Тұран жолбарысы

Тұран жолбарысы

Тұран жолбарысы
ашық дереккөзі
671
«Чукча оқымайды, тек жазуды біледі...» де­мекші, соңғы кезде кітап оқудан қол үзің­кіреп кеткен едім, жаңбыр-жаңбырдың ара­сында уақыт тауып, екі шығарма оқыдым: Куп­рин жиеніміздің «На разъезде» әңгімесі жә­не белгілі технологиялық кәсіпкер Арсен Томс­кийдің мемуарлық эссе кітабы. Алғаш­қы­сы – «Біз Алаштың азаматтарына қараймыз, Алаштың азаматтары жерге қарайды» деп бір тым ересектеу бойжеткен айтпақшы, қыз бала шекер көзін төңкерген сәтте жанарымен жер шұқып қалатын бойкүйез мігіттерге абсолютті түрде кереғар нағыз жігіт туралы. Жә, оны қойшы, мені қатты әсерлендірген екін­ші туынды – Томскийдің «InDriver. Яку­тия­дан Крем­ний алабына дейін: жаһандық тех­нологиялық ком­панияның құрылу тари­хы» (шығарушы ком­пания – Bilim Media Group, қазақшалаған – Мақсот Ізімұлы). Құ­дауанда, 280 бетті бір тәулікте қылғы­тып қойып­пын! Кітап, ара-арасында сыналап қағылған авторлық күрделілеу пәлсапалық ой ке­шулерді, психологиялық тренингтерге байланысты рефлекцияларды қоспағанда, негізінде қарапайым тілмен жазылған. Тұтас алғанда «Синет» компаниясынан бүгінгі InDrive компаниялар тобына дейін алғы бизнес құрылымының құрылу, даму тарихы үш бөлікпен берілген: біріншісі, автордың өз бизнесінің тарихы, соның ішінде дербес әдістемесі және бизнес идеологиясын қалай жасағаны; екіншісі, әртүрлі бизнес модельдер жайлы ой-толғамдары; үшіншісі, бизнес жо­лындағы жеңістер мен жеңілістер, сүйі­ніш­тер мен күйініштер, өзін және компанияны ша­быттандырудың, өмірдің мән-мағынасын із­деудің құпиялары. Автор ішкі жан-дүниесін түк қалдырмай ақтармалап, кей тұста ба­тыс­тық герменевтика тәсілін қолданған. Ара­сы­на сыналап езуге еріксіз күлкі үйіретін әзіл-қалжыңды, юмор қағуды да ұмытпайды. Яғ­ни, мәтін саналы стиль тезіне түсірілген жә­не сонысымен оқырманды жалықтырып ал­май, аруанадай бұйдалап, алға қарай әке­тіп отырады. Бұл – нағыз эссенің қалыбы, оның ішінде Джудит Турман стиліндегі эссе-ви­висекция. Әлбетте, өмірбаян деректері жағым­ды­лау реңкте берілген яки әдейі кө­мес тасталған да шығар (қанша дегенмен кітап­тың аты кітап қой), десе де ««InDriver...» ба­рынша шыншыл туынды болып шық­қа­нын немесе соған ұмтылғанын атап айту жөн. Программа теңшеу (аудармашы тапқан то­сын, барабар балама), шағын сайт, аумақ­тық портал, технологиялық стартап ұйым­дас­тырудан құлата отырып, онлайн-сервис, интернет-супермаркет, т.б.-ға дейінгі өтелек-төтелектен тақтайдай жонылып, таспадай сыдырылып қалай өткендерін баяндайды. Интернетінің өзі жарытымсыздау, ешқандай қолдаушы-қорғаушы әкә-үкәсі жоқ, мет­ро­полияның жемсауы болып отырған ме­шеулеу шет аймақта өз кәсібін бастаған жас бағ­дарламашы-провинциалдың долбарлай со­ғып жүріп, жан күйзелістерін еңсере жү­ріп, ағатсыз түйсігімен ғана табысқа жет­ке­нін еш бүкпесіз қызғылықты етіп суреттейді. Google, Facebook, Apple, Telegram cекілді бүгін­гінің алпауыттары