50541
Орталық Азияда ортақ медиакеңістік құру идеясы талқыланды
Орталық Азияда ортақ медиакеңістік құру идеясы талқыланды
Астанада бірінші Орталық Азия медиафорумы өтті. Бұл – медиа мамандар мен танымал сарапшылардың бір үстел басына жиналып, медианы дамытудың өзекті мәселелерін талқылауына, Орталық Азияда ортақ медиакеңістік құру идеясын сарапқа салуына үлкен мүмкіндік. Халықаралық деңгейдегі белгілі ғалымдар, саясаткерлер, журналистер, беделді сарапшылар мен медиа саласындағы халықаралық ұйым өкілдерінен тұратын барлығы 100-ден астам спикердің басын қосқан жиынды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырды.
Екі күнге созылған форумның ашылуында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысушыларды құттықтап, бірінші рет өтіп отырған іс-шараның маңызы туралы айтты. Сонымен қатар панельдік сессияда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Қырғыз Республикасының мемлекеттік хатшысы Сүйүнбек Қасмамбетов, Түркияның 11-президенті Абдулла Гүл, Моңғолияның 3-президенті Намбарын Энхбаяр тақырыпқа қатысты ой бөлісті.
Жиынға қатысушылар негізінен жаңа медианы дамыту, жасанды интеллект технологияларын медиада қолдану, Орталық Азиядағы креативті индустрияның дамуы, ақпараттық қауіпсіздік, медиа саласындағы білім беру жүйесі, өзара ынтымақтастықтағы халықаралық ұйымдардың орны, азаматтық қоғамды дамытудағы гендерлік теңдіктің рөлі мәселелері жөнінде пікір алмасты. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың І Орталық Азия медиафорумы қатысушыларына жолдаған құттықтауын Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин оқып берді.
– Біз жаһандану дәуірінде бүгінгі ақпараттық кеңістікпен шектеліп қалмауымыз керек. Бірлескен медиаөнімдер жасап, ортақ құндылықтарды халықаралық деңгейде дәріптеу аса маңызды. Сол арқылы Орталық Азия елдерінің жасампаз идеяларымен жарқын ісін жер жүзіне танытамыз. Бүгінгі алқалы жиын мазмұнды әрі мағыналы өтіп, елдеріміздің сан-салалы байланыстарын нығайта түсетін дәстүрлі басқосуға айналады деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, береке тілеймін! – деп жазылған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатында.Мемлекет басшысы ХХІ ғасырда Орталық Азияны бірлесе дамытуды көздейтін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қою рәсімінің осы мерейлі жылда өтуінің зор символдық мәні бар екеніне тоқталды. Мемлекеттік кеңесші медиа саласында, мәдени-рухани бағытта, сондай-ақ қоғамдық-саяси тұрғыдағы байланыстарды нығайту қажет екенін жеткізді.
– Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Бұған алғашқы жиыны Қазақстанда өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері ерекше серпін берді. Қазір Орталық Азия өзіндік маңызы бар аймаққа айналуда. Бұл – өңірлік бірегейлігімізді танытуға, ортақ мәдени кеңістік қалыптастырып, әлемге ұсынуға деген ұмтылысымыздың жемісі. Біз мұны одан әрі тереңдете түсуіміз керек, – деді Ерлан Қарин.Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі форум аясында көптеген келісімшарт жасалатынын айтты.
«Бүгінгі іс-шараға Пулитцер сыйлығының лауреаты, көптеген ірі халықаралық медиакомпания басшыларының келуі, бұл форумның өміршең болатынын көрсетеді. Форумды өткізіп қана қоймай, болашақта жалғасын күтеміз, тұрақты платформаға айналуы жөнінде ұсыныстар бар», – деді министр.Форумның панельдік сессиясында Түркия мен Моңғолияның бұрынғы президенттері Абдолла Гүл, Намбарын Енхбаяр қатысып, тақырыпқа қатысты ой бөлісті. Абдула Гүл бұқаралық ақпарат құралдары мен медиа халықтың үні екенін айтып өтті.
