Аудан архивтерінде құнды құжаттар сақталған

Аудан архивтерінде құнды құжаттар сақталған

Аудан архивтерінде құнды құжаттар сақталған
ашық дереккөзі
50695
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығымен саяси қу­ғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін Мемлекет­тік комиссия құру туралы бастама көтерілді. Бүгінде 11 жұ­мыс тобы құрылып, ғалымдар, зерттеушілер, мемлекеттік ор­ган өкілдері және тарихшылар республикалық, өңірлік дең­гейде жұмыс атқарып жатыр. Комиссия алдына тұл­ғалар жөнінде тарихи әділдікті қалпына келтіруге қатысты маңызды міндет қойылды. Осы орайда Алматы облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі ко­миссия жұмыс тобының жетекшісі Еркін Стамшаловпен сұхбаттасып, қазір атқарылып жатқан жұ­мыстар туралы сұраған едік. – Еркін Иманғазыұлы, сіз жетекшілік ете­т­ін комиссияның жұмысы қалай жү­ріп жатыр? Соңғы мәліметтерді бөліс­се­ңіз. – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жар­лығымен құрылған мемлекеттік комис­сияның алдына толық ақтау, яғни жазықсыз жа­па шеккен, атылған, лагерьлерге қамалған, жер аударылған, мүліктері тартып алынған, аза­маттық құқығы шектелген азаматтар кате­го­рияларын жаппай ақтау мақсаты қойылды. Рес­публикалық комиссия тарапынан құрыл­ған 11 түрлі жұмыс тобы зерделеу, іздестіру жұ­­­­мыстарын жүргізді. Республика бойынша мем­лекеттік комиссия жұмысын оның жо­ба­лық кеңсесі ұйымдастырып отыр. Облыстарда өңір­лік комиссиялар мен олардың жұмыс тобы жұмыс істеп жатыр. Алматы облыстық өңірлік комиссиясында жо­ғарыдағы тоталитаризм құрбандарының 11 категориясын 7 жұмыс тобы қарастырып жа­тыр. Алматы округі, кейіннен Алматы облы­сы шекара аудандарында болған аштық, күш­теп ұжымдастыру, кулакқа жатқызу, дінге қар­сы науқан, шектен тыс салық, азық-түлік тап­сырмасының ауыртпалығы, осыдан туған жап­пай халық көтерілістері, босқындар тари­хы, соғыс тұтқындары, Кеңес үкіметіне қарсы жеке қарсылық жеке-жеке қарастырылып жа­тыр. Өзім жетекшілік ететін №5 жұмыс тобы халық көтерілісіне қатысқандарды, дін­ге қарсы науқан құрбандарын, жеке тұл­ғалардың, мәдениет, қызмет бабы бойынша ан­тикеңестік жеке қарсылықты (дисси­дент­тер) зерттейді. Зерттеу жұмыстары нәти­же­сін­де 1928-1934 жылдар аралығында Алматы об­лысы аумағында ірі 20 бас көтеру анық­талып, оған қатысқандардың сандық мәліметі жи­нақталды. 125 шаруа көтеріліске қатыс­қаны үшін сотталған. 44 шаруаның ақтал­ма­ғаны анықталды. Бұрын олар туралы ешбір мағ­лұмат болмаған. «ОГПУ-НКВД-КГБ» тергеуі бойынша, контрреволюциялық топ, ұйым, жеке қарсылық ұйымдастырды деген айыппен қу­ғындалған, әлі күнге дейін ақталмаған тағы 55 тұлғаның тізімі анықталды. 1932 жылғы7 та­мызда Орталық Атқару комитеті мен КСРО Ха­лық Комиссарлар Кеңесінің «Мем­лекеттік кәсіпорындардың, колхоздардың және коопе­рациялардың мүлкін қорғау және қоғамдық (социалистік) меншікті қорғау туралы» қа­был­даған қаулысымен («Бес масақ» заңы) Ал­маты облысы бойынша сотталған 1 634 шаруа­ның жеке ісі қаралды. Қазір толық ақтау бойын­ша жинақталған деректер сараланып, қоры­ту кезеңі жүріп жатыр. Жобалық кеңсе тара­пынан жұмыс топтары біріктіріліп, 2023 жылы комиссия жұмысы толыққанды жалға­сады. