біз билік жақтан ондай нақты ұстанымды көрмей отырмыз.
Бүгінгі қазақ тілінің дамуына, барлық салада қазақ тілінің үстемдігін қалайтын тек қазақы орта ғана. Ал тілге селқос қарайтындар қарапайым қоғам мүшелерінен бастап, мемлекеттік қызметкерлерге дейінгі аралықта өте көп. Біз әлі күнге соның зардабын тартып келеміз.
Былай қарағанда ештеңе білінбейтін сияқты, ал шын мәнінде қазақ тілінің басына бұлт үйріліп тұрғалы ширек ғасырдан аса уақыт өтті. Қазақ тілі калькадан көз ашпай қалды, тілді білем дегендердің өзі қазақ тілінің грамматикалық заңдылығы мен кальканың айырмасын білмейтін жағдайға жетті. Қазақтың төл дыбыстарын айта алмайтын ұрпақ өсіп келеді. Қазақ тілінің тазалығына мән бермейтін ақпарат құралдары қаптап кетті. Бұл қазақ тілінің болашағына үлкен қауіп!
Кинолары көруші аз деп өзге тілде шығатын, баспасөзі тілін калькаға айналдырып алған, мемлекеттік қызметкерлері орыс тілі маған ыңғайлы деп өзге тілде сөйлеуге дайын тұратын, түрлі қызмет көрсету орындары мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді қажет деп таппайтын, мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді сұрағандарға министрлері «үңгір ұлтшылдығы» деп айып тағатын, «Ұнамаса көшіп кет» деп тәмсіл айтатын, мектебі нашар оқулықтардың кесірінен тілді жөнді үйрете алмайтын жағдайға жеткен елде мемлекеттік тілдің жағдайы шынымен мүшкіл ғой...
Тілі кеткеннің тіні кетеді. Тілдің жоғалуы ұлттың жоғалуы екені айдай ақиқат. Ал ұлт жоғалса мыңдаған жылдар бойы жасалып, қалыптасып, дамып келген тұтас бір мәдениет жоғалады. Кез келген халыққа тән мәдениет болса да, ол өзге мәдениет тұтынушыларына да әсер етеді. Халықтар әлмисақтан бір-бірінен алып, көркейіп, толығып келеді. Егер ол үдеріс тоқтаса, өзгелерге де тигізетін зардабы аз болмайды. Демек, адамзаттың бір бөлшегі болған қазақ халқының тілі таза қалпында өмір сүріп, адамзатқа қызмет етуі тиіс. Ал соны басты сақтаушы – осы елдің азаматтары.
Үмітсіз – шайтан. Бүгінде Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің арасында да қазақ тілін өте жақсы меңгеріп сөйлей де, жаза да алатын жастар көбейіп келеді. Тек соларға қолдаушы, тілекші болсақ жарады. Ол үшін тіл тазалығын сақтауда, қолдануда өзіміз үлгі болуымыз қажет-ақ.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