«БАҚ институты мемлекеттік басқаруға елеулі қиындық тудыратын кез келген дезинформация әрекеттерінен тазартады. БАҚ қоғамды ағартып, жалған ақпараттан қорғауы керек, ағартушылық, білім беру рөлін атқаруы керек. Жасанды интеллект пен үлкен деректердің арқасында БАҚ жаңа технологияда артықшылыққа ие бола алады, оларсыз қазіргі өмірді елестете алмаймыз. Осылайша, біз бұл технологияларды қоғам игілігі үшін пайдалануымыз керек, құқықбұзушылық пен киберқылмысқа жол бермеуіміз керек. Осылайша, әлеуметтік желілерде араздықты, жалған ақпаратты таратуға тырысудың алдын алу қажет. Сонымен бірге үкіметтер еркін, ашық бұқаралық ақпарат құралдарынан қорықпауы керек. Еркін БАҚ есеп беру, ашықтық үшін өздері күреседі және дұрыс басқаруға ықпал етеді. Жаһандық маңыздылығын көрсететін Орталық Азия елдері әлем бостандығымен бір толқында болатын БАҚ-ты дамытуы керек», – деді Абдулла Гүл.Моңғолияның 3-президенті Намбарын Енхбаяр Орталық және Сол-түстік-Шығыс Азия елдері арасындағы әріптестіктің маңызына тоқталды.
– Біз постмодернизм дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл кезеңде өз мүддемізді жалғыз қорғаған қиындық туғызады. Күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана дами аламыз. Бұл тұрғыда Орталық Азия елдері бір-бірімен белсенді ынтымақтастық орнатып жатыр. Кейінгі жылдары Моңғолия Сол-түстік-Шығыс Азия елдері топтарының белсенді мүшесіне айналып отыр. Бірақ ХХІ ғасырда әртүрлі аймақтағы елдер арасында кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастықтың болашағы зор деп есептеймін, – деді Намбарын Енхбаяр.«Медиа және think tanks: сараптаманың медиатрансформациясы» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстелде «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Танысбай телевизияның қоғамдағы қазіргі рөліне тоқталды. Оның айтуынша, жастар арасында «телевизия енді қоғамды қызықтырмайды» деген қате пікір кездеседі. Шын мәнінде, бұл сала жойылып кетпейді, тек аудиторияға жеткізу әдістері өзгереді.
– Телевизия контентіне сұраныс жоғары. Жақында USAID тапсырысы бойынша Интерньюс жүргізген зерттеу осыны дәлелдеді. Аудитория күн сайын әлеуметтік желілерді қарағанды ұнатады, бірақ халықтың 54 пайызы бұрынғыша дәстүрлі БАҚ-қа сенеді, – деді Ләззат Танысбай.Жиында белгілі әнші Димаш Құдайберген әлемдік Peace one day жобасының авторы Джереми Гиллимен бірге бейбітшілік идеясы бойынша арнайы сессия өткізді.
«Сен әлемді жаулап алма, өйткені онда сансыз қайғы-қасірет бар. Сен одан да адамның жан дүниесін меңгер. Ол жерде қаншама әлем бар екенін көресің». Сөзін М.Дулатидің осындай ойымен бастаған әнші бейбітшілік адамның ең ұлы, ең асыл құндылығы екенін айтып өтті. Ал әлемдегі тыныштықтың, бейбітшіліктің ең басты кілті – сары майдан қыл суырғандай саяси дипломатия, адами қарым-қатынас, мемлекетаралық сыйластық. Бір мемлекеттің басқа мемлекеттің территориялық тұтастығын, ішкі саясатын құрметтеуі. «Адам өмірін адам өлімімен құтқару – ойға қонымсыз, миға сыйымсыз нәрсе. Соның бәрін біле тұра, әлі күнге дейін нәсілге бөлініп, дінаралық соғыс, ұлтаралық келіспеушіліктер белең алған заманда өмір сүріп келеміз. Ғалымдардың зерттеуіндегі адамзат тарихы алғаш рет хатқа түс-кеннен бергі кезеңге көз жүгіртсек, соңғы мыңдаған жылда, яғни 5 жарым мың жылда адам баласы 292 жыл ғана тыныштықта өмір сүрген. Бұл өкінішті жайт адамзат санасының бағзы замандардан бері көп өзгер-мегенін көрсетеді. Әлі күнге дейін талай ел соғыс зардабын тартып, экономикасы, руханияты құлдырап жатыр. Талай жазықсыз жандар сол зұлматтың зардабын шегуде. Мұның барлығы бейбітшілік кеткен жерді берекесіздік жайлайтынының айғағы. Соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін күресу ХХІ ғасырдың ең өзекті мәселесінің бірі болып тұр», – дейді әнші.Ал Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің дирек-торы Асқар Омаров бүгінде ақпарат ағыны едәуір артқанын тілге тиек етті. Мысалы, 90-жылдардың басында қолданушы күніне 20-30 хабарлама алса, бүгінде ол 2-3 мың ақпарат алуы мүмкін. Әрине, олардың арасында күмәнді ақпараттар да бар. Бұл тұтынушының ақпаратты таңдауына әкеліп, нәтижесінде медиасауат, ақпараттық гигиена қалыптасады.