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. Өйткені тұтас тоталитарлық жүйенің зорлығынан қа­пы­да кеткен, өмірі өксікпен өткен адамдар­дың тағдырын жүйелі зерттеуге бір-екі жыл аздық етеді. – Саяси қуғын-сүргін құрбандары ту­ра­лы ақпаратты анықтауда қандай да бір кедергі туындаған кездер болды ма? – Комиссияның аты айтып тұрғандай, то­лық ақтау мақсаты қойылған соң жұмыс ау­қы­мы кең болуын талап етеді. Қазақстан тәуел­сіздік алғаннан кейін бастапқы жыл­дарда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жө­ніндегі бірінші комиссия жұмысында ақ­талуға жататындар категориясы шектеулі бо­лып, жұмыс орта жолдан тоқтағаны белгілі. Сол себептен құпия құжаттар мәселесі ше­шімін таппаған. Қазіргі толық ақтау комиссиясы сол түйінді мәселелерді шешу үс­тінде. Өңірлік комиссия жұмыс топтарының мү­шелері құпиялылығы алынбаған құжат­тарды зерттеу үшін арнайы рұқсатнамамен қам­тамасыз етілуге тиіс. Бұл арада ескере ке­те­тін бір мәселе бар. Бұл өңірлік ерекше­лік­тер­ге байланысты. Жетісу губерниясы, Алматы окру­гі, Алматы облысы деп аталып келген өңір­дің 8 ауданы шекараға жақын өңір бол­ғандықтан жұмысты күрделендірді. Толық ақтау жөніндегі комиссия жұмыс бағыттары бойын­ша анықтағанындай, босқын, көтері­ліс­ші, ашыққан халықтың басым көпшілігі бо­льшевиктік-өлкелік биліктің қолына түс­пей, босып кеткен. Алматы облыстық комиссиясы ұйым­дас­тырған ғылыми экспедиция барысында Кеңес үкі­меті жазалауына ұшыраған «шетелдік бан­да» деген топ анықталды. Бұл туралы Ішкі іс­тер министрлігінің арнайы архивінде, тіпті жа­бық қорларда мәлімет аз кездеседі. Бұлар – Кеңес үкіметінің аграрлық, діни саясатына қарсы шығып, қолына қару алып күресіп, бас сауға­лап шекара асқандар. Алматы округі бойын­ша босқындар негізінен Батыс Қытайға, Қыр­­ғызстанға кеткен. Бірқатар халық көтері­лі­сінің басшысы (Құндақбай Төлендинов, Жа­қыпберді Солтанбекұлы, Мергенбай Жа­ман­көзұлы, Көкімет Баялыұлы және т.б.) кеңестік биліктің талабы бойынша Қытай үкі­ме­тінің қолынан қаза тапты. Атап айт­қан­да, 1932 жылы Қытайдың Күре түрмесіндегі Жа­қыпберді Солтанбекұлы бастаған 24 кө­терілісші атылды. Көтерілісшілердің мүрдесі Жа­манбұлақ қорымына жерленген. Атылған­дарың үлкені 47 жастағы Жақыпберді Солтан­бек­ұлы болса, ең жасы 16 жастағы Тұрсынбай Әубәкірұлы болған. Жақыпберді бастаған 12 адамды да Күре түрмесіне әкеліп, сонда атады. 