Қазақ армиясы – мемлекет қорғаны

Қазақ армиясы – мемлекет қорғаны

Қазақ армиясы – мемлекет қорғаны
ашық дереккөзі

Армия – мемлекет қауіпсіздігінің басты кепілінің бірі. Ол ел тәуелсіздігі мен тұтастығын қорғап тұратын басты күш. Сондықтан армиясының мықты болуы, бір есептен, елдің қуаттылығының көрсеткіші. Әрине, әлемде әскерінің саны бірнеше миллион адам­ға жететін алып мемлекеттер мен мүлде әскері жоқ мемлекеттер де бар. Ал әскери жағынан қуатты болу бүгінде әбден жетілген заманауи қарулармен жарақтануды білдіреді. Қазақстанның Қарулы Күштеріне келсек, дү­ниежүзінде орны бар, әлемде «тоғызыншы тер­ри­тория» атанып отырған біздің мемлекеттің әскер­лері­нің әлеуеті жыл сайын күшейіп, оған бөлінетін қаржы кө­лемі де молайып келеді.

АРМИЯМЫЗ ЗАМАНАУИ ҚАРУЛАРМЕН ЖАБДЫҚТАЛЫП, ҚУАТЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Қазақ армиясының құрылымына кел­сек, ол – Құр­лық күштері, Әуе қорғанысы күш­тері, Әскери-теңіз күш­тері, Әуеұтқыр әс­керлері, Ракета әскерлері мен ар­тил­ле­рия­сы және Арнайы әскерлерден тұрады. Қазақ армиясының құрылуы туралы дерек берсек, оның алғашқы қадамы 1991 жы­лы 25 қазанда Қа­зақ­стан Президентінің Жар­­­лығымен Қазақ КСР-інің мем­лекеттік қор­ғаныс комитетін құрудан басталды. 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстан Рес­пуб­ли­­­касының Қарулы Күштерінің құрылғаны заң­ды түрде бекіп, Қа­зақстанның бірінші Қорғаныс министрі болып Кеңес­тер Ода­ғы­ның Батыры генерал-полковник Саға­дат Нұр­мағанбетов тағайындалды. 1998 жылы 1 мау­сым­да еліміздің әуе шебі қорғанысын қам­тамасыз етіп, мемлекеттік, әскери және әкім­шілік нысандарды әуе шабуылынан қор­­ғау және Қарулы Күштердің басқа құры­­лым­дарына авиациялық көмек көрсету мін­детін орындайтын Әуе қорғанысы күш­тері пайда болды. Соңы­нан Құрлық күш­тері­нің «Астана», «Шығыс», «Батыс», «Оң­түс­тік» аталған төрт өңірлік қолбас­шы­лығы, Кас­пий теңізі шекара аймақтарын қор­ғай­тын Әскери-теңіз күштері құрылды. Қазақстанда кеңестік дәуірде үлкен әс­кери күш шоғырланғандықтан КСРО тара­ған шақта елімізде сол кездегі жоғары тех­никамен қаруланған 200 мыңнан астам жеке құрамы бар қуатты арсеналға ие ар­мия болды. Одан бөлек Ембі, Сарышаған, Се­­мей, Байқоңыр әскери полигондары, ға­рыш айлағы, бірнеше әскери қару-жарақ қой­масы бар еді. Қазақстанда мұндай қуат­ты әскери күштің шоғырланып тұруына ХХ ға­сырдың екінші жартысындағы саяси жағ­дайлар себеп болып, шекараны нығай­ту­ға мән берілген болатын. Сол себептен Қа­­зақстанда 68, 80, 155, 203-ші мотоат­қыш­тар дивизиясы, 78 танк дивизиясы, 22 ар­нау­лы бригада, 57 арнаулы десанттық бригада тұрды. Сонымен бірге, әрбірінде 48 оқ тұмсығы қойылған үш дивизиядан тұра­тын КСРО-ның стратегиялық зымыран ар­­­­наулы кешендері, 240 қанатты зымы­ран­дармен жарақтанған, 40 «Ту-95» ұшағынан тұра­тын бомбалаушы 79-авиация армиясы, Се­мейдегі 1350 танкке ие 5202-танк диви­зия­сы қазақ жерінде орналасқан-ды. Бұдан бө­лек 5203, 5204-әскери қоймаларда мың­да­­ған түрлі қару-жарақтар, артиллериялық қарулар болды. Қазақстанның оңтүстік об­лыстарында төрт мотоатқыштар диви­зия­сы, Талдықорған мен Аягөздегі әскери ұшақ базалары да әскери жағдайға сақадай сай тұрды. Кейін Кеңес Одағы тарағанда осының бәрі елімізде қалды. Сонымен бірге 1989 жылы Ауғанстанда он жылдай әскери