1622
Әбділхамит РАЙЫМБЕРГЕНОВ: Ұлттық музыка – ұлттық идеологияның ажырамас бір бөлігі
Әбділхамит РАЙЫМБЕРГЕНОВ: Ұлттық музыка – ұлттық идеологияның ажырамас бір бөлігі

Қазақтың күй өнерін барынша насихаттап, ұлттық музыкамыздағы осы бір өресі биік жанрды ұрпақ санасына барынша сіңіру жолында тер төгіп жүрген тұлғалар баршылық. Солардың қатарында күйші-домбырашы, өнер зерттеуші Әбділхамит Райымбергеновтің де орны салмақты. Ол тәуелсіздіктен бұрынғы кезеңде «Мұрагер» ансамблін құрып, қазақ музыкасының әлемге танылуын үлес қосқан, қазақ теледидарында «Домбыра үйренейік» атты хабарды жүргізіп жас ұрпақты күй өнеріне баулыған, сондай-ақ жалпы бөлім беретін қазақ орта мектептерінің ән-күй сабағына арналған «Мұрагер» бағдарламасын жасап, ұлттық музыканы үйрететін оқулық жазды. 1995 жылдан бері өзі құрған «Көкіл» жалпы білім беретін мектеп-колледжін басқарып келеді. Атақты күйші Қазанғап Тілепбергенұлының мұрасын зерттеп, көптеген кітап жазған. Күйшімен әңгімеміз қазақтың күйлері, оның ішінде өзі терең зерттеген Қазанғап шығармашылығы жайында, сонымен бірге қазақ музыкасын оқытып үйретудің кейбір мәселелері төңірегінде өрбіді.
– Әбділхамит Ысқақұлы, сізді халық күйші-домбырашы, өнер зерттеушісі ретінде таниды. Қайсы өнерпаз болса да өнер жолына еш себепсіз түсіп, табысқа жете бермейді ғой. Сіздің де күй өнеріне келуіңізге әсер еткен, талпынтқан жайлар болған шығар?
– Әрине, себепсіз ештеңе болмайды ғой. Адамның болашақ тағдырына отбасы тәрбиесі, өскен ортасынан көрген-білгендері әсер етпей тұрмайды. Мен Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауданында дүниеге келдім. Үлкен атамыз Жолекенов Райымберген деген кісі атақты Қазанғаптың өзінен күй үйренген адам, шәкірті. Сондықтан кішкентайымыздан Қазанғап күйлері санамызға сіңді. Тыңдап өстік. Өткен ғасырдың 40-жылдары отбасымыз Ақтөбеге көшіп келген. Әкем Ысқақ Ақтөбе филармониясының іргетасын қалаушылардың бірі болған. Ол кісі қобыз тартатын. Елге жолы түскен күйшілер Райымберген атамызға келіп сәлем беретін, батасын аламыз деп. Атамызға амандаса келіп, үйде қонақ болғандардың арасында Жәлекеш Айпақов (Қазанғап күйлерінің белгілі орындаушыларының бірі), Жаппас Қаламбаев, Әлмұрат Өтеғұлов секілді күйшілер, Жүсіп Сейілов деген жырау болғаны есімде. Солардың өнерін көріп, ән-жырларын, күйлерін тыңдап өскендіктен әсері ғой, өнер жолына бет бұрғанымыз.
– Демек, өзіңіз жан-жақты зерттеп, күйлерін насихаттап жүрген Қазанғап күйшінің күйлерімен оқушы кезіңізден таныс болдыңыз ғой?
– Иә, әрине. Оның үстіне мұндайда қабілетіңді танып, бағыт-бағдар беретін ата-ананың рөлі күшті болады ғой, олар педагог еді. Әкеміз филармониядан кейін Ақтөбедегі педучилищеге барып, сол жерде ұзақ жылдар бойы сабақ берді. Анамыз өмір бойы мектепте сабақ берді. Қазір жасы 90-нан асты. Ұрпақтарының арасында сау-саламат өмір сүріп жатыр.
– Музыкалық білімді қайдан алдыңыз?
