Қазақстан мен Мальдив аралдары екі ел арасындағы тұрақты әуе рейстерінің санын әр тараптың әуе тасымалдаушылары үшін аптасына 7-ден 14-ке дейін арттыруға келісті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Көлік министрлігінің мәліметінше, келіссөздер Канаданың Монреаль қаласында өткен ИКАО-ның әуе көлігі жөніндегі жетінші дүниежүзілік конференциясы (ATConf/7) аясында өтті. Қазақстан Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева Мальдив аралдары Азаматтық авиация басқармасының басшысы Абдул Хариспен кездесті.
Тараптар әуе қатынасын дамыту, азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық және туризмді дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар «әуе еркіндігінің бесінші дәрежесін» пайдалану мәселесін қарастырды. Бұл құқық әуе компанияларына халықаралық бағыттардағы коммерциялық мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
«Келіссөздер қорытындысы бойынша әр тарап тағайындаған әуе тасымалдаушылары үшін рұқсат етілген тұрақты рейстер санын аптасына 7-ден 14-ке дейін арттыру туралы келісімге қол жеткізілді», – делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Оралдан Дубайға тікелей әуе рейстері ашылатыны белгілі болған еді. Алғашқы рейс 2026 жылғы 24 желтоқсанға жоспарланған. Ұшақтар бұл бағытта аптасына бір рет, бейсенбі күндері қатынайды.