іс-қи­мылдар жүргізген 40-армия Қа­зақ­стан­ға әкелініп, 32-армия болып қайта құ­ры­лып, оның басшылығы Алматыда тұрды. Сон­­дай-ақ Кеңес Одағының ядролық оқ тұм­сықты арсеналдары қазақ жерінде қалды. Дегенмен еліміздің басшылығы бұл қауіп­ті қарудан бас тартты. Солай десекте, сол тұста қолданыста болған әскери қару­лар өз армиямызды жабдықтауға пай­да­ла­ныл­ды. Ал бүгінде уақыты өткен қарулардың ор­нын жаңа қарулармен алмастырылып, Қа­зақстанның Қарулы Күштері үлкен әске­ри әлеуетке ие армияға айналып келеді. Қазақстан Республикасының Пре­зи­ден­ті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қол­бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сыр­масына сәйкес, Қазақстан армиясын ре­­­­формалау бойынша кешенді жұмыстар жүр­гізілуде. Осыған орай Қарулы Күштердің құ­рылымы мен құрамын жаңғырту, әскери дайын­дықты жетілдіру, заманауи қару-жа­рақ­пен және әскери техникамен жарақтан­дыру, цифрландыру ісін одан әрі жалғастыру, әскери инфрақұрылымды дамыту, әскери қыз­меттің беделін арттыру жөніндегі басым ба­ғыттар айқындалды. Қазақстан армиясын сапалық тұрғыда же­тілдіру міндеттері аясында жеке құрам­ның кәсіби шеберлігі мен білім-біліктілігін арт­тыру үдерісі жалғасуда. Әлемдік стан­дарт­тарға сай заманауи қару-жарақпен жаб­дықталып, кәсіби шеберлігі жоғары же­ке құраммен жасақталған жауынгерлік әзір­лігі мен қабілеті жоғары армияның болуы ұлттық қауіпсіздігіміз бен мемлекет мүд­десін сенімді қорғау шарттарының бірі еке­ні анық. Қорғаныс министрлігінде Қазақстан ар­миясын заманауи, жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техникамен жаб­­дықтау жұмыстары тұрақты негізде жүр­гі­зіліп келеді. Бүгінде Құрлық әскерлері қару-жарақ пен әскери техниканың, жо­ғары дәлдіктегі қарудың, байланыс, барлау жә­не автоматтандырылған басқару жүйе­лері­нің заманауи үлгілерімен жабдықталған. Оның ішінде заманауи электронды барлау жә­не күрес жүйелері, жауынгерлік броньды ма­шиналар мен бронетранспортерлер, зы­мыран-артиллериялық қару-жарағы, ауыр от­шашу жүйелері, мобильді байланыс ке­шен­дері, отандық радиациялық, химиялық жә­не биологиялық қорғаныс машиналары, жа­нар-жағар май жеткізу құралдары, дала­лық госпитальдар және түрлі медициналық техникалар бар. Әуе қорғанысы күштерінің авициялық пар­кі қазіргі заманғы жойғыш ұшақтармен, әскери-көлік ұшақтарымен, соққы беруші және көліктік-жауынгерлік тікұшақтармен то­лықтырылды. Оның ішінде 4++ Су – 30СМ буынындағы заманауи жауынгерлік ұшақ­тары бар. Су-27 және Су-25 ұшақтары ауқым­ды жаңартудан өтті. Сонымен қатар авиа­циялық паркке өз класында үздік сана­латын С-295 әскери-көлік ұшақтары, Zlin оқу-жаттығу ұшақтары, ЕС-145, Ми-171Ш кө­­ліктік-жауынгерлік тікұшақтары, Ми-35М көп мақсатты соққы беруші тікұшақ­­тары келіп түсті. Жеке құрамды, ауыр қару-жарақты, арнайы техникалар мен өзге де жүктерді Қарулы күштердің қа­жеті үшін алыс қашықтыққа тасымалдау, сон­дай-ақ ар­найы операциялар мен өзге де жал­пы мемлекеттік тапсырмаларды орын­дау үшін орта және үлкен жүктерді кө­тере­тін әскери-көліктік ұшақтарды сатып алу жос­пар­лануда. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әс­кер­лері жаңа және жаңғыртылған зымырандық ке­шендер мен радиолокациялық стан­са­лар­мен қамтамасыз етілген. Бүгінде еліміздің әуе шебін С-300ПС, С-200, С-125 сенімді зе­­нит­тік-зымыран кешендері, сондай-ақ отан­дық «Нұр» радиотехникалық кешендері кү­зе­теді. Әскери-теңіз күштері «Зенит» Орал зауытында» жасалған зымыран-артил­лерия­лық кемелерімен жарақтанған. 