Қазақстан кәсіпқой футбол лигасын неге Ресей азаматы басқарады?

Қазақстан кәсіпқой футбол лигасын неге Ресей азаматы басқарады?

Қазақстан кәсіпқой футбол лигасын неге Ресей азаматы басқарады?
ашық дереккөзі

Былтыр көктемде Қазақстан кәсіпқой футбол лигасына Ресей футболының атқарушы комитетінің мүшесі болған Рохус Шох келді. Кәсіпқой лига мүшелерінің отырысында бірауыздан қабылданған шешімнің нәтижесінде аталған маман басшылық қызметке тағайындалды.  Міне, содан бері 1 жылдан аса уақыт өтті. Ресейлік маманның жұмысына баға берер кез келді. Біз осы орайда «Шох келгелі Қазақстан кәсіпқой футбол лигасында нендей өзгерістер болды, лига жұмысы жақсарды ма?» деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Футбол мамандарының дені былтырдан бері еш ілгері жылжу байқалмағанын айтады. Керісінше олар лигадағы дау-дамай көбейіп кеткеніне өкпелі. Чемпионаттың соңындағы күмәнді ойындардың көбейгенін, маусым аяқталар тұста көп кездесудің эфирден көрсетілмей қалғанын сөз етті.

«Рохус Шохтың қомақты қаржысы бар жерге ұмтылып, сол жобадан пайда көруді мақсат тұтып келгені о бастан белгілі болды. Оның ел футболына жаны ашығанын бүгінге дейін көргеніміз жоқ. Футбол көрсетілімінің сапасын жақсарту, төрешілер мәселесін дұрыс жолға қою жұмыстары әлі шешілмей келеді. Біріншіліктегі күмәнді ойындар, әділетсіз шешімдер толастамай тұр. Осыған қарап-ақ 1 жыл бұрын басшылыққа келген Рохус Шохтың өз міндетін дұрыс атқарып отырмағанын байқауға болады», - дейді спорт журналисі Қуаныш Қаппас.
Ал, спорт сарапшысы Фараби Әбдіхалық Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы мен Қазақстан футбол федерациясы тонның ішкі бауындай біте қайнасып жұмыс істей алмай отырғанын тілге тиек етті. Ол өз кезегінде екі ұйымның арасында ауызбіршіліктің болмауы көп іске кедергі келтіретінін жеткізді.
«Қазіргі кезде Қазақстан кәсіпқой лигасы ел футболына бөлінетін демеушілер қаржысын түгелімен өз иелігіне тарту үшін жұмыстанып жатыр. Негізінде ол қаржы ауыл футболына бөлінуі керек еді. 50-ге жуық жаңа алаң салынып, ескірген алаңқайлар қайта жөндеуге берілуі тиіс болатын. Бірақ бұл жоспардың күл-талқаны шыққалы тұр. Сондықтан ел футболын артқа тартып отырған ұйымды өз иелігімізге қайтаратын кез жетті. Білдей бір футбол лигасын өзге елден келген адамның қолына ұстатып қою елдігімізге сын. Министірлік, жоғарыдағы билік өкілдері осы мәселені бей-жай қалдырмаса екен», - дейді Фараби Әбдіхалық.
Қорыта айтқанда, Қазақстан кәсіпқой лигасының тізгінін Шох қолға алған бір жылда біріншіліктегі ойын кезінде дау-дамай мен өзара келіспеушіліктер көбеймесе, азаймаған. Яғни, қазіргі басшы көз қуантып, көңіл жадыратпады. «Аюға қой бақтыратын қылығымыз» Қазақстан футболының клубтық деңгейде дамуына тұсау болып тұр. Спорт жанашырлары кежегесі кейін тартып, жағдайы сын көтермей келе жатқан аяқдобымызды дамыту жолында аянбай тер төгіп, «халықтың нанын емес, қамын жейтін» маман келер күнді асыға күтіп жүр.