50532
Бақытжан БАЗАРБЕК: Жер кодексіне космомониторинг жүйесі енгізіліп жатыр
Бақытжан БАЗАРБЕК: Жер кодексіне космомониторинг жүйесі енгізіліп жатыр
Елімізде мал жайылымына арналған жердің 36 пайызы ғана пайдаланылып, қалған 64 пайызы бос жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы мәселеге тоқталып, Үкіметке бос жатқан жерді қайтарып, ауыл тұрғындарына қолжетімді етуді тапсырды. Осыдан кейін «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясына маңызды міндет жүктелді. Комиссия мүшелері еліміздің әр өңірін аралап, пайдаланылмай бос жатқан және заңсыз берілген жерді мемлекет меншігіне қайтарумен айналысып жатыр. Осы орайда «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары, заңгер Бақытжан Базарбекке жер мәселесіне қатысты көкейдегі сауалдарды қойған едік.
– «Жер аманаты» комиссиясының негізгі мақсаты айқын. Енді «Жыл соңына дейін Президент айтқан 5 млн гектар жерді мемлекет меншігіне қайтара ала ма?» деген сауал туындайды.
– Республикалық «Жер аманаты» комиссиясының басты мақсаты – игерілмеген, соның ішінде кезінде заң нормаларын өрескел бұза отырып таратылған жерді мемлекетке қайтару. Біз 5 миллион гектармен шектелейін деп тұрған жоқпыз. Одан көп жерді мемлекет меншігіне қайтарамыз. Себебі заңсыз берілген, игерілмей жатқан жер көлемі көп. Бәрі заң аясында шешіліп жатыр. Бұл мәселеге қатысты Жер туралы кодекстің 92, 93, 94-баптары бар.
Осыған дейін «Жер аманаты» комиссиясы жұмысының нәтижесінде ең үлкен жер үлесі Қарағанды облысында, одан кейін Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Түркістан, Ақтөбе, Жетісу облысында пайдаланылмай жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын білесіздер. Қазір сайлауға байланысты комиссияның жұмысы уақытша тоқтатылды. Науқан аяқталғаннан кейін жұмыс қайта жанданады.
– Халықты мазалап отырған маңызды мәселе – жайылым тапшылығы. Мұны шешу үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр?
– Иә, ауыл халқына жайылым жетіспейді. Өкінішке қарай, бұл ең өзекті мәселеге айналған. Барлық облыста осы проблема бар. Ендігі мақсат – осы мәселені шешу. Жер кодексінің 94-бабында игерілмей жатқан жерді мемлекетке қайтару туралы нақты құқықтық механизм бар. Одан бөлек, қазір Жер кодексіне космомониторинг деген жүйені енгізіп жатырмыз. Енді пайдаланылмай жатқан жерді бұрынғыдай Жер инспекциясы анықтамайды. Жүйе басқаша болады. Игерілмеген, соның ішінде заң нормаларын қатаң түрде бұза отырып берілген жер мемлекетке қайтарылып жатыр. Ол жер алдымен әрбір ауылдың, елді мекеннің тұрғындары еркін мал жаюы үшін жайылым ретінде беріледі. Қайтарылған жер әр аудандық әкімдіктің қорына түседі. Жайылым туралы арнайы заң бар. Соған сәйкес аудандық қордан тұрғындарға мал жаю үшін берілетін жер анықталады. Бұл жайылымды басқару жоспарына енгізіліп, жыл сайын жаңартылып отырады. Мұны аудан әкімдігі мен мәслихат бекітеді. Өйткені ауыл тұрғындарының саны – статистика өзгеруі мүмкін ғой. Ауылға жаңадан келетін адамдар болады немесе керісінше, ауылдан қалаға көшетіндер бар. Мал саны артса, ауылға берілетін жайылым саны да көбейеді. Ол аудандық әкімдіктің қорынан алынады.
– Осыған дейін комиссия мүшелерімен бірге еліміздің біраз өңірін араладыңыздар. Тұрғындар көбіне қандай шағымын жеткізеді?