– Ақтөбедегі 6-орта мектебінің 8-сыныбын бітірген соң, сол қаладағы музыкалық училищеге барып домбыра класына оқуға түсіп, күйші, дирижер Қайырғали Қожанбаев деген кісіден төрт жыл сабақ алдым. Оны бітірген соң Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсіп, Хабидолла Тастанов, Құбыш Мұхитов секілді ұстаздардан сабақ алдым. Одан соң аспирантура бітірдім.
– Қазақ ұлттық музыкасында өзіндік орындау мәнері айқын, әуен-сазының құрылымы ерекше Батыс күй өнері мектебі бар. Бір кезде Қазанғап Тілепбергенұлының күйлері сол Батыс мектебіне жатқызылатын. Бірақ сіздің зерттеулеріңізден кейін оның өз алдына бөлек мектеп екені дәлелденді. Осы туралы айтсаңыз?
– Әрине, біз жалпыламай Батыс күйшілік өнері деп айта саламыз ғой, бірақ оның ішінде Маңғыстау күйшілік өнері бір төбе, Атырау өңірінің күйлері өз алдына бөлек дүние, Орда күйшілік мектебі – төре күйлерінің де өзіндік ерекшелігі мол, ал Ақтөбе өңірінен шыққан Қазанғаптың күйлері басқаларына мүлде ұқсамайды. Оның күйлерінің әуендік құрылымы бөлек, өзіндік жүйесі бар. Мәселен, Құрманғазы күйі адуынды, екпінді, басынан алған әуенді аяғына дейін бір қалыпты ұстап отырады. Ал Қазанғапта ондай емес, оның күйлері әр буындағы әуендерді әбден иін қандырып, сол жердегі барлық сазды қалдырмай теріп, кең толғайды. Батыс күйлері сағаға дейін барып домбыраға сыймай жатады, Қазанғап сағаға көп бара бермейді, бірақ саздары түрленіп, қағыстары жиі өзгеріп, әуені мың құбылып, өрнектеліп, кең тыныспен толғап отырады.
– Бұрын-соңды мұралары жинастырыла қоймаған Қазанғап секілді атақты күйшінің туындыларын ел арасынан іздеп табу, жазып алу оңай болмаған шығар?
– Консерваторияда бізге Саида Еламанова, Асия Мұхамбетова секілді ғылым докторлары қазақ музыкасынан сабақ берді. Сонда ол кісілер «Қазақта Қазанғап деген атақты күйші болды, мынадай-мынадай тамаша күйлері бар» дейтін. Бірде мен «Қазанғаптың сіздер айтқан туындыларынан басқа да күйлері бар» деп, Қазанғаптың өзім білетін бірнеше күйлерін тартып бергем. Сонда ұстаздарым «Мынаны қайдан үйрендің? Бұл жаңалық қой, бұрын бұларды біз естімегенбіз» деп риза болған. Мен оларға күйлерді атам Райымбергеннен үйренгенімді айтқанда, ұстаздарым «Сен бұны бұлай қалдырма, сен орындап отырған күйлерді жұрт білмейді. Осыларды зертте, жаз» деп тапсырма берді. Сөйтіп, 1978 жылдан Қазанғап күйлерін зерттеуге біржола бет бұрдым.
Студентпін ол кезде. Жазғы демалысқа шыққан кезде үлкен магнитофонымды арқалап, ел аралап кетем. Шалқар, Ырғыз, Қарабұтақ, Доңызтау жағындағы ауылдарда Қазанғаптың күйін шертетіндер бар десе жетіп барам. Ол кезде қазіргідей автобус, такси жоқ. Жолдан шыққан көлікке отырып алам, 20 келілік магнитофонымды көтеріп. Арқамда бір қап дыбыс жазатын лента. Сөйтіп, ел арасындағы тірлік кешіп жатқан күйшілермен сөйлесіп, Қазанғап күйлерін, күйші туралы әңгімелерді жазып алдым. Сонымен бірге қарақалпақ еліне де барып, ол жақтан көптеген деректер таптым.
Жиналған деректер бойынша Қазанғаптың 73 шәкіртінің өмірбаянын жазып шықтым. Олардың орындауында 500-ден аса күйлер бар екенін анықтадым. Әрине, оның бәрі Қазанғаптікі емес, арасында халық күйлері, Үсен төренің, Құрманияздың, Боғданың күйлері бар. Жинап, іріктей келгенде Қазанғаптың 79 күйі шықты.
