990
Қаламы өткір Қалекең
Қаламы өткір Қалекең

Өмірде түрлі адамдармен кездесесің: біреуімен танысқан соң-ақ оны тонның ішкі бауындай жақын тартып кетесің, тағы біреуімен бір кездесесің де қайтып жолың қиыспайды, ал енді біреулерімен кездесу басқа бір таныстыққа жетелейді. Менің белгілі журналист Қалбай Әділмен танысуым осының үшіншісіне жатады.
1992 жылы Қарақалпақстанда тұңғыш рет қазақтілді басылым – «Достық үні» газетінің ашылуы сол өлке қазақтары үшін тарихи оқиға болды. Белгілі журналистер – Құтмағамбет Қонысбай (газеттің бас редакторы), Базарбай Тауасар (бас редактордың орынбасары), Сәтбай Қалқаш (бөлім меңгерушісі) негізін салған бұл газет сол өлкедегі қандастарымыз арасындағы жазу-сызу айналасында жүрген бауырларымыздың басын қосып, ел арасында елеусіз жүрген таланттардың танылуына үлкен әсер етті. Газет беттерінде жарияланған мақалалар мен әдеби шығармаларды оқыған жұрты «е-ее, өзімізде де қазақ тілінде жазатын қаламгерлер көп екен-ау» құлшынып, газет таралымының көбеюіне, қарақалпақ еліндегі қазақ қаламгерлерінің шабыттана түсуіне түрткі болды. Сөйтіп, редакциясы Нөкіс қаласының Тұрғын үй құрылыс комбинатының еңселі кеңсесінде жайғасқан «Достық үні» газеті өз-өзінен рухани орталыққа айналып жүре берді.
О кезде біз студентпіз, күндіз-түні кітап оқып, өлең жазып жүрген шағымыз, газет редакциясына жиі барамыз. Бір күні, (ұмытпасам, 1993 жылдың қаңтар айы болса керек) редакцияға барсам үстінде қалың қара курткасы, басында биіктеу құлақшыны бар кісі хатшы қыздың жанында отыр екен, үстелдің үстіне машинкаға басылған қағаздар тұр (осы кісінікі шығар деп ойладым). «Ассалаумағалейкум» деп деп сәлем беріп едім, әлгі қараторы өңді кісі менен көз алмаған күйі орнынан тұрды да, «сен Ахмет Өмірзақ деген ақын бала емессің бе?» деді. Мен сәл ыңғайсызданып, басымды изеп «иә» дедім. «Мен Балтабай Әділ деген ағаңмын ғой» деді. Содан танысып, сөйлесіп кеттік. Мені газеттерге шыққан өлеңдерімнен біледі екен, суретімді көрген. Біраздан соң «Құтмағамбетке келіп едім, мені үйіне апарасың ба?» деді. Сөйтіп, екеуміз кешке қарай Құтекеңнің үйіне бардық. Түннің бір уағына дейін әңгіме соқтық. Жоғары оқу орнын Алматыда бітірген екен. Курстастары жайында, өзі араласқан белгілі қазақ ақын-жазушылары туралы біраз қызықты әңгіме айтты. Екі кітап шығарып, балаларға арналған әдеби бәйгенің екі рет лауреаты болыпты. Бір кезде сол кезде Ташкенттен шығып жатқан «Достық туы» газетінде басылған бір мақаланы сіз жазып па едіңіз деп сұрап едім, «жоқ, ол Қалбайдың жазғаны ғой» деді. Сөйтсем, Балтекеңнің Қалбай деген журналист інісі бар екен, әлгі мен шатастырып отырған мақаланың авторы сол кісі болып шықты. Сөйтіп, Қалбай Әділ деген ағамыздың Балтабай ағаның туған інісі екенін бірінші рет сол күні білдім.
Қалбай ағаның мақалалары Ташкенттегі «Достық туында» (1993 жылдан бастап «Нұрлы жол» болып өзгерді атауы, әлі шығып тұр), Нөкістегі «Достық туында» (ол газет 1992-2002 жылдар аралығында шығып тұрды) жиі жарияланып тұрады. Ара-арасында әдебиет туралы жазғандарын да оқып тұрамыз.