– Бұған дейін күмәнді ақпаратпен қалай күресеміз деп келсек, пандемия кезеңі фейкпен күрес маңызды екенін көрсетті. Күресіп қана қоймай, оның алдын алу қажеттігін байқатты. Бүгінде Қазақстанда және өзге де елдерде жоғары оқу орындарында, орта білім мекемелерінде медиасауат пәні енгізілген, – дейді Асқар Омаров.Форумға қатысқан Өзбекстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры Элдор Арипов өңірлік бірегейліктің маңызына тоқталды. Сонымен қатар ортақ мәдени құндылық негізінде ынтымақтастықты кеңейту тиімді екенін айтты.
«Менің ойымша, бүгінгі бірыңғай медиаплатформа құру мәселесін көтеріп отырғанымыз дұрыс. Ол бүкіл аймақ үшін ортақ, біртұтас сипатқа ие болады. Бұл – ең алдымен, медиа саласында күш біріктірмей шеше алмайтын өте маңызды міндет. ...Алға ұмтылғымыз келсе, мәселелерді ортаға салып, бірге шешу керек екенін түсіну маңызды. Біз ғасырлар бойы қатар өмір сүрдік, бірақ өкінішке қарай, бір-бірімізді жете түсінбей келеміз. Мұндай болмас үшін ең алдымен, объективті ақпаратты көбірек таратып, қызығушылық таныту қажет. Біздің қазақстандық достарымыз ұсынған бұл идея өзінің үлкен миссиясын орындайды деп ойлаймын», – деді Элдор Арипов.Орталық Азия медиафорумында Қырғыз Республикасының мемлекеттік хатшысы Сүйүнбек Қасмамбетов өңірлік бірегейлік, ортақ мәдени мұраны іске асыру мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, КСРО ыдыраған соң Орталық Азияның бес елі бірден тәуелсіздік алып, өздерінің даму жолын, стратегиялық мақсаттарын анықтаумен белсенді айналысты. Содан өңірлік бірегейлік кейінге қалып, барлығы өздерінің ішкі мәселесіне көңіл бөлді.
«Біз географиялық тұрғыда біртұтаспыз, тілдік тамырымыз, тарихымыз, мәдениетіміз, мұсылман әлеміне қатысымыз ортақ. Бұл ретте өңірлік бірегейлігіміз қалыптасу сатысында. 30 жылда біз әлі де біртұтас геосаяси субъект болмадық. Сондықтан жалпы мәдени түбір жайлы хабардар болуымыз қажет», – дейді ол.«Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» КЕАҚ Бас директорының орынбасары Тілеген Әбішев холдинг құрамындағы жаңа жобалар туралы айтты.
«Біз биылдан бастап, бірнеше үлкен компанияны өзіміздің медиа- активке біріктірдік. Жекелеп айтар болсақ, бұл медиақұрылым активтеріне ел аумағында тәулік бойы хабар тарататын Jibek Joly телеарнасы, одан кейін халықаралық кеңістікке тарайтын SilkWay арнасы және Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі, KazTube медиаплатформасы және «Деректі фильмдер орталығы» кіреді», – деді ол.Айта кетейік, Президент телерадиокешеніне қарасты SilkWay халықаралық телеарнасы әлемнің 120 еліне қазақ, орыс, ағылшын, қырғыз, өзбек тілдерінде дубляж арқылы хабар таратады.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