Осы жылы ақпанның 1-і күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы ғимаратының залында «Күй төресі Қазанғап», «Властитель кюев Казангап» және «Қазанғап. Күйлер» атты үш кітабымның тұсаукесерін жасадық. Бірнеше домбырашыға Қазанғап күйлерін орындаттық. Бұл кеште Қазанғаптың шәкірті, домбырашы, 93 жастағы Жұмабай Жансүгіров ақсақал да қатысып, Қазанғаптың күйлерін тартты. Әлі ширақ, қолына таяқ ұстамай тіп-тік жүрген, жасы келсе де ұстазының күйлерін нәшіне келтіре тартқан Жұмабай ағамызға әдеби сазды кешімізге келген халық орнынан тұрып қол соқты.
Айтайын дегенім, осы үш томдық кітаптың алғашқы томында Қазанғаптың өмірі мен шығармашылығы, Қазанғап дәстүрлі күйшілік мектебінің өкілдері және Қазанғап шығармашылығына қатысты дерек жеткізушілер жайында толық мәліметтер берілді. «Қазанғап. Күйлер» атты кітапқа Қазанғаптың 79 күйін нотаға түсіріп енгіздім. Сондай-ақ күйлерін орындап бейнежазба жаздырдым. Оны кітапта берілген QR код арқылы ұялы телефоннан тыңдай беруге болады. Осылайша, 40 жылдан аса уақытымды арнаған негізгі шаруаны жүзеге асырдым.
– Қазанғап өмірі мен шығармашылығының белгілі бір кезеңі Бесқала – Қарақалпақстан жақпен байланысты көрінеді...
– Иә, ол рас. Қазанғапты ол жақпен байланыстыратын жағдайлар көп, оның бірі Әзберген ханның бағындағы күй тартысқа қатысуы болса, тағы бірі – өзі арнап көптеген күй шығарған Балжан қызға байланысты.
Әзберген Мұңайтпасов ХІХ ғасырдың екінші жартысында Кіші жүз Шекті руы қазақтарының патша өкіметіне қарсы көтерілістерін ұйымдастырушылардың бірі, батыр. Ол бір кезде Қарақалпақстандағы Қоңырат қаласын билеп, Әзберген хан деген атағы шыққан тұлға. 1878 жылы Қоңыратта Әзберген хан ұйымдастырған күй сайысы өтеді. Ол Қазанғап өмірінде жарқын із қалдырған оқиға болды. Аталған сайысқа қазақ, қарақалпақ халықтарына атағы жайылған тоғыз дәулескер күйші барған. Тоғыздың бірі – Қазанғап болады. Қатысқандарды атасақ – Әлім руынан Тоғызбай, төртқара Емберген, қабақ Тарпан, қарабас Қожай, Табын руынан Дүкенбай, Рах, Мәңке, Берікәлі деген күйшілер. «Әзбергеннің қорған бағында» өткен бұл өнер сайысына Қаналы төре, Төреш, Орынбай, Қаратөс-Аймағамбет секілді атақты күйшілер төрелік етеді. Күй сайысының шарты бойынша әрбір күйші «Алпыс екі Ақжелең» деп аталатын тармақты күйлерді орындауы тиіс болатын. Сайыста Қазанғап «Алпыс екі Ақжелеңді» орындағанда, сайыстың алғашқы «Күй шақырғыш» атты бірінші күйіне «сірке қондырып», аяқ жағына жаңа тақырыптық бөлім қосып, күй желісін байыта өз өрнегімен мәнерлеп тартқан. Күй өнерін жоғары деңгейде игерген бұрынғы домбырашылардың айтуынша, «Күй шақырғыш» күйі «Алпыс екі Ақжелеңнің» бірінші күйі саналады екен, сондықтан бұл күйді домбырашылар «Күй басы», «Көш басшы», «Серпер Ақжелең» деп тартқан. «Алпыс екі Ақжелеңнің» кіріспесіндей ол күйді орындағанда, осы циклдегі күйлерге тән ортақ қасиеттер, домбырашының шеберлігі, өзіндік мәнері айқын аңғарылады екен.
Қазанғаптың күй сайысында «сірке қондырып» орындаған «Күй шақырғышы» – ұстазы Шүйт Орынбайдың нұсқасы екен. «Сірке қондыру» – мәнерлеу, әрлеу деген мағынаны білдіреді. Музыка тілімен айтқанда – интерпретация деген сөз.