әу баста жекелеген фри­лансер – «еркін атқыштардың» идеяла­ры­нан бастау алғаны мәлім, оған бір дәлел – Марк Цукерберг жайлы «Әлеуметтік желі» байопигі. Дәл сол сияқты автор бағаны жолаушының өзі тағайындайтын биддинг идея­сын 2012-жылдың айрықша зымыстан қысында Якутскідегі Вконтакте әлеуметтік же­лісіндегі студенттер құрған топтан алға­нын жасырмайды. Жалпы, Марктен бастап Әрсенге дейінгі креатив тұлғалардың негізгі, айтулы айырмашылығы – бұрын ешкім көр­мегенді көре білулері, яки идея табудан бұ­рын жетістікке жету моделінің тылсым құ­пия­сын тура жұлынтұтамдарымен сезіне алу­­лары ғой. Автордың өзі жазғандай, бұ­рын­нан бар нәрсені жаңғыртып, қырлап-сырлап, жаңадан өң (сапа) беру. Басқаша айтқанда, Әрсен студент Павлов идеясынан ең негізгі нәрсені – әдетте жолаушы мен жүр­гізушінің екеуін де қанағаттандыратын ортақ баға келісіміне келген кезде адамдарға еркіндік берілетінін тамыршыдай тап басып ұстай алған. Жолаушы тасымалдайтын InDriver сервисін Яндекс пен Uber сияқты өзге сервистерден айрықшалап тұрар басты белгі де осы – еркіндік, тәуелсіздік. Халықтың көңі­лі әрқашан осы екеуін іштей қалап тұра­ды. Демек InDriver-ді InDriver қылған осы жағдай – бұқаралық сипат алуы (вариант: Dears-тың Димашты Димаш қылғаны сияқ­ты). Осының арқасында Томский атқан оғын бір­ден ондыққа тигізген. Екінші сөзбен әліп­тесек, «Синет» компаниясы жаңа смарт­фон­дардың шығуымен айы оңынан туа қалған WhatsApp жобасы сияқты, нарыққа «күту моделі» әбден пісіп-толып тұрған ең қолай­лы сәтте кірген. Демек, InDriver жобасының ба­ғын ашқан кездейсоқ студенттік чат яки бір кезде өзі де психолог кеңесімен бір уақ так­си болып кісі тасығаны емес, адам­дар­дың сүрсанасында өмір сүріп жататын кө­местегі көңіл-күй ауанын дер кезінде аңғара білуі еді. Таңқаларлығы сол – : бұл жағдайды, яғ­ни өз бизнесі үшін барынша қолайлы ор­та­ны кейіннен Қазақстаннан табады және ұзақ аңдап, терең барлай келіп, арада алты жыл өткенде дәл Астанада өз жобасына ха­лық­аралық старт береді. Бұл жағдайды, яғни қо­лайлы орта бар екенін оған дейін қазақ­стан­дық кәсіпкерлердің бірде-біреуі байқа­ма­ған. «Шамның жарығы түбіне түспейді» деп осындайда айтқан шығар. Қазақ қоғамының назарбаевтық дәуі­рін­де айырықша қабындаған өрескел қа­те­лік­термен байланысты бұл құбылыстың сай-се­бебін Әрсен Ресейдегі сол кездегі жалпы ахуал­ға баға беру арқылы аңғартыпты. Ал­ғаш­қы берекесіз, жабайы капитализм ке­зеңін айтпағанда, ұрлап-жырғап тойынған ше­неуніктер табысты көрініп тұрған жо­ба­лар­ды көзапара «секвестрлеуді» (сызып тас­тау) ғана білетін, елдік, мемлекеттік дең­гей­дегі шешімдерді кездейсоқ алгоритмдер бойынша қабылдай салатын клеопток­ра­тия­лық елде ешқашан өсу болмайды, «өсу – жан­таласа әрекет етуде емес, өсудің кілті үздіксіз даму­да, ал дамудың кілті тұрақтылықта» – ал­го­ритммен үйрек атқан Томский кәсіп­кер­лікте негізгі слоган етіп алған ұстанымның мәні осыған саяды. Кейін бұл