1994 жылы Қалбай Әділ ағамыздың «Нұрлы жолда» сол газетке түскен өлеңдерге арналған шолу мақаласы басылған екен. Оқып қарасам, біраз авторды сынапты. Әрине, дәлелсіз емес. Соның арасында мынадай бір сөйлем бар екен: «...Ал енді Мұрат Бекейдің өлеңдеріне келсек, одан Төлеген Айбергеновтің әсері байқалады. Еліктеу емес, үйрену қажет шығар». Бұл, әрине, маған ұнай қойған жоқ, өйткені бүгінде бірнеше кітаптың авторы болған, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, менің аға-досым ақын Мұрат Бекейдің ол кезде өлеңдері енді-енді газет-журналда көріне бастаған шағы. Екеуміз Қарақалпақстанның екі ауданында тұрсақ та хат жазысып, бір-бірімізге әдебиет туралы ойларымызды айтып тұрамыз. Содан мен досымды қорғамаққа бекініп, Мұрат Бекейдің газетте шыққан өлеңдеріне өзімше талдау жасап, жақсысын асыра көрсетіп, мақтап, Қалбай ағамыздың әлгі мақаласына қарсы мақала жаздым. Қыза келе, мақаланың түйінінде «...Сондықтан Қалбай сынды «сыншыларға» абайлап бағалайық өлең-жырды дегім келеді» деп жібердім. Ол 1994 жылдың тамыз айының аяғына таман «Нұрлы жол» газетіне басылды. Мақаламды газетке бастырған марқұм, ақын Нұр-Бибі Омар апамыз (сол кезде ол кісі «Нұрлы жол» газетінің әдебиет бөлімін басқаратын) маған хат жазып, «Біздің газетке тұңғыш рет өлеңді әділ бағалаған мақала келді» деп мақтауымды асырды. Газеттен әлгі мақаланы оқыған біраз кісілер «маладес, өзің ақын ғана емес, әжептәуір сыншы екенсің ғой» деп біраз қомпылдатты мені. Өлеңдеріне тұтас бір мақала арнап «ақтап алған» маған Мұрат Бекей досым да риза. Не керек, сөйтіп ол елдегі газет оқитын ағайын арасына бір мақаламен әжептәуір танымал болып қалдым. Бірақ Қалбай ағам жақтан жауап болмады. Ренжісе де, тиісерге қара таппай алып-ұшып тұрған жас баламен айтысып қайтем деп жылы жауып қоя салған болар, шамасы.
Кейін Қалбай Әділді 1995 жылы Алматы маңындағы Шамалған стансасына көшіп кетті деп естідік. Атамекенге оралған соң екі-үш айдай «Ұлан» газетінде істепті, одан соң еларалық апталық басылым – «Қазақ елі» газетіне барыпты. О кезде Бесқалаға Қазақстанның басылымдарының бәрі барып тұрады. Содан Қалекеңнің мақалаларын оқып тұрамыз. Өткір жазады, қоғамдағы түрлі әлеуметтік мәселелерді жиі көтереді. Туған жерін де назарынан тыс қалдырмай, о жақтан шыққан қазақтың белгілі тұлғалары туралы да портреттік мақалаларын жариялайды. Қайбір жылы Өзбекстан мен Қарақалпақстандағы екі қазақ газетінің жай-жағдайы туралы да ашына жазыпты. «Өтпелі кезеңнің қиындығына төтеп бере алмай, жабылып қалуы да мүмкін-ау» деп уайым айтыпты. Оған біз ана жақта отырып риза боламыз.
Солайша, Қалбай ағаның біраз жыл бойы тек сыртынан біліп қана жүрдік. Ал Балтабай ағамен содан кейін дидарласудың жолы түспеді. Жазғандарын тек газет журналдардан көретінбіз.