2013 жылы 7 мамырда отандық «Қазақ­стан» зымыран-артиллериялық кемесі мен «Жайық» гидрографиялық кемесі «Мәті­бұ­лақ» полигонында өткен жауынгерлік па­рад­қа қатысып, Каспий теңізінің қазақ­стан­дық секторында онлайн режимде өздерінің атыс мүмкіндіктерін көрсетті. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында әскери ведомство отан­дық қорғаныс-өнеркәсіп кешенімен өзара ық­палдаса отырып, әскерді техникалық тұр­ғыдан қайта жарақтау шараларын қа­был­дап жатыр. Бүгінде отандық кәсіпорындарда өн­діріл­ген «Арлан» брондалған дөңгелекті ма­шиналары, зымыран-артиллериялық ко­рабльдері, «Нұр» радиолокациялық стан­салары жауынгерлік кезекшілікті лайықты атқарып келеді. Бұл тізімді жаңа үлгідегі бай­ланыс құралдарымен, оптикалық көз­дегіш­термен, автомобильдік техникалармен де толықтыруға болады. Мұнан өзге осы отан­дық қорғаныс өнеркәсібі кешеніне қа­рас­ты кәсіпорындарда қару-жарақ пен әс­ке­ри техникаларды күрделі жөндеу мен жаң­ғыртудан өткізу мүмкіндігі бар. «Нұр» радиолокациялық стансасын қор­ғаныс-өнеркәсіп кешеніміздің серпінді даму көрсеткіштерінің бірі деуге болады. Қа­зақстандық-француздық әзірленімдегі «Нұр» РЛС GM 403 аналогы заманауи эле­мент­тік базада жобаланған және радиоэ­лектрон­дық әсер ету жағдайларында тиімді жұ­мыс істеуге қабілетті. Аталған әскери тех­ника «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ құра­мына кіретін қазақстандық «Гранит-Та­лес Электроникс» кәсіпорнында өндірілді. 2019 жылдан бастап Қазақстан әскерінде қол­даныста, пайдалану нәтижелері бойын­ша әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскер­лері мамандарының пікірі жақсы. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауын­герлік мүмкіндіктері жыл сайын ар­тып келеді. Биылғы жылы Қарулы Күш­тер­дің қазықты құрылымы дербес әскер тегіне ай­налды. Бүгінде Қарулы Күштердің эли­та­сы – Десанттық-шабуылдау әскерлері Жо­ғар­ғы Бас қолбасшының резерві саналады. Президент Жарлығымен Қарулы Күш­тер­дің құрылымында Арнайы операциялар күш­терінің қолбасшылығы құрылды. Ар­найы операциялар күштеріне қорғаныс жә­не әскери қауіпсіздік жөніндегі тап­сыр­маларды орындау, терроризмге қарсы опе­ра­ц­ияларға қатысу және заңсыз қарулы құра­лымдарға қарсы іс-қимыл жүргізу жүк­­­телген. Қазіргі заманғы әскери іс-қимылдарда ұш­қышсыз ұшу аппараттары сияқты әсер ету жүйелері кеңінен таралуда. Осы перс­пек­тивалық бағытты дамыту мақсатында Қарулы Күштердің Бас штабында Ұш­қы­ш­сыз авиациялық жүйелерін дамыту депар­та­менті құрылды. Бүгінде Қазақстан әскері қорғаныс пен ша­буылдағы классикалық ұрыс түрлерін қол­данудан қазіргі қарулы қақтығыстар тә­жіри­бесіне сәйкес ұрыс дағдыларын иге­руге көшті. Бұл қалалық және таулы жер­лер­де ұтқыр қимылдайтын, техникалық жа­ғынан жақсы жарақталған, шағын топ­тардан тұратын заңсыз қарулы топтарға қар­сы ұрыс түрі. Мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қам­та­масыз ету бойынша жүргізілген іс-ша­ра­лар Қазақстан Республикасының қорғаныс қа­білетін нығайтуға және мемлекеттің әс­кери ұйымының әскери қатерлерге қарсы тұруға дайындығын арттыруға мүмкіндік берді.