ұстанымды ол «InDrive-тың өмір сүру мәні – әділетсіздікке қарсы тұру» деп нақтылады. Әрсен базбір кәсіпкерлер құсап ақша-бай­лықты (жалпы материалдық игілікті) орынды-орынсыз мансұқтай бер­мейді. Оның түсінігінде, гипертұтынушылық қоғам жағдайында материалдық табыс табу мүм­кіндігінің өз философиясы болады. Яғ­ни, құмнан алтын жуғандай дұрыстап ізер­ле­­сең тұтынушылық қоғамның құн­ды­лық­та­­рының түп-тереңінен кісінің жанына ж­алау боларлық белгілі бір құндылықтарды ке­зіктірер едің. Адамның ішінен Құдайдың сәу­лесін іздеген Достоевский сияқты идеа­лист автор әлгі ақиқи құндылықты үнемі өз іші­нен іздеумен жүреді және осы орайда ай­тылмыш кітапта жоғарыдағы іштей өзін-өзі мүжу, ақтармалау рефлексиялары, соның ішінде өз қателіктерін анықтау жолында көбінесе негатив іздеп кететін деструктивтік өзін-өзі аңдау қалыбы ол қажет еткеннен де молырақ бой көрсететінін айтар едік. Бірақ дү­ниеде не нәрсе де түпкі нәтижемен өл­ше­неді ғой. Осы ретпен келгенде, әлгі реф­лек­сия­лардың соңы хайыр – кәсіпкер сол үз­дік­сіз ізденістерінің нәтижесінде «отбасы – ден­саулық – мансап – ақша» төрттағанынан тұра­тын өзіндік өмір сүру балансын жасап ала­ды. Яғни, ілгерідегі тұтыну қоғамының те­реңінде жасырынған құндылықты өз іші­нен табады, ол – адамның жүрек қалауымен, со­дан туашақ ой, әрекет еркіндігімен өмір сүруі екен. Еркін, тәуелсіз болсаң, шындық пен әділет өз жағыңда екенін сезінсең, онда өзгенің ырқына әсте бас алдырма. Автордың оқыр­манына жолдаған негізгі месседжі осын­дай және үшбу қағидатын өзі де өмірде бұл­жытпай ұстанып келеді. Әрсен, әрине, кә­сі­бін өркендету барысында синергияға (бір­лесіп әрекет ету) барған, оны кітабында ашық жазады, бірақ ол бизнестегі серік­тестерімен ғана ымыра жасасқан, ал әдетте көп жерде, көп елде жемқор болып келетін билікпен әсте бітіспеген, олар ұсынған лас, кір­лі нәрселерден бас тартып отырған. Томс­кийлер бастап бизнеспен айналысқан кезде алыс Саха елінде ІТ сала мемлекеттік емес, үкі­метке провайдерлік қызмет қана көр­сет­кен, таза жеке компаниялардың күшімен қа­лыптасқан. Сөйте тұра, бизнеске билік тарапынан күшті қоқан-лоққы көрсетіледі, бірақ Әрсен емендей беріктік танытып, әлгі өпірем қысымға иліге қоймайды. Қоқан-лоққыға адекват жауап беріп отырады (мысалы, сондай зорақының бірінің үстінен «әлеуметтік жауапкершілігі төмен бой­жет­кендермен оңаша зауықтасқаны» жайлы дақ келтіретін материал жинау жолымен құ­ты­лады). Олай етпеген күнде біз бүгінде Томс­кий деген табыскер кәсіпкерді білмеген, InDriver деген сервисті тұтынбаған да болар едік. Бұл жағынан Әрсен ешқашан іркілуді біл­мейтін, үздіксіз өсіп-жетіліп, өзімен қоса ай­нала дүниені де өсіріп, жетілдіріп оты­ра­тын дамытушы тұлға. Әрбердесін адамзат осы күнге дейінгі бүткіл білімді әйтеуір есте қал­дыру үшін емес, өзін дамыту, өсіру үшін жый­ды емес пе? Оның көптеген кәсіп­кер­лер­ден басты айырмашылығы да осында – дәл Абай өсиеттерінде айтқандай, ол