Мен Алматыға 2004 жылы біржола көшіп келдім. Дегенмен атажұртқа келуін келгенмен біраз уақыт газет-журналға жақындауға уақыт болмады. Жанбағыстың қамымен түрлі жұмыстар істеуге тура келді, соның себебінен елден келген ағаларымызға хабарласа алмай біраз жүріп қалдым. 2010 жылы Балтабай ағаның жыл асына Құтмағамбет аға ертіп барды. Сол кезде ол кісі мені Қалбай ағаға таныстырып, «мынау баяғы Ахмет деген ақын інің» деп еді, Қалекең «Оу, Ахмет осы ма, баяғыда бұл мені қатырған» деп, «Нұрлы жолдағы» мақаланы есіне алып, біраз күліп алды. Мен сәл ыңғайсызданып, «Мұрат Бекей екеуіңіз ағайын адам (рулас) екенсіздер ғой, біреуіңізді мақтап, екіншіңізді сынап бекер қылған екенмін» деп қалжыңдадым. «Ештеңе етпейді, ондай-ондай болып тұрады» деп арқамнан қағып қойды ағамыз. Сол кезде Қалбай ағаның кек сақтамайтын жайдары адам екенін танығандай болдым. Содан бері көрген жерде сәлеміміз түзу, кездесе қалсақ екеуміздің арамызда едәуір жас айырмашылығы болса да қалжыңдасып, еркін сөйлесе береміз. О кісі де қу тілді, мен бірдеңе десем, ол да бірдеңе деп іле кетеді.
Қалбай Әділ ағамыз – Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген, мамандығы бойынша филолог. Дегенмен жасынан кітапты көп оқыған адам бойында жазуға деген қабілетін ерте сезгендіктен, туған ауылында мұғалім бола жүріп жазуды тастамаған. Сөйтіп, атамекенге келгеннен кейін бірыңғай жазумен айналысты. «Ұлан» газетінде, «Қазақ елі» газетінде еңбек етті. «Қазақстан әйелдері» журналында бөлім меңгерушісі болды. «Заң газетінде» біраз жыл Бас редактордың бірінші орынбасары қызметін атқарды. Зейнетке шыққан кейін де «Заң-медиа» корпорациясына қарасты «Заң» журналында біраз жыл редактор болып жұмыс істеді. Тіпті, анау-мынау журналистер жақындай бермейтін «Солдат» газетінде де жұмыс істеген кезі бар.
Баспасөзге шыққан таңдаулы мақалаларын жинақтап, «Өткен күнде белгі бар», «Шұрқырасып табысар шақ» атты кітаптарын шығарды. 1997 жылы Төлеген Айбергенов туралы «Біргемін мен сендермен» атты естелік кітабының құрастырушыларының бірі болды. Туған ағасы, белгілі балалар жазушысы Балтабай Әділ туралы «Балалар әдебиетінің дарабозы» атты естелік кітап құрастырып шығарды. Сондай-ақ аударма саласында тер төгіп жүр. Жақында ол әлемге танымал бельгиялық жазушы Жорж Сименонның «Мажестик» қонақүйіндегі жұмбақ өлім» атты романын тәржімелеп бітіріп, енді ол шығарма қазақ тілінде басылып шыққалы жатыр.
Жалпы, журналистің қаламынан азусыз материалдар шықпауға тиіс, өйтпеген жағдайда атыңа да, затыңа нұқсан келеді. Ал біздің Қалекең – қазақ баспасөзінде өзіндік із қалдырған майталман журналистердің бірі. Ол қандай тақырыпты көтерсе де жеріне жеткізіп, ащы сын айтудан тайсала бермейді. Мәселен, оның қаламынан туған «Тарихи тұлғаларымызды танимыз ба?», «Ономастикада ұнамайтын атаулар көп» немесе «Павлодардың ескі аты Қимақ емес пе?», «Қаһарман атағына кім лайық?», «Батыр атағы не үшін беріледі?» немесе «Қолынан келді, қонышынан басты», «Жұлдыз жауған жылдар», «Мемлекет деген кім?», «Келімсектердің келешегімізге кесірі көп», «Жетіміңді жат жұртқа жаутаңдатпа», «Мүгедектер сатылып жатыр», «Шоқайға «шоқыну» саяси соқырлық емес еді», «Ұлттар жарасымдылығына жарамсақтық жат», «Күл болғысы келетін кім бар немесе Қазақстанға крематорий керек пе?», т.б. мақалаларын алып қарайық, атының өзі талайдың төбе шашын тік тұрғызбай ма? Атауының өзінен-ақ қандай күйіп тұрған мәселелерді көтеріп отырғанын білесің. Демек, Қалбай Әділ бар-жоғы білінбейтін қатардағы көп жазарманның бірі емес, заманына үн қосқан, жұртың көкейіндегіні тап басып айтып, түрлі өткір проблемаларға қоғам назарын дер кезінде аударып отыратын ақмылтық журналистердің сойынан. Содан да болар,