ӘСКЕРИ ТӘРТІПТІҢ БОЛУЫ – АРМИЯНЫҢ МЫҚТЫЛЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

Әскерилердің бас амандығы олардың алаң­­сыз әскери борышын өтеуі үшін ең ке­­ректі талап. Соңғы жылдарда қазақ ар­мия­сында кездесіп жатқан кейбір келең­сіз­діктердің алдағы кезде орын алмауы үшін, көп­теген ата-аналардың арасында бала­ла­рын әскерге жіберуге алаңдаушылық тумауы үшін осы бір түйткілді мәселенің алдын алып, әскери тәртіпті күшейтуде бірталай жұ­­­­мыстар қолға алынып жатыр. 2022 жылғы тамыз айында Қорғаныс ми­нистрі генерал-полковник Руслан Жақ­сы­лықовтың бастамасымен «Өміріңді сақ­та» ведомствоаралық бағдарламасы бекітіл­ді. Бұл құжат құқықбұзушылықтың алдын алуға, билікті асыра пайдалану фактілерін ескертуге, жарақаттану мен әскери ортадағы орны толмас шығынды азайтуға, әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ар­налған. Оны әзірлеуге Мемлекеттік күзет қыз­метінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Ұлт­тық ұланның, Төтенше жағдайлар ми­нистр­лігінің өкілдері, ғалымдар, қоғам қай­рат­керлері мен психологтар қатысты. Құжат алдын алудың тиімді шараларын әзірлеуге, әскерлерде жүргізіліп жатқан жұмысты қо­ғамның оң қабылдауы мен қолдау көр­сетуіне бағытталып отыр. Бағдарламаның мазмұны тәжірибеде қол­дануға барынша ыңғайлы. Ақпараттық-имид­ждік блоктан бастап, әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әскери инфрақұрылым объектілерін жетіл­діру жөніндегі жұмыстардан заң шығару қызметіне дейінгі алдын алу бағыттарының барлық кешені қамтылған. Қазіргі әскер – ашық әлеуметтік институт. Сондықтан бұл мә­селеде «Халық үніне құлақ асатын мем­ле­кет» қағидаты басты ұстаным болып отыр. Бағдарлама қазірдің өзінде нәтижесін бе­ріп жатыр деуге болады. Мәселен, 2022 жыл­­дың қорытындысы бойынша қай­та­рым­­сыз шығындар мен қылмыстық әрекет­тер­дің санын едәуір қысқартуға қол жет­кізілген. 2022-2025 жылдарға арналған «Өміріңді сақ­та» бағдарламасы үш кезеңде жүзеге асы­­­­рылмақ. Оның нәтижелерін 2026 жылғы қаң­тарда өтетін Қорғаныс министрлігінің бір­лескен алқа отырысында шығару жос­пар­лануда. Сонымен қатар құқықтық және әскери тәртіпті сақтау, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне әлеуметтік қолдау көрсету, Қарулы күштердің қоғам­дық ұйымдармен, оның ішінде сарбаз ана­лары комитетімен өзара қарым-қатынасын же­тілдіру бағытындағы жұмыстың жаңа тә­сілдері енгізілген. Әскерлерде қазіргі за­манғы байланыс құралдарын пайдалана оты­рып, мерзімді қызметтегі сарбаздардың туыс­тары және жақындарымен қарым-қа­тынас жасау мүмкіндіктерін кеңейту шара­лары да қабылданып жатыр. Оның нақты мы­салы ретінде «Отбасымен бейнеқоңырау» қыз­метінің бұқараның сұранысына ие болғанын айтуға болады.

ЕЛІМІЗДЕ ӘСКЕРИ САЛАНЫ ЗАМАНҒА САЙ ДАМЫТЫП, ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДА ЖАҢҒЫРТУДА ЖАҢАШЫЛДЫҚТАР БАР