24 көтерілісшінің денесін жергілікті ұйғыр ауы­лы тұрғындары Жаманбұлақ қорымына жер­лейді. Көріп отырғанымыздай, бұл тақы­рыпты зерттеуде отандық архив қорлары де­ре­гі жеткіліксіз. – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақ­тауға негіз болатын дереккөздер қан­дай? Архив қорлары ашық па? – Жұмысты ұйымдастыруда көнекөз қа­рия­лардың, құрбан болғандардың ұрпағынан ауыз­ша дерек жинау маңызды. Алматы об­лыс­тық комиссиясы жұмыс топтары Райымбек, Ке­ген, Ескелді, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Ұй­ғыр аудандарына экспедиция ұйымдас­тыр­ды. Экспедицияның пайдасы – көнекөз куә­лер, құрбандардың ұрпақтарымен көзбе-көз сұх­баттасуға мүмкіндік беруі. Куәгерлердің айт­қаны, олардың аузынан жазып алған жер­гі­лікті өлкетанушылардың қолындағы мәлі­мет­тер толық ақтау комиссиясы қорытын­ды­ла­рына пайдаланылады. Мұндай ғылыми-зерт­теу экспедициялары бармаған аудандар әлі бар. Ұйымдастыру жұмыстары қаржылық қол­дауды қажет етеді. Мұнымен бірге XX ғасырдың 30-жыл­дары бойынша отандық архив қор­лары «тазартылып» отырған. Кейбір хроноло­гия­лық деректер мүлде кездеспейді. Мұндай ар­хивтерді тазалау жұмыстары цензура мақ­са­тында жүргізілген. Архивтерді тазалау жұ­мыстары орталықтағы мұрағаттарда көп жүр­гізілген. Ал аудан архивтерінде ондай құн­ды құжаттар сақталып қалғанын көріп отыр­мыз. Аудандық архивтерде орталық ар­хив­терден табылмаған деректер кездесіп жа­тыр. Осындай жағдайды біз Райымбек, Пан­филов аудандары архивтеріне экспедиция кезінде көрдік. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойын­ша зерттеу архивтерде жүр­гізі­леді. Алматы облыстық комиссиясының іздес­тіру жұмыстары Орталық мемлекеттік архив, Президент архиві, Алматы облыстық мемле­кет­тік архиві, Алматы облыстық Ішкі істер де­партаментінің арнайы архиві, облыс про­кура­турасының құқықтық статистика жө­нін­дегі архивінде жүргізіліп жатыр. Архивтердің үшеуі жалпы негіздегі азаматтық архив болса, құ­қық қорғау органдарының архивтері зерт­теушілерді тиісті рұқсатнамамен ғана кір­гізе­ді. Жоғарыда айтылған қуғын көргендердің 11 категориясы әрқилы заңдық нормалармен өл­тірілген, сотталған, қысымға ұшыраған. Ол – сол кездегі Қылмыстық кодекстің баптары. Мы­салы, 1926 жылғы қылмыстық кодекстің 58-бабы контрреволюциялық қызмет болса, 59-бап қарақшылық, 61-бап ортақ істен бас тар­ту, 84 шекараны заңсыз өту, тағы бас­қа­лары. Міне, осы баптар бойынша қаралған қыл­мыстық іс материалдары (хаттамалар, айып­­тау қорытындылары, жауап алу, үкімдер, қадағалау өндірісі құжаттары) – зерттеушінің негізгі сараптайтын дереккөзі. Сіз айтып отырған құжаттардың ашық­тығы туралы сұрақтың жауабы құпия­сыз­дандыру жұмыстарымен байланысты. Ко­миссия жұмысы басталғалы бері жабық қор­лардағы істерден «құпия» белгісін алу жұ­мыстары қолға алынды. Прокуратураның ар­найы статистика архиві құжаттарының ба­сым бөлігі құпиясыздандырылып жатыр. Құпия­сыздандырумен арнайы заң шеңберінде тиіс­ті мемлекеттік органдар айналысады. Бұл жұ­мыстарға, әрине өңірлік комиссияның жұмыс топтары сарапшы ретінде көмектеседі. – Қуғын-сүргінге ұшырағандардың нақты саны белгілі болды ма? – Толық ақтау комиссиясының бір мінде-ті – ұлттық апаттың көлемін нақтылау. Бұл оңай шаруа емес. Деректердің жұтаңдығы, құжат­тардың жойылуы, қолда бар жалпылама құжаттар көлемінің ауқымдылығы құрбандар