1044
Сапар Байжанов көсемсөзі ғылыми айналымға енді
Сапар Байжанов көсемсөзі ғылыми айналымға енді
1 қараша күні Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінде филология ғылымдарының кандидаты Ғалия Ақсейіттің «Сапар Байжановтың публицистикасы» атты монографиясының тұсаукесері өтті.
Жиынға қаламгердің жары Күләш Бейсенбиева, Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов, Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, белгілі журналист Сайраш Әбішқызы, жазушы Айгүл Кемелбаева, кафедра меңгерушілері Амангелді Шурентаев пен Серікзат Дүйсенғазы және факультет ғалымдары қатысты.
Қазақ журналистикасының аға буын өкілдері мен Журналистика және саясаттану факультетінің студенттері бас қосқан жиын әсерлі де қызықты өтті. Кәсіби журналистердің естеліктері мен ақыл-кеңестері, мамандықтың сырлары туралы айтқандарын жастар қауымы ерекше қызығушылықпен тыңдады. Арасында ән айтылып, күмбірлеген күй шертілді. Қаламгердің жары Күләш Бейсенбиева, замандасы Сайраш Әбішқызы жарты ғасырға жуық ғұмырын қазақ журналистикасына арнаған Сапар Байжановтың ұлағатты өмірі туралы жылы естелігін айтты. Ал осы саладағы еңбегі ерен тұлға Сауытбек Абдрахманов Сапар Байжановтың қазақ журналистикасын сапалық жағынан жаңа деңгейге көтергенін жеткізді. «Жаңа осында студенттердің аузынан «баспасөз өнері» деген сөз айтылып қалды. Өте дұрыс. Баспасөзді өнер деңгейіне көтеруге Сапар Байжанов сынды тұлғалар аянбай еңбек етті. Ол кісінің елу жыл ғұмырын арнаған көсемсөзі ғылыми еңбек ретінде жарық көруге әбден лайық», – деді. Жазушы Айгүл Кемелбаева Сапар Байжановтың қабырғалы қаламгер ғана емес, адамгершілігі мол қайраткерлігін, жастарға қамқорлығын сөз етті.
Осылайша, болашақ журналистерді оқытып, мамандықтың қыр-сырын үйретудегі маңызы зор ғылыми еңбектің тұсауы кесіліп, оқырмандарына жол тартты.
Б.БАЛЫҚБАЙ