1271
Даласы бір қазақтың моласы бөлек болса...
Даласы бір қазақтың моласы бөлек болса...

Баяғыда үлкендер ел арасында ілуде бір кездесіп қалатын жөнсіз әрекет не теріс пиғыл туралы әңгімені құлағы шалса, «заман өзгерді ғой...» деп күрсінетін. Ал шынында заманды өзгертетін адамдар емес пе? Абай айтпақшы, «Әркімді заман сүйремек, заманды қай жан билемек? Заманға жаман күйлемек, замана оны илемек». Демек, барлық пәле заманға күйлегендерден – өздерінің пасық әрекеттерін «заман талабымен» ақтап, әр нәрсені өз ыңғайына қарай бұра тартқыштардан шығады екен ғой.
Заман талабы демекші, бүгінде заман талабына жатпайтын нәрсе қалды ма? Бір кезде тайпашылдықты онша ұнатпайтын қазақ қазір ру, жүз десе бір иығын беріп тұрады. Тектік тұрғыға қатты мән беретін халықтың өз бабалары, ағайын-туғандары жайлы білгені артық емес шығар, бірақ руға қарай бөліну дегеннің де шегі бар емес пе? Бар қазақтың әдет-ғұрпы, тілі мен діні ортақ болса, онда бір рухани әлемнің ортақ перзенті ретінде бірін-бірі шеттетіп, кемсітуге, жатсынуға қандай хақы бар? Сөзге келгенде осылай дейміз-ау, бірақ іске келгенде...
Өркениет дамыған, бүкіл адамзат баласының тыныс-тіршілігін алақандай смартфонға сыйдырып жіберген дәуірде өзгесі өзге, бір ұлттың өкілі бола тұра бір-бірімізді жерге, атаға бөліп сынап-мінеп отыратын әдетті қоя алмай келе жатқанымыз өкінішті. Ең жаманы, тірлігінде алты бақан алауыздыққа бой алдырып алған ағайынның өлгенде де бөлінуге дайын тұратыны жаныңды түршіктіреді кейде. Оның нақты мысалының бірі – бұрын кірмені де шеттете бермейтін қазекемнің кейінгі ширек ғасырда ру-тайпасына қарай зираттарын да бөлектей бастауы. Оған дәлел – бүгінде әр қазақ ауылы маңындағы рулық зираттардың пайда болуы. Яғни, белгілі бір рудың зиратына тегі басқа адамды жерлеуге тыйым салынуы. Мұндай естір құлаққа ұят әрекеттің ен жая бастағына да біраз болған сияқты-ау. Мәселен, ілгеріде белгілі жазушы, марқұм Дидахмет Әшімханұлы «Түркістан» газетіне жарияланған «Дала... Сыңсыған мола... Ауыл сайын бiр батыр...» атты мақаласында бұл жайында былай деп жазғаны бар еді:
– «Кейбiр рулық, аталық сананың көрiнiстерi – адамды жирендiру былай тұрсын, жаныңды түршiктiредi, – дейдi оңтүстiктің бiр азаматы. – Бұдан бес-алты жыл бұрын Қаратау қойнауларын аралап келе жатып мынадай сұмдықты көзiмiз көрдi. Тауды бөктерлей жатқан үлкендi-кiшiлi қалың бейiттiң бiрнеше гектарлық аумағы бетон дуалмен коршалған екен. Тек биiктен түсiп келе жатқан осы дуалдың бiр жерi кiлт iшке кiрiп, жүдеулеу бiр жалғыз бейiттi сыртқа қалдырып, сосын қайта түзелiп кеткен.
– Ау, бұл қалай? –десек, ауыл адамы айтады:
– Бұл мүрдеде жатқан жiгiттiң жүзi де, руы да мына қорымдағылардан бөлек. Соны ескерген президентiмiз бейiттi тұтастай қоршар кезде бұны сыртта қалдыруды жөн көрген.