өзіне се­ніп, өзін алып шығар ақылы мен қайра­ты­на қалтқысыз иланды. Орта жолда тоқтап қал­май, қайткенде де Арманына (ия, дәл осы­лай бас әріппен жазылады!) іркіліссіз, кү­дік-күмәнсіз жетті. Тарихтың ретті кездейсоғына қа­раңыз, Әрсен «Синет» жанынан In­Driver-ді құрып күшейте бастаған 2013 жы­лы сәтті басталған «Астана» журналы жо­­­­бамды тастап кеттім, яғни, Арманыма адам айтқысыз опасыздық жасадым: адам­ның адамнан айырмашылығы осы тектес өмір сынағы ситуацияларында бедерлене көрі­нетін болуы керек. Томский феноменінің бір сыры да осында – ол Күн өз сәулесін жаһан­ға бірдей шашатыны сияқты, «такси» сөзі де әлемнің барлық тілінде бірдей мағы­на беретінін ағатсыз түйсінген. Нәтиже күт­­­кендегідей: арада небәрі жеті-сегіз жыл өтті, ал бүгінде InDrive (2020 жылы өткізілген ре­брендингтен кейін компаниялар тобы ре­тінде осылай жаңаша аталған) дүние жү­зінің 47 елінде 150 миллион мобилді қон­дыр­масы бар сервис ретінде жаһандық ең ірі рай­дшерингтік қызмет көрсетулердің ал­дың­ғы үштігіне (топ – 3) кірді, көлік сервис­тері арасында мобилді қосымша орнату жағынан екінші орынды иеленді, соның ішінде компания Латын Америкасының қы­зуқанды алабын, Африка мен Азияның ап­тапты аймағын тұтымында берік ұстап отыр. Штаб-пәтері АҚШ-тағы Калифорнияның Крем­ний алабында – Маунтин-Вьюде ор­налас­қан, ал inDrive тарихындағы ең үлкен же­лілік офисі Алматыда жайғасқан (онда мың адам жұмыс істейді). Оның себебі, ком­панияның халықаралық нарыққа экс­па­н­ция­сы алдымен дәл осы қазақ жерінен бас­тал­ған және Қазақстан көлемінде inDrive мо­билдік қосымшасы, әсіресе орта және ша­ғын қалаларда тізгін үзіп тұр (Алматы мен Астана бойынша ғана сервисі мықты Ян­декс алдыңғы орында). Бұрынырақта Әрсенге жүгенсіз жемқорлық жайлаған Қа­зақ­станның мәшһүр «өзі сұр, өзі ұры қас­қыры» күш көрсетіп, үлесінің бір бөлігін тар­тып алмақшы болған ғой, бірақ кәсіпкер қа­шанғыдай еш илікпей, халыққа арқасын сүйеп бизнесін бермей алып қалады. Сөйтіп, бейнелеп айтқанда «ритмсіз» бір елде рок-н-ролл елшісі болудан шаршап, Алматыға түп­­­кілікті орнығады. Релокант ретінде. Әрсен Томский Қазақстанға адам ка­пи­талына негізделген жаңа тұрпатты экономика құруда көмек көрсетуге ниетті. Оны шалғай елді мекендерде әлеуметтік лиф­тілер құрудан бастағысы келеді. Сосын Ал­матыда қабілетті балаларға арналған ал­ғашқы тегін университет ашып, онда тех­нологиялық кәсіпкерлер әзірлемекші. Бір сөз­бен айтқанда, жеке қаражатын түгел дер­лік дамудың коммерциялық емес жо­ба­ларына жұмсап жүр. Бұл – ең басты құнды­лық­қа, адам капиталына инвестиция салу. Се­бебі ондай қадамның қайтарымы болмай қал­майды және ол қайтарым орасан. * * * Өмірде айтулы жетістікке жеткендер туралы кітапты оқу бір жағынан мо­тивация, екінші жағынан одан мотиватор өкі­лі болып саналатын ел жайында бай мағ­лұ­мат аласың. Сұлулығы тілмен айтып жет­кіз­гісіз ғажайып Якутияның жер аумағы 5 Фран­ция, 13 Ұлыбритания