«Он жасымнан бастап ара шаруашылығымен айналыса бастадым. Ағам ара ұстайтын. Балаларды шаруашылығына көмекке шақырғанда бәрі «ара шағады» деп, қорқып келмей қалады. Кейбіреуінің аллергиясы бар, енді бірі ыстыққа төзе алмайтынын айтады. Ал мен бауырым болғандықтан көмек беруден бас тарта алмадым. Әрине, достарым оқу жылын аяқтап, демалып жатқанда омартаға барғым келмеген кездер де болды. Өйткені 40 градус ыстықта арадан қорғану үшін қалың киініп алатынмын. Бірақ қалай киінсем де, аралар амалын тауып шағып алады. Алайда ағама менен басқа кім көмектеседі? Осыны ойлап, ара шақса да, ыстық күнде жұмыс істеу оңай болмаса да шыдауға тура келді. Сөйтіп, бал қораптарын алып жүруді, балауыз рамаларын жасап, бал шайқауды және басқа да жұмыстарды істеп үйрендім», – дейді Темірлан.

«Алты жыл ішінде, яғни 16 жасыма дейін біраз нәрсе үйрендім. Іштей ойланып, ақша жинап жүрген едім. Он алты жасқа толғанда жинаған қаражатыма Қалбатау ауылында бұрыннан бері омарташылықпен айналысатын кісілерден 12 рамалы дадан ұяларын сатып алып, өз кәсібімді ашуға бел будым. Жұмысымды үш омарта ұясынан бастадым. Қазір жиырма екі жастамын. Жеке кәсіппен айналысып жатқаныма алты жыл болып қалыпты», – дейді «Темірлан омартасы» шаруашылығының иесі.

«Қыста ара ұяларын Қалбатауға апарамыз. Қар еріп, көктем шыққанға дейін ұстаймыз. Өйткені қанаты қатайып, біраз күш жинауы керек. Содан кейін түрлі бал сорттарын алу үшін Шығыс Қазақстанның әр өңірін аралап, жақсы егістік іздейміз. Мысалы, Божұғырда бал аралары күнбағыс, қарақұмық, экспарцет сияқты шөптерден бал жинайды. Ал Риддерге рапс балын алу үшін барамыз. Негізі, жаз мезгілінде Божығұрдағы омартада жұмыс істеп, өзге өңірдегі ара ұяларына электр бағылағышын орнатып қоямыз. Бұл – қорғаныс үшін жасалған дүние. Осы уақытқа дейін омартамызда келеңсіз жағдай болған емес. Жергілікті диқандар да бізге қолдау білдіріп, қуанбаса, қарсы болмайды. Себебі бал аралары егіс алқаптарын тозаңдандырып, мол өнім алуға ықпал етеді», – дейді жас кәсіпкер.

«Өнімдерімізді біразын Қалбатау ауылындағы дүкенге апарсақ, қалғанын интернет-дүкен арқылы сатып, еліміздің барлық өңіріне тапсырыспен жеткіземіз. Негізі, сексен пайызын интернет-дүкен арқылы өткіземіз. Қазір карпат және карника тұқымдарын өсіріп, қайсысы біздің ауа райына шыдамды екенін бақылап жатырмыз. Сонымен қатар асылдандыру ісін де қолға алдық. Австрия мен Германиядан ара тұқымдарын алып, үш жыл сайын жаңартып отырамыз», – дейді Темірлан Ахмеджанов.Омарташы балдан бөлек, гүл тозаңы, балауыз, аналық ара сүті, балауыз күйесінің тұнбасы, прополис жақпа майы мен тұнбасы және басқа да бал өнімдерін шығарумен айналысып келеді. Ерінбей еңбек етіп, кәсібінің нәсібін көріп отырған жас кәсіпкер мемлекет тарапынан қолдау көргенін, яғни асылтұқымды аналық ара сатып алуға субсидия алып отырғанын айтады. Омарташы болуға алдымен тәжірибе, практика қажет. Дегенмен биыл инженер-механик мамандығы бойынша диплом алатын Темірлан енді омарташылық бойынша магистратурада білім алуды жоспарлап отыр.

«Өнімдерімді шетелге шығарамын деген ой жоқ. Елімізді табиғи балмен толық қамтамасыз еткім келеді. Әр отбасының дастарқанында отандық өнім тұрса деп армандаймын», – дейді ол.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