Өнер жарысында «Күй шақырғыш Ақжелеңді» мәнерлеп, байытып орындаған Қазанғап кейін сол күйдің желісіне еліктей отырып, «Кәрі Ақжелең», «Орынбай Ақжелең» деген күйлерін шығарған. Сөйтіп, «Әзбергенннің қорған бағында» өткен күй жарысында мерейі үстем болған Қазанғап бас жүлде алып, даңқы бүкіл қазақ даласына жайылған.
Ал енді Қазанғап өмірін Бесқаламен байланыстыратын Балжан қызға қатысты жағдайға келсек, ол 1880 жылы өнер сапарымен қарақалпақ елін аралап, ондағы ағайындардың жиын-тойларына қатысады. Қоңыратта өткен бір тойда Уәли деген байдың Балжан атты қызымен танысады. Балжанның әр қайсысы отау тігіп бөлек шыққан алты ағасы бар екен. Үйдің ең кенжесі болып еркін өскен Балжан әншілік, күйшілік өнерді жетік меңгерген жан болыпты. Балжанды бір көргеннен ұнатып қалған Қазанғап ғашықтық сезімін «Балжан қыз» («Айналайын ақ Балжан») атты күйімен білдіреді. Сөйтіп, Балжанмен көңілі жарасқан Қазанғап кетерінде «Он бес жасар Балжан қыз» атты тағы бір күй шығарады. Балжан күтетінін білдіріп, Қазанғап ұзамай оралатынын айтып еліне қайтады. Алайда баласын сағына күтіп отырған күйшінің анасы оған Жәми деген қызды айттырып қойған болып шығады. Сөйтіп, анасының айтқанынан шыға алмай, Қазанғап отбасын құруға мәжбүр болады. Арада бірер жыл өткенде Жәми оқыстан дүние салады. Тірі адам тіршілігін істемей ме, әйелі о дүниелік болып кеткен соң Қазанғап қарақалпақ еліндегі Балжанды ойлап жүріп «Он жеті жасар Балжан қыз» деген күйін шығарады.
Бұйырмағанға дауа жоқ қой, күйші Балжанды іздеп еліне барса ол ұзатылғалы жатқан болады. Балжанның тойында Қазанғап «Он сегіз жасар Балжан қыз» күйін тартып, шашу шашады. Шынын айту керек, жан сезімі мен жүрек толғанысын терең бейнелеген бұл күй – күйші шығармашылығының биік бір шыңы іспеттес.
Одан кейін де Қазанғап Балжанға арналған бірнеше күй шығарады. Солардың оншақтысы осы заманға жеткен.
Қазанғап Жәмиден өлілей, Балжаннан тірідей айырылған соң біраз жыл серілік құрып жүріп қалып, Балкүміс деген қызға үйленеді. Одан Ермек, Ақшыбық, Боранбай, Жалғасбай, Ақілгек, Сарыкенже атты ұл-қыздары туады.
Қазанғаптың қызы Сарыкенже (1904-1973) руы қабақ Ілияс деген жігітке тұрмысқа шығып, 1928 жылы Қарақалпақстанға көшкен. Сарыкенженің бір баласы Аманбай Байбағысов (1944-2001) Ташкенттегі Низами атындағы пединституттың филология факультетінің Қазақ тілі және әдебиеті бөлімін бітіріп, Тақиятас қаласында өмір сүрді. Жас кезінен әдебиетке әуес болған ол өлеңдер жазып, дүние саларынан төрт жыл бұрын, 1993 жылы «Арал – менің тағдырым» атты жыр жинағын шығарған еді. Аманбайдың ұрпақтары қазір Алматы облысында тірлік кешіп жатыр.
– Көптеген күйшілерде «Ақжелең» аталатын күйлер бар екенін білеміз. «Алпыс екі Ақжелең» атты циклды күйлердің мәні не?
