Ақмола облысы Ақкөл ауданының Қына ауылында ТЖМ «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ерікті өртке қарсы құралымдарын қолдау мақсатында өрт сөндіру пункті ашылды.
Бұл пункт жергілікті атқарушы органдардың иелігінде. Ашылу рәсіміне Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері, аудан әкімдігі және жергілікті тұрғындар қатысты.
Аталған өрт сөндіру пункті Қарасай ауылдық округінің үш елді мекенінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, оның радиусы 20 шақырымды құрайды, онда шамамен мыңға жуық адам тұрады. Бұл алыс жатқан елді мекендердегі ықтимал төтенше жағдайларға жедел және тиімді ден қою мүмкіндігін арттырады. Өз кезегінде Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру пунктін жабдықтау мақсатында толық өрт техникалық құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілген автоцистернаны берді.
Қарағанды облысы Осакаров ауданының Шідерті ауылында жаңа өрт сөндіру пункті ашылды. Жаңа нысан Шідерті ауылы мен оған жақын орналасқан шаруа қожалықтарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады. Пункт заманауи өрт сөндіру техникасымен, байланыс құралдарымен және тәулік бойы кезекшілік атқаруға қажетті жабдықтармен жарақталған.
Абай облысы Бородулиха ауданының Белағаш ауылдық округінде өрт сөндіру пунктін жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жоба өрт қауіпсіздігін күшейту және төтенше жағдайларға жедел ден қою деңгейін арттыру шаралары аясында жүзеге асырылды. «Коммунальник» шаруа қожалығы басшысының бастамасымен және қолдауымен қазіргі техникалық талаптарға сай ғимарат берілді. Пункт ішінде кезекші қызмет пен жеке құрамның демалуына арналған бөлмелер жабдықталған. Төтенше жағдайлар департаменті аталған пунктті заманауи өрт сөндіру техникасымен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етті. Бұл өз кезегінде оның тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Өрт сөндіру пункттері желісін дамыту жұмысы жалғасын табады. Өңірлерде тұрақты өртке қарсы қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру мақсатында жергілікті атқарушы органдармен және шаруашылық субъектілерімен ынтымақтастыққа ерекше назар аударылатын болады.
Мұндай нысандарды ауылдық жерлерде ашудың маңызы зор: олар төтенше жағдайларға дер кезінде ден қоюға, оның салдарын болдырмауға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.