– «Айналайын-ау, президент дегенiң кiм ол? Не ол?» десек, әлгi әпендемiз: «Сiз не, бiлмейсiз бе? Әр рудың мұнда өз президентi болмай ма?» деп аузын ашееп тұр». Бұл – 2007 жылы жарияланған мақала. Демек, сол кездің өзінде зират бөлектеу деген пәле қалыпты жағдайға айналғаны ғой...
Жалпы, зират ешкімнің жекеменшігіне жатпайды, тіпті белгілі бір рудың да. Дегенмен бұрында сирек жағдайда мәңгілік дамыл табатын жерін сатып алған тұлғалар болған екен. Мәселен, ұлы қазақ перзенті, қолбасшы, заманында Самарқанды билеген Жалаңтөс баһадүрдің сүйегі Самарқан шаһарынан 12 шақырым жердегі Дахбет деген жердегі Махдуми Аъзам (толық аты-жөні Саид Джалал ад-дин Ахмад ал-Касани ад-Дахбеди, 1461–1542) есімді қазіреттің зиратына қойылған. Махдуми Аъзам – Орталық Азиядан шыққан ислам теологі, сопылық ағымның өкілі, «Дахбедия» мектебінің негізін салушы, Накшбанди ілімінің ірі теоретигі және шейхы. Оның кесенесін кезінде Жалаңтөс баһадүрдің өзі қайта қалпына келтірген екен. Кейін жылдар өткенде біреулер Жалаңтөсті діни қайраткер болмағандықтан, «бұл жерде жатуы тиіс емес» деген әңгіме шығарып, оны басқа жаққа жерлемекші болып, қабірін ашқан кезде Жалаңтөстің өзі жатқан жерін сатып алғаны туралы қазының мөрі басылып бекітілген, шыныға салынған қағаз шыққан соң дау тоқтаған дейді.
Қазіргі кезде де кейбір елдерде атақты адамдардың сүйегі қойылған зираттардан адамдардың өздеріне қайтыс болған соң қойылатын жерін сатып алатын жағдайлар кездесіп тұрады. Бірақ қазақта ондай әдет жоқ секілді. Бізде адамдар дүние салған соң өзі өмір сүрген елді мекенге жақын жердегі зираттарға қойыла береді. Алайда кейінгі кезде тұтас зиратты руына байланысты иемденіп алатындар да кездесіп жатыр. Мысалы, 2008 жылы сондай сұмдық оқиғаның бірі Алматы іргесіндегі Жамбыл ауданында жүз берді. Дүние салған оралман әйелді зиратқа қойған соң сол араның жергілікті тұрғындары келіп, қайтыс болған адамның туыстарына қоқан-лоқы көрсеткен. Олар «мәйітіңді қазып алып, басқа жерге көміңдер, әйтпесе трактормен қазып шығарып тастаймыз» деп қорқытқан соң қайтыс болған әйелдің туыстары амалсыздан туысының мәйітін қабірден шығарып алып басқа зиратқа жерлеуге мәжбүр болған. Ауыл имамы «жерленген адамды қайта қазып алу – күнә» десе де, «зират иелеріне» қарсы тұра алмаған... Сол кезде бұл оқиғаға түсінік берген ҚМДБ баспасөз өкілі де бұның адамгершілікке де, шариғат заңына да сыйыспайтын әрекет екенін сынаған болатын.
Осындай жағдайдың біріне куә болған белгілі саясатшы Расул Жұмалы өткен жылы бір басылымға берген пікірінде: «Биылғы 7 шілдеде Алматыдан 20 шақырым жерде жатқан Төңкеріс ауылында болдым. Қайтыс болған туысымның жаназасына қатыстым. Жерлеу барысында өзін таныстырмаған дөкейлер жетіп келіп: «бұл біздің сатып алған жер, молаларыңды, онда жатқан мүрделерді алып кетіңдер!» деп дүрсе қоя берді. Ақылға шақырған сөзге құлақ аспайды. Не деген сұмдық! Алматы облысының әкімі айдың-күннің аманында барша елді ашындырған зорлықты доғарса жөн. Зираттың жерін жекеменшікке берген шендіні жауапқа тартсын», – деген болатын. Бұл қатардағы көптің бірі емес, елдің алдында жүрген беделді азаматтың сөзі. Демек, қоғамға танымал адамдардың өзі бұндай проблемаға тап келіп жатса, қарапайым халыққа не жорық?!