– Иә, комиссия мүшелерімен бірқатар облысқа барып, тұрғындармен тілдестік. Ең бірінші шағымы, өзіңіз айтып отырған жайылым мәселесіне қатысты. Одан кейін конкурс туралы. «Конкурс талаптары күшейген. Қатыса алмаймыз» дейді. Халықты мазалайтын тағы бір мәселе – сыбайлас жемқорлық. Аудан әкімдері жерді туған-туыстарына, бауырларына бөліп берген. Осы мәселемен күресіп жатырмыз. Мұнымен бір ғана комиссия емес, прокуратура, антикор айналысып жатыр.
– Қалай ойлайсыз, тұрғындар айтқан мәселені шешуге қанша уақыт кетеді?
– Әрине, 30 жыл бойы қордаланған мәселені бірден шешу мүмкін емес. Аудан әкімдері ұзақ жыл тұрғындарды алдап, қанап, жерді заңсыз әрі жемқорлық жолмен беріп келген. Мұндай фактілер жиі кездесіп жатыр. Негізі, жерді алудың тәртібі бар. Мәселен, жер инспекциясы талап арызды сотқа береді де, соттасады. Жарты жыл соттаса ма, бір жыл соттаса ма, әйтеуір ол жерді мемлекет меншігіне қайтаруымыз керек. Соттың шешімі шығып, заңды күшіне енгеннен кейін жер мемлекет меншігіне қайтарылады. Одан соң әкімдіктер мен мәслихаттың бірлескен шешімі бойынша ауылдың қорына енгеннен кейін халық сол жерді еркін пайдалана алады. Бұл – бір-екі айда емес, бір жылдың көлемінде шешілетін дүние.
– Осыған дейінгі сұхбаттарыңызда жер иелерінің басым бөлігі өз еркімен қайтарып жатқанын айтқан едіңіз. Ал сотқа жүгінген сәттер болды ма?
– Әртүрлі жағдай болып жатыр. Пайдаланылмай жатқан жерін өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарып жатқан азаматтар да бар. Ал кейбіреулер сот шешімімен адвокат жалдайды да, соңына дейін соттасады. Ал енді бірі адвокат жалдап, соттасайын деп тұрған жерінен мұның еш пайдасы жоқ екенін түсінеді. Себебі жердің заңсыз игерілгені туралы материалдың бәрі қолымызда тұр.
Жер кодексінің талабы бойынша, жер екі жыл игерілмесе, мемлекет меншігіне қайтарылады. Өкінішке қарай, көп жер 20 жыл бойы пайдаланылмай, бос жатқан. Бізде осыған қатысты материалдар, тексеру қорытындылары бар.
– Аудан әкімдері жерді жемқорлық жолмен бергенін айтып отырсыз. Жерді қайта бөлгенде осындай жағдай қайталанбас үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Халықты мазалап отырған негізгі сұрақ – осы. Жайылымдарды басқару жоспары бар. Оны мәслихат депутаттары бекітеді. Мәслихат депутаттарын әр ауыл, елді мекен тұрғындарының өзі сайлайды. Енді аудан әкімдерін бұрынғыдай тағайындамайды, 2024 жылдан бастап халық сайлайды. Сондықтан ауыл халқы ойланып, сайлау кезінде бірлесіп шешім шығаруы керек. Егер сайлаған адам үмітін ақтамаса, сайлау туралы заңнамаға сәйкес тұрғындар аудан әкімін мерзімінен бұрын қызметінен кетіру туралы ұсыныс білдіре алады. Сондай құқық белгіленген. Сыбайлас жемқорлықты жоюдың бір тәсілі осы. Қызметті абыроймен атқару адамның ар-ұятына байланысты. Аудан әкімдері жер мемлекеттік қорда болса да, арам пиғылмен оны туған-туыстарына бөліп берген жағдайлар кездесті. Жүз жерден заңды күшейткенмен, АҚШ, Еуропа елдерінде де жемқорлық жайылып тұр ғой. Бұл адамның ар-ұятына байланысты екенін қайталап айтқым келеді. Қоғамның бақылауы да маңызды. Қоғам бұған немқұрайды қарап, «Прокуратура, антикор бар, бұл менің жұмысым емес» деп қараса, жүре берсе, әкімдер не істейді? Аудандық прокурорлармен, бәрімен ауыз жаласып заңсыздыққа баруы мүмкін. Қоғамдық бақылаудың мәні сонда. Заңсыздық болса, қоғам наразылығын ашық білдіруі тиіс. Әкімді қызметінен босату керек.
– Әңгімеңізге рақмет!