«Домбыра үшін болған шу»: FlyАrystan айтыскердің ренішіне жауап берді (ВИДЕО)

«Домбыра үшін болған шу»: FlyАrystan айтыскердің ренішіне жауап берді (ВИДЕО)

«Домбыра үшін болған шу»: FlyАrystan айтыскердің ренішіне жауап берді (ВИДЕО)
ашық дереккөзі

Белгілі қазақстандық айтыскер Айшолпан Тілеутай FlyАrystan компаниясының қызметкерлері Алматы әуежайында ұшаққа домбырамен кіргізбегеніне шағымданды деп хабарлады turkystan.kz. Айтыскер 2 мамырда Алматыдан Астанаға ұшып келгенін айтып, видео түсірген. Айтуынша, оны әуежайда тіркеуден, тексеруден өткеннен кейін ұшақ салонына домбырамен кіргізбеген.  FlyArystan қызметкері келіп, домбырамен бортқа шығуға болмайтынын айтқан. Кейін компания қызметкері музыкалық аспапты күшпен тартып, әріптесін көмекке шақырған. Содан кейін күзетші келген.

«Мені жұлқылаған екі қыз маған әлі келмеген соң, күзетті шақырды. Ол қыздардың жағама жабысқанына қарамай домбырамды Астанаға өзіммен бірге ұшақпен алып келдім!», - дейді ол.

FlyArystan айтыскер компания қызметкерлерін итерген деп жауап берді. Сонымен қатар компания барлық жолаушыға бірдей қарайтынына сендірді.

«Әуекомпания болғандықтан, жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын бірінші орынға қойып, ережелерді қатаң сақтауымыз керек. FlyArystan әуекомпаниясы әр бортта 188 жолаушыға дейін тасымалдайды және барлығына бірдей ережелер мен шарттарды ұсынады. Әр жолаушы салонға орналасқанда өзімен бірге бір ғана жүкті тасымалдауға рұқсат береміз. Сонымен қатар жолаушылар билетті ережелермен келіскен жағдайда ғана ала алатынын еске саламыз. Сондықтан сапарға дейін музыкалық аспаптарды тасымалдау ережелерімен таныса алмағаныңыз өкінішті», - деп жауап берді әуекомпания.

Сонымен бірге қол жүгінің өлшемдері 56x23x36 см параметрден аспауы керек екенін еске салды. Ал музыкалық аспаптар оған сәйкес келмейді. Сонымен қатар қауіпсіздік ережелеріне сәйкес үлкен заттарды қолыңызда ұстауға қатаң тыйым салынады. Компания егер жолаушы музыкалық аспапты ұшақ салонына өткізгісі келсе, оған жеке орын сатып алуы керек екенін түсіндірді.