Қазір Армия қызметінің барлық сала­сы­на цифрлық технологияларды енгізу жал­ғасуда. Әскери міндеттілер мен әскерге ша­қырылушыларды есепке алу цифрлық фор­­­матқа ауыстырылды, бұл жергілікті әс­кери басқару органдарының жұмысын ав­томаттандыруға мүмкіндік береді. Жергілікті әскери басқару органдарын ци­фрлық трансформациялаудың мақса- ты – қызметтің тиімділігін арттыру, жұмыл­дыру ресурстарын есепке алу сапасын жақ­сарту, оларды цифрландыру және автомат­тан­дыру арқылы қызметтің барлық бағыт­тары бойынша үдерістерді оңтайландыру. Енді мобильді азаматтар базасында тір­кел­ген қазақстандықтар хабарлама ала ала­ды. Қазіргі күні 300 мыңнан астам әскер­ге шақырылушы 1414-тен ЅМЅ хабарламалар алып үлгерген. Бұл жоба – азаматтардың өмір­лік жағдайларын негізге ала отырып, оларға белсенді қызмет көрсету арқылы «көрінбейтін мемлекет» жүйесін енгізудегі тағы бір қадам болып отыр. Қарулы Күштерді цифрландыру үш блок­қа бөлінген. Оған қарулы күштерді жа­­­­сақтау және жұмылдыру әзірлігі процесі, жауынгерлік даярлау және әскерді жауын­гер­лік басқару процесі кіреді. Бірінші блок­тың міндеттері мерзімді қызметке шақыру және келісімшарт бойынша әскери қызмет­ші­лерді қабылдау рәсімін 100 пайыз цифр­лан­дыру, армияны жарақтандыру қызметін цифрландыру болса, екінші блок барлық процесті цифрлық форматқа ауыстыру ар­қылы қарулы күштердің жауынгерлік даяр­лығын жетілдіруді көздейді. Ал үшінші блок әс­керді жауынгерлік қолдануды цифрлан­дыруға бағытталған. Бұдан өзге Қорғаныс министрлігі клиент­­ке бағдарланған тәсіл саясатын ес­кере отырып, ел азаматтарының қатысуы мен қамтылуын арттыру, халықты ақпа­рат­тандыру мақсатында QR-код көмегімен ха­лықты ақпараттандыруға болатын өзін­дік ақпараттық панель әзірленген. Аталған QR-код тұжырымдамалық тұрғыдан жаңа нәрсе емес, дегенмен QR-код – бұл шын­дық пен виртуалды әлем арасындағы бай­ланыс түрі. Қорғаныс ведомствосы әзірлеген ақ­парат­тық панельдің арқасында азаматтар Қарулы күштердің құрылымы туралы білуге мүмкіндік алады. Мұнда Шекара қызметі, Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық ұлан, Тө­тенше жағдайлар министрлігі сияқты бас­қа әскерлер мен әскери құралымдар ту­ра­лы да жан-жақты ақпарат орналастырыл­ған. Азаматтар ақпаратты телефонды не­ме­се компьютер-планшетті QR-кодқа апару арқылы ала алады. Сондай-ақ мемлекеттік органның эмблемасының астында орна­лас­қан QR-кодты көрсете отырып, орталық мем­лекеттік органдардың басшылығына ті­келей жүгінуге де болады. Сонымен қатар бұл панельде жергілікті әскери басқару ор­ган­дарының байланыс телефондары ор­наластырылған. Азаматтар кез келген уа­қытта әскери комиссариаттардың байланыс нө­мірлерін таба алады. Сондай-ақ телефон­дар мен мекенжайларды Instagram аккаун­тынан да табуға болады. Ақпараттық па­нель­де жергілікті әскери басқару органдары көрсететін бірқатар мемлекеттік қызметтер де орналастырылған.

Армия үшін тәртіп пен кәсібилік және замануи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі ең негізгі нәрсе. Бұл жағынан алғанда, Қазақстан Қарулы Күштері жыл сайын күшейіп, қуатты армияға айналып келеді. Қазір әлемде Андорра, Вануату, Ватикан, Коста-Рика, Лихтенштейн, Палау, Микронезия және Маршалл аралдары, Панама сияқты елдерде армия жоқ. Ал 18 жыл бойы Global Firepower веб-сайты әлемнің 145 елінің әскерлерін мұқият бақылап келеді. Әлемде қай армия мықты деген сұраққа жауап беру үшін сайт мамандары қаржыландырудан бастап логистикалық және географиялық ерекшеліктеріне дейін 50-ден астам критерийді пайдаланады. Биылғы рейтинг бойынша АҚШ, Ресей, Қытай, Үндістан, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Пакистан, Жапония, Франция, Италия, Түркия, Бразилия, Индонезия, Египет, Украина сияқты мемлекеттер армиясының күштілігі жөнінен алғашқы 15 елдің қатарында тұр. Ал бұл сараптауда Қазақстан 63 орында. Демек, біздің армиямыз қазіргі жағдайда әскерінің мықтылығы жөнінен әлемде ортадан жоғарыда орын иеленіп тұр. Алдағы уақытта Қарулы Күштеріміздің дәрежесі жоғары қарай көтеріле бермек. Ол үшін мемлекетіміз де, халқымыз да отансүйгіш жандардың көбеюі үшін жұмыс жүргізсе, жақсы нәтижелерге жетуіміз бек мүмкін. Қазақ армиясының даңқы арта берсін!

Материалды Қорғаныс министрлігі берген мәліметтер негізінде дайындаған Ахмет ӨМІРЗАҚ