Пойыздағы әнімен жүректерді жаулаған жолсерік туралы не білеміз? (ВИДЕО)
Пойыздағы әнімен жүректерді жаулаған жолсерік туралы не білеміз? (ВИДЕО)
Екі-үш күннен бері әлеуметтік желіде пойызда ән шырқаған жолсеріктің видеосы таралып, қызу талқыланып жатыр. Оқырмандардың көбі оның мамандығын "ауыстырып алғанын", орны үлкен сахна екенін айтып, жылы лебізін білдірген. Тurkystan.kz тілшісі танымал видеоның кейіпкерімен тілдесті.
Пойызда «Әдемі кетші» деп әндеткен темір жол қызметкері Ақылзат Сейтжапар жұрттың қошеметіне бөленемін деп ойламағанын айтады. Десе де, 13 жылдан бері темір жол саласында қызмет етіп жүрген оның бала күнінде әнші болсам екен деген асқақ арманы болған екен. «Шымкенттегі рейспен келе жатқанбыз. Тараздан бір топ студент мінді. Астанаға жарысқа бара жатыр екен. Бос уақытта солардың жанында отырып бірге ән айтқан едік. Сол жастардың бірі видеоға түсіріп, TikTok-қа жариялаған екен. Таңертең WhatsApp желісінен түрлі хабарлама келгенде қатты таңғалдым. Мұндайды күтпедім», - дейді жолсерік. Ақылзат Сейтжапар Таразда туып-өскен. Бүгінде Астана қаласында тұрады. Бір ұл, бір қыздың анасы. Кейіпкеріміз шағын отырыстарда болмаса, әлі сахнаға шықпаған. «Жасымыз 40-қа келіп қалды. Соны ойлап, қысылатын шығармын. Тіпті, тойда ән айтып көрмеппін. Музыкалық білімім жоқ. Бірақ бала кезімде әнші болсам деп қатты армандадым. Мектепте түрлі байқауларға қатысып, жүлдесіз қайтпайтынмын. Superstar.kz деген танымал вокалдық конкурс болды. Өсе келе, соған барып бағымды сынап көргім келген еді. Бірақ, өкінішке қарай, ол қиын кезеңдер еді. Қателеспесем, 1998 жылдар болу керек. Алматыға баруға жолға қаражат керек. Соған 20 мың таппадым. Содан кейін бетім қайтып қалды. Қатысқанда қазір сахнада өнер көрсетіп жүрген әншілермен бірге жүрер ме едім, кім білсін?! Кейін темір жол саласына оқуға түстім. Қазіргі жұмысым да ұнайды. Жолаушылармен жұмыс істеп, олардың түрлі мінезін көтеріп жүрген жайымыз бар. Бірақ әлде де үлкен сахнаға шыққым келеді», - дейді кейіпкеріміз. Арман адамды алысқа апарады. Кім біледі, Ақылзаттың ақ арманы орындалатын кез енді келген шығар...