«Далаға шығудан қалған»: Түркістан облысындағы бірнеше ауылды шіркей басты (ВИДЕО)

Түркістан облысында бірнеше ауданның тұрғындары шіркейдің шырмауында қалды.

«Далаға шығудан қалған»: Түркістан облысындағы бірнеше ауылды шіркей басты (ВИДЕО)
ашық дереккөзі

Төрт-бес күннен бері шіркейден мезі болған олар далаға шығудан қалған деп хабарлады turkystan.kz kaz.nur.kz-ке сілтеме жасап.

Тұрғындардың сөзінше, тіпті ірі қара малдың жаңа туған төлі де шіркейге шыдамай өліп кетіп жатыр. "Жүгірген аң да, ұшқан құс та мына шіркейден қимылдай алмай қалды. Балалар сыртқа шығып ойнаудан қалды. Мына шіркейге не амал қылуға болады? Жұмыртқасынан жаңа жарып шыққан қырғауылдың балапандарын да жеп қойып жатыр. Қоянның көжектерін де жеп қойып жатыр. Жылқының, сиырдың жаңа туған төлі де шіркейге шыдай алмай өліп кетіп жатыр. Бұған не істеуге болады?" - дейді отырарлықтар. Отырар ауданы Балтакөл ауылының тұрғындары шіркейге таланып жүргеніне 4-5 күн болғанын айтады. "Бет-мойынды тұмшалап, киімімізді қымтап жүруге мәжбүрміз. Төрт-бес күннен бері бүкіл ауыл таланып жатыр. Жел тұрса, шамалы тыйылады. Не амал қыламыз енді?" - дейді ауыл тұрғындары.  Табиғат жанашыры Ғани Назарбектің айтуынша, шіркей Түркістан облысының бірнеше ауданын басып алған. "Жетісайда қатты көп емес, бірақ бар, шіркей Шардарадан бастап Шиеліге дейін жалғасып жатыр, қаншама халық зардап шегіп отыр, 1 млн-нан асады. Бұл - табиғи тепе-теңдіктің бұзылуынан", - дейді ол. Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі облыс көлемінде жәндіктер мен өзге де зиянкестерге қарсы дәрілеу, дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.