267
ҚазҰУ әлемнің ең экологиялық таза 200-топ университеті қатарында
ҚазҰУ әлемнің ең экологиялық таза 200-топ университеті қатарында
ҚазҰУ әлемнің ең экологиялық таза 200-топ университеті қатарында
Қазақстан Республикасының жетекші ұлттық университеті – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемдік білім беру кеңістігіндегі көшбасшылық позициясы мен беделін кезекті рет нығайтты.
Белгілі бүкіләлемдік «UI Green Metric Ranking of World Universities – 2016» рейтингісіне ҚазҰУ алғаш рет қатысып, мықтылар тобынан лайықты орын алды. Әлемнің ең экологиялық таза 200-топ университеті қатарына енуі – ұлттық университеттің «жасыл дамудағы» жоғары жетістіктері мен үлкен мүмкіндіктерінің дәлелі.
«UI Green Metric» рейтингі әдістемесінде мынадай көрсеткіштер есепке алынады: экология саласындағы білім беру және ғылыми қызмет, энергия мен су ресурстарын үнемді қолдану, табиғатты тиімді пайдалану, қалдықтарды сақтау және қайта өңдеу, экологиялық таза көлік қолдану, студенттік кампус территориясындағы жас көшеттер аумағы және т.б.
Әлем университеттерінің «UI Green Metric» «жасыл» рейтингі жыл сайын әр елдегі үздік ЖОО-ны анықтайды. Мысалы, 2016 жылы АҚШ-та – Дейвис қалашығындағы Калифорния университеті, Ұлыбританияда – Ноттингем және Оксфорд, Канадада – Квебектегі Шербрук университеті, Германияда – Берлиннің Еркін университеті, Жапонияда – Хоккайдо и Киото университеттері. Қазақстандық ЖОО-лар ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – әлемнің 200-топ «жасыл» университеті қатарына енген жалғыз оқу ордасы, бұл ЖОО-ның ғылым мен техника жетістіктерін кампустың энерготиімді стратегиясы мен қаланың экожүйесіне интеграциялау бойынша белсенді жұмысын көрсетеді.
Университет халықаралық деңгейдегі бастамаларға зияткерлік үлес қосуда көшбасшы болып табылады және жаһандық мәселелерді шешуге арналған ауқымды жобаларды белсенді жүзеге асыруда. Осылайша, ҚазҰУ ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жасыл көпір» және «G-Global» бастамаларының энергоэкологиялық стратегиясына қолдау ретінде ТМД университеттері ішінде жалғыз «RIO+20» Әлемдік саммитінде секция ашу жоғары мәртебесіне ие болды. ЖОО тұрақты даму мәселесі бойынша университеттердің халықаралық консорциумын құруға бастама жасады. Жасыл технологиялар орталығы ашылды, «ҚазҰУ - Green Campus» бірегей жобасы жүзеге асуда, тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасы тиімді жұмыс істеуде.
Ұсынылған бағытта жүргізілген жүйелі жұмыс нәтижесінде ҚазҰУ-дың БҰҰ «Академиялық ықпал» (UNAI) бағдарламасының тұрақты даму бойынша жаһандық хабы ретіндегі мәртебесі ұзартылды. Атап өту керек, ұлттық оқу орны өзінің энергосақтау технологиялары мен ғылыми-инновациялық зерттеулерін «EXPO-2017» – «Болашақ энергиясы» көрмесінде көрсететін болады.
Экологиялық таза ЖОО-лар – 2016 жаһандық рейтингі биыл жетінші рет өткізіліп отыр. Сертификаттарды салтанатты табыстау рәсімі Индонезия университетінде (UI) орын алды.
Дана Байғожина