– Ақжелең деген сөз тілімізде ақжарқын, жайдары көрікті, әдемі деген мағынаны білдіреді ғой. Сондықтан «Ақжелең» күйлері о баста әйелдерге арналған көрінеді. Ал «Алпыс екі Ақжелеңге» келсек, қазақта адам бойында алпыс екі тамыр болады деген ұғым бар, адамның қатты толқығанын бейнелегенде «алпыс екі тамыры иіді» дейді. Сондықтан адам жанын тебірентетін күйлер шоғырын «Алпыс екі Ақжелең» атаған. Әрине, ол күйлердің бәрін бір адам шығармаған. «Ақжелең» атаулы күйлер шоғыры бірнеше күйшінің шығармаларынан құрастырылған. Сөйтіп, ол өз алдына цикл болып шыққан.
Мәселен, қазақ күйшілерінде «Тойбастар», «Байжұма», «Қосбасар», «Толғау» секілді аты ғана емес, мазмұны, музыкалық тілі жағынан бір-біріне жақын күйлер өз алдына жеке жанр ретінде қалыптасқан. «Алпыс екі Ақжелең» де осындай аспапты музыканың жеке жанры ретінде қалыптасқан күйлер. Өзінің мықтылығын дәлелдеу үшін күйшілер «Алпыс екі Ақжелеңді» түгел игеріп, тартуы тиіс болған.
Ұзақ, Құрманғазы, Дәулеткерей, Есбай секілді атақты күйші-композиторлар «Ақжелең» күйлерін шығарған. Өкініштісі сол, «Алпыс екі Ақжелеңді» толық орындайтын күйшілердің кейбірі ХХ ғасырда өмір сүргенімен заман аласапыранында олардың орындауындағы «Ақжелең» күйлері жазып алынбай қалды.
«Ақжелең» күйлеріне байланысты қолда бар деректерге сүйене отырып, мынадай тұжырым жасауға болады:
«Ақжелең» күйлер циклы «Күй шақырғыш Ақжелең» күйімен басталған.
«Ақжелең» циклы алпыс екі күйден тұрған. Бұл адамның алпыс екі тамырын идіретін музыка құдіретінің символы тәрізді.
Күйшілер «Ақжелең» күйлерінің мән-мазмұнын сұлу, нәзік, кербез әйелдермен байланыстырған.
«Ақжелең» күйлері адамға ерекше әсер етіп, махаббат пен жастық жігер сыйлайды деп есептелген.
«Алпыс екі Ақжелеңнің» құрылымы қазақ ұғымына сәйкес адам өміріндегі бес мүшелді бейнелеген. Күйлер әр мүшелдегі әйел болмысын көрсеткен. Әр мүшелді көрсете отырып, оған қатысты күйлерді келтіріп айтсақ, мынадай:
Бірінші мүшел – балалық шақ (1-12 жас) – «Тентек Ақжелең», «Қыз Ақжелең», «Көркем Ақжелең»;
Екінші мүшел – жастық шақ (13-24 жас) – «Жігіт Ақжелең», «Көңіл ашар Ақжелең», «Бұраңбел Ақжелең», «Кербез Ақжелең», «Бұлбұл Ақжелең», «Сипай сал Ақжелең»;
Үшінші мүшел – орта жас (25-36 жас) – «Сылаң Ақжелең», «Сырбаз Ақжелең», «Серпер Ақжелең», «Домалатпай Ақжелең», «Дөңгелек Ақжелең»;
Төртінші мүшел – ересек шақ (37-48 жас) – «Қираңбел Ақжелең», «Түйдек Ақжелең»;
Бесінші мүшел – кәрілік (49-60 жас) – «Кәрі Ақжелең», «Шал Ақжелең», «Шәлдіріш Ақжелең».
«Ақжелең» циклы Қазанғап күйлерінде ерекше орын иеленеді, тіпті оның шығармашылығының негізгі жанры деуге болады. Күйшінің ғашық болып, қосыла алмаған Балжанға арналған он бір тамаша портреттік күйі осының дәлелі.
– Қазақта дәстүрлі күй мектептері көп қой, кейінгі кезде Бесқала күй мектебі туралы жазылып жүр. Ол туралы не айтасыз?