ол – қазақ журналистикасындағы аты белгілі талай кісілермен жақын араласқан елгезек жан. Ал ол туралы әріптес аға-інілері әрдайым жылы пікірлерін айтып отырады. Мәселен, қазақтың көрнекті ақындарының бірі Байбота Қошым-Ноғай Қалбай туралы: «Қалбай «Қазақ елі» газетінде менің қарамағымда жұмыс істеді. Жазушы ретінде танылмағанмен, қаламы жүйрік, қарымды журналист ретінде әлдеқашан мойындалған. Тамаша, тың проблемаларды дер кезінде көтеріп, өткір мақалалар жазды. Материалдары «Қазақ елі» мен «Ана тілі» газеттерінде жарияланып отырды. Балалар жазушысы Әділ Балтаның туған інісі. Балтабаймен жақсы сыйластым, аралас-құралас болдым. Сол жағынан оны өзімнің бауырымдай көрдім. Жасыратыны жоқ, бізде ауыр жұмысты біреу атқарады, оның рахатын басқа біреулер көреді. Барлық саладағы жағдай осылай. Мысалы, Қалбай өзі қызмет еткен барлық жерде мойнына ауыр жүк артып алатын жігіт. Онда халтура деген мүлде жоқ. Таза, шыншыл адам» десе, белгілі жазушы, ақпарат айдынында аты белгілі журналист Дәурен Қуат қаламдас ағасы туралы «Қалағаң қаламы жүйрік журналист, ең бастысы жылдам. Қандай тақырыпты жазса да, әдемі, шебер тілмен ашып, жандандырып жіберетін. Тақырыбын жақсы білетін. Ол кісіге әрдайым журналистикада үйренуге тиісті ағам деп қарайтынмын, әлі күнге дейін солай қараймын. Қалағаңның тағы бір ғажаптығы өзі білетін, түсінетін тақырыпқа барады. Сол тақырыпты әдемі бір әңгіме сияқты ашып береді. Сұхбаттары да дәл сондай, өзі сұхбаттасқан адамның жан дүниесін, ойын барынша ашып көрсетеді. Қалекең секілді мықты журналистерді зейнет жасына жетті екен деп үйіне жіберу дұрыс емес. Мұндай кісілер журналистика майданында қолынан қаламы түскенше жүруі керек. Неге десек, зейнетке шыққан адамдардың білім-білігін, тәжірибесін пайдалану жағы бізде кемшін. Мысалы, Сүлеймен Демирел атындағы университет, Қазақ ұлттық университеті, сол сияқты көптеген жоғары оқу орнының журналистика факультеттері бар. Сондай орындарға апарып лекция оқытса, жас кадрларды дярлауға әлеуеті толық жетер еді. Мақала, ақпарат, хабарлама, т.б. қалай жазылады, оларды қалай беру керек, формалары, тәсілдері, осылардың бәрі жайлы айтары бар адам Қалекең» деп толғанады. Бұның бәрі қаламдас-қатарластарыңа қадірің барын көрсетеді. Ал адам ондай құрметке адал тер төгіп қана жетеді.
Көңілі жас адамның ойы сергек. Бүгінде журналистиканың бейнетінен құтылып, зейнеттің рақатын көріп жатқан Қалбай Әділ әлі де қарап отырған жоқ. Әлеуметтік желіде жас ұрпаққа үлкендердің өмірінен тағылымға толы жазбаларын жиі жариялап тұрады. Сондай-ақ кезінде қарақалпақтың бір сұлуын қолына қондырған Қалекең туған жеріндегі балдыздарымен жарасымды әзілдесіп отырады.
Демек, Қалекеңнің өткір қаламының ұшы әлі сол күйінде. Біз оған шығармашылық табыс тілеп, ел-жұртына пайдасы тиер жазбалары көбейе беруін тілейміз.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