Жалпы, кеңестік кезеңде тұрған жері құрылысқа, тағы басқа қажеттіліктерге орай ескі зираттардың жойылу деректері кездесіп тұратын. Ондай жағдай ауылда да, қалада да болды. Басқасын былай қойғанда, Қарқаралыда дүние есігін ашып, Семейде жерленген әйгілі Кемпірбай ақынның зираты коммунистер билеп тұрған заманда тегістеліп, үстіне ет комбинаты салынып кеткен... Бірақ қазір зират бұзып орнын пайдаланатындай жер қуырылып қалған жоқ қой. Ал жеке адамдардың тұтас зиратқа иелік етуі заңға да, адамгершілікке де жат әрекет.
Әрине, эксгумация деген бар, ол заң бойынша адамның қайтыс болуының себебін анықтау немесе мәйіттің ұқсастығына көз жеткізу мақсатымен жерленген мәйітті көмілген орнынан аршып алуға рұқсат береді. Эксгумация қайтыс болушының жеке басын анықтау, қосымша немесе қайта сараптама өткізу үшін тергеушінің қаулысы немесе соттың ұйғарымы бойынша жүзеге асырылады. Демек, жеке адамдардың мәйітті қазып алуға күштеуі заңға қайшы.
Ал бұған діни тұрғыдан келсек, «Егемен Қазақстан» газетінің 2009 жылы 26 мамыр күнгі санында жарияланған Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы «Жаназа пәтуасында» былай жазылған:
«37. Мәйітті қайтқан жерінен басқа жерге апару үкімі.
Мәйітті қайтыс болған жерге жерлеу – мұстахаб. Мәйіт денесі бұзылмайтын болса басқа жерге апарып жерлеуге болады. Жерленген мәйітті қайта қазып, екінші бір жерге көшіру – харам. Бірақ жерленген жер біреудің меншігі болып және ол әкетуді талап етсе немесе көпшілікке өте қажет құрылыс, не жол салынатын болса, яки қабірдің су астында қалу қаупі төнсе, мәйітті басқа жерге көшіруге болады». Осының «жерленген жер біреудің меншігі болып және ол әкетуді талап етсе... мәйітті басқа жерге көшіруге болады» деген жері солқылдақтау көрінеді. Себебі есі дұрыс адам елмен бірге өмір сүре тұра, жақындарының мәйітін зираты жоқ айдалаға қалай болса солай көме салмайды ғой. Қазақ тек бақсыларды бөлек жерлеген...
Бұрында зират «мұсылмандар зираты», «христиандар зираты» деп бөлінсе (тіпті кей жағдайларда орыс, кәріс, қазақ т.б. ұлттар бір зиратқа да қойыла беретін), қазір ана рудың зираты, мына рудың зираты, оралмандардың зираты, жергілікті халықтың зираты деп айыру, онсыз да тірлігінде іштей бөлінуге бейім қазақтың өлгенде де іргесін аулақ салуы ұлттың бірлігіне сына қағатын зиянды құбылысқа айналып барады. Бұндайға ел заңды түрде тыйым салмаса болмайды.
Оқымаған биікте тұр бабамыз,
Оқыдық қой, неге саяз санамыз?
Асқынды ғой, асқынды ғой жарамыз.
Ей, бауырлар, қайда кетіп барамыз? – деп кезінде Шынболат Ділдебаев жырлағандай, бабалары елдікті насихаттаған, сырттан жау келсе тастүйін болып біріккен елдің ұрпағы емес пе едік, ендеше пәниде тірлік кешер даламыз бір болғанда бақида жатар моламыз да бір болмас па?!