– Қазақ бар жерде қазақ өнерінің өлмейтіні анық қой. Бесқала қазақтарынан да күйшілер көп шыққан. Демек, күйшілер бар жерде өзіндік күй мектебі қалыптасатыны заңды нәрсе. Жоғарыда айтып өткен «Әзбергеннің қорған бағында» «Алпыс екі Ақжелең» күйлерін тартудан өткен өнер жарысы да соның айқын дәлелі емес пе? Қазанғаптың кейбір күйлерінің сол жақтан табылуы, Бесқалада оның жолын жалғастырған шәкірттерінің болуы күй өнеріміздің ол елде сабақтасқанын аңғартпай ма? Егер Бесқалада күй өнері дамымаса Бәйімбет, Жұмалы, Тоғайбай, Рах, Молдағали, Әбдіғали, Дәулеткелді, Биман секілді күйшілер қайдан шықты?
Мен Қазанғапқа арналған кітабымда Бесқала күйшілері туралы жаздым. Кейінгі кезде Бесқаладағы ән, күй өнері туралы Күнқожа Қайрулла ініміз екі кітап шығарды. Ол сондағы қазақтардың жыраулық, күйшілік өнерді дамытып, мектеп жаратқанын көрсетеді.
– Енді әңгімені өзіңіз тер төгіп жүрген білім саласына бұрсақ. Бұл салада да атқарған істеріңіз көп екенінен хабардармыз.
– Мен өзі білім беру саласында көптен бері еңбек етіп келе жатырмын.
Дина деген тұңғыш қызым мектепке барғаннан кейін балалардың қалай білім алып жатқанына қызыға бастадым. Бір күні қызымның музыка сабағында оқитын кітабына қарасам, сол баяғы орыс композиторларының шығармалары, «Батыр бала Болатбек» сияқты әндер... Кілең идеологиялық шығармалар. Сосын қызым оқитын Алматыдағы 12-қазақ мектебіне бардым. Атақты ақын Сағи Жиенбаевтың жұбайы Уәзипа апай қызымның сынып жетекшісі еді. Сол кісіге аптасына екі рет музыка пәнінен ақы-пұлсыз сабақ беруге өтініш жасадым. Сөйтіп, түгел сыныпқа домбыра үйрете бастадым. Ол кезде методика дегенді біле бермейтін кезім. Бір сыныпта 44 бала. Бала оқытудың қиындығынан миым айналып кете жаздады. Балаға қалай сабақ берудің жолдарын іздедім, бастауыш сыныптардың сабақтарына кіріп, мұғалімдердің қалай оқытатынын көрдім, психологтармен біраз жұмыс істедім. Сөйтіп іздене жүріп, бүкіл сыныпқа домбыра үйретудің әдістемесін жасадым. Оның бәрі, әрине, жемісін берді.
Балаларға ұлттық музыканы оқыту арқылы да ұлтжанды азаматтар тәрбиелеуге болады. Мен оқытқан балалар қазақтың ән-күйі арқылы көп нәрсені терең сезінді деп ойлаймын. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы тұсында оқушыларым мектептің терезесін ашып тұрып «Менің Қазақстаным» әнін қосыла шырқап, өздерінің саналылықтарын көрсеткені бар. Соның себебінен мені мектепке кіргізбей қойды, ұлтшылсың, балаларға теріс тәрбие беріп жүрсің деп. Сосын демалыс күндері амалдап оқытып жүрдім. Кейін ол күні де мектептің қарауылы мені ішке жібермейтін болды. Сосын ашуым келіп телевидениедегі жігіттерге бардым, маған бір жарты сағаттық бағдарлама беріңдер деп. Оны жүргізіп жүрген кезімде Алматыда 159-қазақ мектебі ашылып жатқан. Сол мектептің директоры мені шақырды, мектепке келіп сабақ бер деп. Ол кісіге «ұлтшыл деген атым бар, сізге зияным тиіп жүрмесін, мені штатпен жұмысқа алмай-ақ қойыңыз, тек сынып беріңіз, тегін оқытамын дедім. Сөйтіп сол жерде 6-7 жыл өзім жасаған жүйемен музыкадан сабақ бердім. Ол мектепте оқытқан балалармен телевидениеде «Домбыра үйренейік» деген бағдарлама жүргіздім. Ол кез енді тәуелсіздік алып, экономикамыз тұралап жатқан қиын кез ғой, балаларды өзім машинамен апарып, алып қайтамын. Теледидардағы сол бағдарлама арқылы, бүгінгі сөзбен айтсақ, онлайн түрде еліміздің түкпір-түкпіріндегі балалар домбыра үйреніп жатты.
