50319
Париж Олимпиадасына қатысу үшін басқа салмаққа өтуім керек – Дулат Бекбауов
Париж Олимпиадасына қатысу үшін басқа салмаққа өтуім керек – Дулат Бекбауов
Ташкентте 1-14 мамыр аралығында бокстан әлем чемпионаты өтті. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 5 медальмен (4 алтын, 1 күміс) 2-орынға жайғасты. Чемпионатта күміс жүлде алған боксшы Дулат Бекбауовпен сұхбаттасып, жарыс туралы сұрап білдік.
«Әлем чемпионатын жақсы нәтижемен аяқтағаннан кейін, Президентіміз қабылдауына шақырып, Алғыс хат пен Құрмет грамоталарын табыстады. Еліміздің басшысымен кездескенде ерекше сезімде болдым, оны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Марапаттап жатқанда «келесіде алтын болсын» деп жылы лебізін білдірді. Өте қатты қуанып қалдым. Мемлекет басшысының алдында тұрғанда спортшы, оның ішінде боксшы ретінде жауапкершілік сезілді. Әкемнің есімінің сондай тұғырлы жерде айтылуы – мен үшін абырой», – дейді ол.Боксшы Ташкентке алтын үшін барғанын тілге тиек етті. Оның сөзінше, әлем чемпионатының финалына шыққанда аса бір ерекше сезім болмаған. Бұйырғаны күміс болған көрінеді.
«Өткенге ешқандай өкініш жоқ. Осылай болайын деп тұрғаны да. Енді қателіктермен жұмыс істеп, шаршы алаңға бұрынғыдан да мықты болып ораламын», – дейді ол.Бекбауов чемпионатта еншілеген күмістің қанша уақыттың жемісі екенін де айтып өтті.
«Байрақты бәсекеге жоғары деңгейде дайындалдық. Бапкерлеріміз тәжірибелі болғандықтан, жарысқа әрқайсымызды мықты формада алып келді. 100% дайын болдық деп айта аламын. Қазіргі уақытта осы чемпионатта алған күміс медаль мансабымдағы ең жоғары нәтиже болып отыр. Бұл додаға қатысу үшін қаншама тер төгілді, жұмыс істелді», – дейді ол.Сондай-ақ боксшы өз салмағының Олимпиада ойындарында жоқ екенін айтып, салмақ ауыстыру туралы сөз қозғады.
«Қазіргі таңда мақсат көп. 67 келі Олимпиадада болмағандықтан, оған қатысу үшін салмақ ауыстыруым керек. Оны алдағы уақытта бапкерлермен ақылдасып, дұрыс шешім қабылдайтын боламыз. Жалпы, Париж Олимпиадасына бокс бойынша іріктеу күзде Қытайда өтеді, яғни боксшыларға жолдама Азия ойындарында беріледі», – дейді ол.Дулат Бекбауов өзі алған күміс «қалған 4 жігіттің алтынының тасасында қалды» деген жағымсыз пікірлерді жоққа шығарды. Ол Қазақстан құрамасындағы әрбір боксшының жетістігіне қуанатынын, ел қоржынына түскен әрбір алтын тұтас құраманың жеңісі екенін айтып өтті. Сонымен қатар боксшы бала кездегі және қазіргі арманы туралы айтып, кімді үлгі тұтатынын сөз етті.
«Бокспен айналасып жүргеніме 15-16 жыл болды. Бала кезден теледидардан боксты көріп өстік. 2004 жылы Афиныда өткен Олимпиада ойындарында Бақтияр Артаевтың алтын, Геннадий Головкиннің күміс алғанын көріп, бала болсам да қатты қуанып, сол кездегі арманым осы кісілердің ізін жалғастыру болды. Шетел боксшыларына қарағанда өзіміздің аға буыннан үлгі аламын. Сол кісілер – біз үшін тірі мотивация. Ал қазіргі арманым – өз есімімді, өз тегімді бокс тарихында қалдыру, қазағымның көк туын күллі әлемде желбіретіп, Әнұранын шырқату. Елімді әлемге жақсы қырынан танытқым келеді. Өз еліме қызмет етуді борышым деп санаймын», – дейді ол.