Су тасқыны кезінде күні-түні жұмыс істеген жүргізушілер айлығын ала алмай жүр (ВИДЕО)

Су тасқыны кезінде күні-түні жұмыс істеген жүргізушілер айлығын ала алмай жүр (ВИДЕО)

Су тасқыны кезінде күні-түні жұмыс істеген жүргізушілер айлығын ала алмай жүр (ВИДЕО)
ашық дереккөзі

Ақтөбеде ассенизатор көліктердің жүргізушілері екі айдан бері жалақы ала алмай жүр деп хабарлады turkystan.kz. Елу бір адам көктемгі су тасқыны кезінде күні-түні жұмыс істеген. Бірақ адал еңбектерінің ақысы сол күйі төленбепті. Айтуынша, қалалық әкімдіктің оларға қарызы 50 млн теңге деп хабарлады Аstanatv.kz. Көктемгі су тасқыны кезінде осы жігіттер күн, түн демей дамылсыз жұмыс істепті. Бірақ сол еңбектерінің ақысын екі айдан бері ала алмай жүр. Бүгін олар еңбекақысын даулап әкімдікке келді.

«Ақтөбенің сыртында, мал базардың басында жинап айтты. Ақшаларың дайын, түседі деп, дегенмен айтқан сөзде тұрмай, екі фирма бір-бірімен келісімге келе алмай, ортада зардап шегіп жүрген біз боламыз», - дейді көлік жүргізуші Данияр Жәрекешов.

Қазір еңбекақысын елу бір адам ала алмай отыр. Әрқайсысына үш жүз мыңнан бастап жеті жүз мың теңгеге дейін ақы төленуі тиіс. Жалпы, сома елу млн-ға жетіп жығылады.

«Семьямыз, бала-шағамыз бар. Техникамыз сынып тұр. Соны жасататын да ақшамыз жоқ», - дейді көлік жүргізуші Әділ Амандық.

Жиналғандар әкімдікке алдандық дейді. Өйткені бұлар қызмет ететін мекеме әуелі тендерді ұтып алған. Бірақ артынша шенділер тексеріс ұйымдастырып, құжаттардан олқылық тауыпты. Ақыры, бәселекес компания тендерді ұтып кеткен.

«Ақыры біз тендерді ала алмай қалдық. Бірақ су тасқыны кезінде наурыздың 19-ына дейін жұмыс істедік. Сол ақшамызды әлі ала алмай отырмыз. ЖКХ бізге нақты соманы айтпай отыр. Біздің есебімізше, 50 млн теңге берешек. Мен бүкіл құжаттарды толықтай тапсырдым», - дейді «Дезинфекция» АҚ өкілі Валерий Максаков.

Ал әкімдіктегілердің өз уәжі бар. Олар тендерді ұтып алған мекемеге қаражатты толық аударған. Келісім бойынша ол мекеме бұларға төлеуі тиіс еді. Бірақ қажетті құжаттар тапсырылмағандықтан, ақысы төленбей отыр дейді.

«Бұл жігіттің барлық құжаттарын уақтылы, әр сағаттың әр аумақта жұмыс істегені туралы толығымен көрсетуі керек бізге. Себебі бұл төлемдер бойынша, бюджеттік қаражат болғандықтан, біздер барлығының уақытын, атқарылған аумақтарға тексеру жүргіземіз. Соны жүргізу үшін бізге толыққанды ақпарат болмағандықтан осындай сұрақ туындап тұр»,- дейді қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жомарт Бақыткелді.

Көлік жүргізушілер қалалық прокуратураға да шағымданған.