Сол тұста Алматы Білім басқармасының басшысы Гүлмира Исимбаева деген кісі болатын. Сол кісі менімен хабарласып, Әміре Қашаубаев атындағы музыка мектебінің директоры Ресейге көшіп жатыр, соның орнына сенің барғаныңды қалап отырмыз. Бұл мектепті осы кезге дейін қазақ басқарып көрген жоқ. Өзің барып мектепті қазақыландырғаның жөн деді. Сөйтіп, аяқ астынан музыка мектебінің басшысы болып шыға келдім. Көп ұзамай жаппай жекешелендіру басталып кетті. Мен басқарып отырған мектепті мемлекет жекеге беретін болды. Бізге жоғары жақтан «мүмкін болса мектепті ұстап қалыңыздар» деген өтініш болды. Басқа біреу сатып алса, түнгі клуб секілді бірдеңеге айналып кетуі мүмкін деді. Сосын ұжыммен кеңесе отырып, 1995 жылы елдегі тұңғыш жекеменшік білім ордаларының бірі – «Көкіл» қазақ мектебін құрдық. Содан бері осы жердеміз. Бұл – мектепке дейінгі дайындық орталығы, жалпы білім беретін қазақ мектебі, музыкалық және көркемсурет мектебінен құралған бірегей оқу кешені. Әрбір оқу бөлімінде үздік оқытушылар сапалы білім береді. «Көкіл» мектебінің ерекшелігі – әрбір оқушы қазақ, ағылшын тілдерін, математика, физика, информатика пәндерін тереңдетіп оқытуға мүмкіншілік ала отырып, барлық оқушылар домбыра үйреніп, көркемсурет студиясында тәлім алады.
Түрлі қорлармен бірігіп жұмыс істейміз. Өзіміз жасаған «Мұрагер» бағдарламасымен 14 жылдай еліміздің 80-нен аса мектебінде музыка сыныптарын аштық. Сол мектептерге 5 мыңдай домбыра сыйлап, оқу құралдарын беріп, 16 мыңдай балаға домбыра үйреттік. Сол мектептердегі музыка пәні мұғалімдері үшін жыл сайын семинарлар, конференциялар ұйымдастырдық. Алайда Қазақстанның орта білім беретін мектептері жаңартылған мектеп бағдарламасына көшті де музыканы біздің бағдарламамызбен оқыту тоқтап қалды. Мектептердегі қазіргі музыка сабақтарында көбіне классика, шетел композиторларының шығармалары үйретіледі. Оны балалар онсыз да біледі ғой, ал қазақтың ұлттық музыкасы өзімізден басқа кімге керек? Бетховен, Моцарт секілді шетел композиторларын білетін балалардан сұрап көріңізші, олар Ақан Сері, Біржан сал, Мұхит, Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғаптарды біле ме? Бәлкім, кейбірінің атын білер, бірақ оның өмірін, шығармаларын біле ме? Қазақ мектебінде оқыған бала ұлттық мәдениетті терең игермесе, патриот ұрпақ қайдан шығады? Бір кезде біз өз бағдарламамызбен оқыта бастағанда Өскемендегі мектепте балалар домбыра ұстауға ұялатын еді, кейін олардың бәрі қосыла ән шырқап, күй тартатын болды. Эксперимент ретінде жүргізілген «Мұрагер» бағдарламасы өзін толық ақтаған болатын. Қазақ балалары жаппай домбыра үйреніп, ұлттық музыкамызды терең игере бастаған еді. Жаңартылған оқу бағдарламасы соның бәрін ысырып тастады. Кезінде біздің бағдарламамызбен танысқан өзбек, қырғыз, тәжік елдерінің білім саласының өкілдері бізді үлгі етіп, өздерінің мектептерінде ұлттық музыканы оқытуды жолға қойды. Ұлттық музыканы оқыту – ұлттық идеологияның ажырамас бір бөлігі емес пе? Еңбегіміз еш кетті деп байбалам салып отырған жоқпын, ұрпағымыздың ата-бабасы жасаған ғажайып музыкалық туындылардан бейхабар өсіп келе жатқанына жаным ашиды...
– Әңгімеңізге рақмет! Ұлттық өнерді дәріптеу жолындағы еңбегіңіз лайықты бағасын алып, халқымызға пайдасын тигізе берсін.
Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