келетінін (Қазақ­стан­нан да үлкен) оқып таңғалдым. Жерінің ас­ты да шылқыған бай – Менделеев кесте­сін­дегі элементтер түгелге жуық табылады екен. Және де сахалардың Жаңа жылы – күн ша­қырайып тас төбеге келетін 21 маусымда той­ланатын ұлттық құт-береке мейрамының аты Ысыақ. Сонымен қатар осы ысыақ пен оның түбіріндегі «саха» сөзінің дериваты бір есеп­тен, қазақ ішіндегі ысты, ысық (ру ат­тары), сакао – сақау (қазақта ру тақтасы, венгр мадиярларында этникалық топ) нә­мімен егіз қозыдай үйлес шығуы ой салар­лық. Одан да тереңдесек, Сахалин топонимі де осы қатардан табылады ғой. Бұлардың бар­лығы да асыл түбінде, негізінде «ыс» мор­фе­масы жатқан бағзы сақтарға тартуы әбден мүм­кін. Жазғандарын «бір май, бір ет» етіп, жай­машуақ юмормен көмкеріп оты­ратын Ә­рсен осы орайда inDriver жобасы «жайдары да жаңашыл қа­зақтарға мінсіз үйлесе кет­ке­нін» айта келіп, сосын «сірә, саха мен қазақ бір заманда бір халық болған шығар, бет әл­петіміз бен «понт» жасау жағынан бір-бірі­мізге қатты ұқсаймыз» деген сөздерімен езуіңе күлкі үйіреді. Өзі ашып айт­па­ғанымен, Па­риж­де француз тілінде Атилла жайлы кітап жа­зып, Францияның Жазу­шылар одағына қа­был­дан­ған, сахадан шыққан тұң­ғыш ма­тематика докторы Гри­горий Томскийдің белінен жа­ралған, өзінің Әрсен есімі де ар­ғы ер түрік заманының Эрсен, Ересен (мифтік Арсалан алып) сойына тартатын Әрсен Томс­кий, әсілі, тұраншыл тұлға. Шынында да, Анадолыдан басталып, Солтүстік Мұзды мұхитқа белдем салған ұлан-қиыр әрі бай Ұлы Тұранды Саха елінсіз көзге елестету мүм­кін емес қой. Әйеуір, саха елі мен қазақ­тың қайсысын айтса да аузынан жалын шы­ғады: бүгінде жаһанға танымал Әрсен Гри­горийұлы әйгілі Кремний ала­бында жаңа технологиялармен суық кли­маттағы тұрмыс жағдайын жақсарту арқылы Якутияны өркендету, Қазақстанды адами капитал не­гізінде түлету жобаларын айтқан кезде көз жа­нарының түбінен бүгін­де жер бетінен құрып кеткен әйгілі Тұран жол­барысының қуа­ты тепсінеді. Енді ше, ол өзінің бүкіл ғұ­мырына мән болған, сән болған Алгоритм ал­ғаш жасалған өлкеге оралды ғой. «Әрсен алгоритмі» ендігі жерде дәл осы жерде қан тамырдай бұлқына соғып тұрмақ... Әдебиет деп әлеужелідегі блогтарды атай­тын мына заманда үшбу кітапты қазақ оқырмандарымен таныстырған «Bilim Media Group»-қа және өз тілімізге шабыттана оты­рып тамылжыта аударған Мақсот Ізімұ­лына ақ алғыс (оффтоп боп кетпес үшін ау­дар­ма жағына тоқталып жатпадық, деген­мен бұл нұсқаның өз аудиториямызда кеңі­нен жаңғырық туғызбауы бізге түсініксіз, сірә қажетті продак плейсменттің болмауы­нан шығар). 17 сәуір – Әрсен дүние есігін ашқан күн. Сол датаға орайластырып бүгін біз алыстан кел­ген бауырымызға өзі ұнататын бір тілекті ба­ғыттаймыз: – Акуна матата, Әрсен! «Саспа, бәрі де окэй болады!» Өзі айтқандай, мынау жақсылықтан жа­рал­ған дүниеде түбінде бәрі жақсылыққа апа­рады.

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ

Серіктес жаңалықтары