санын анықтау жұмысын қиындатады. Ал­ма­ты облысындағы архивтерде тәркіленуші ша­руа, діндәр, босқын, жер аударылғандар сияқ­ты құрбандар категорияларының араб гра­фикасымен жазған арыз-шағымдарының мол қоры бар. Құрбандар санын анықтау үшін бұл құжаттар да зерделенуі керек. Осы құжат­тар­мен жұмыс істеу үшін Алматы облыстық ко­миссиясы жұмыс топтарында араб гра­фи­касын меңгерген 4 маман жұмысқа тартылды. Тіз­беленген қиындықтарға қарамастан, бел­гілі бір нәтиже бар. Жалпы, облыс бойынша 83 шаруаның тізімі анықталып, олардың 30-ы ақ­талмағаны дәлелденіп отыр. Алматы облы­сының шекаралық аудандарынан мал-мүлкі тәр­кіленіп, жер аударылған 273 шаруаның тізі­мі анықталды. Мамандардың талдауынан өтіп жатқан 1932 жылғы 7 тамыздағы «Бес масақ» заңы бойынша Алматы облысында 1 634 шаруа сотталғаны анықталып, тізімі алынды. Ал 1947 жылғы 4 маусымда қабылданған осы­ған үндес Жарлық бойынша 181 адам жаза­лан­ған. Ал діни адамдардың қуғындалуына бай­ланысты зерттеулер бойынша 23 діндар ату жазасына кесілген, 1-еуі еш сотсыз өл­ті­ріл­ген, 6-ауы ұзақ мерзімге сотталған, 4 адам «мол­даның баласы» болғаны үшін сотталған. Сонымен қатар босқыншылыққа ұшыраған 7 діндардың есімі анықталды. Дінге қарсы нау­қан кезінде қиратылған немесе басқа мақ­сатқа берілген 15 мешіт, 14 шіркеу сияқты құл­­­­­шылық орындары белгілі болды. 40-50-жылдарда мешіт ашу үшін өтініш жазып қуда­ланған діндарлардан 2 молда анықталды. Жалпы, облыс бойынша қуғын-сүргінге ұшы­раған діндарлар саны – 43. Мұнымен қоса, ресми органдар «қаңғыбас молдалар» деп ата­ған арнайы категорияға жататын діндарлар бар. «Кеңес өкіметін құлатпақ болды» деген айып­пен Ақсу ауданынан «Сердөбе» атты ұйымнан 26 адам сотталған. Шелек ауданынан ұйым болып зиянкестік жасады деген айыппен 22 шаруа қамалса, олардың 7-еуі ату жазасына кесілген. 10 адам 10 жылға сотталған. Саяси қу­ғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысы белгілі бір қорытынды жасалғаннан кейін арнайы қабылданған заң аясында жүргізілетін болады. Өткен жылы Алматы облыстық комис­сия­сы тарапынан 4 кітап жарық көр­ді. Олардың әрқайсысының мазмұны жұмыс топ­тарының бағыттарына сай келеді. Кітаптар қа­тарында «Жетісудағы ашаршылық (1928-1934)», «1928. Қастек ауданындағы тәркілеу» ат­ты құжат жинақтары, саяси қысымның ке­сірінен Қытайға босқан ақын Көдек Бай­шы­ғанұлының шығармалар жинағы, тарихшы Ә.Шашаевтың «Жетісу өлкесіндегі импе­рия­лық-полицейлік қадағалау тарихы (1867-1917)» атты монографиясы бар. Осы жылы та­ғы екі құжат жинағы әзірленіп жатыр. Олар­дың бірі Жетісу өңіріне депорта­ция­лан­ғандардың эшалондық тізімі болса, екіншісі – Балқаш ауданындағы 1928 жылғы тәркілеу нау­қаны материалдары. 1928 жылғы тәркілеу бойынша Қастек ау­да­нынан Орал округіне 79 жасында жер ау­дарылған Жылқыбай Қадырбаев Жамбыл жыраудың замандасы болған. Бай, болыс бол­ған Жылқыбайдың өзі 1929 жылдың ба­сында Орал округі Зауралье ауданында қаза табады. Әкесі қайтыс болғаннан кейін оның ұлы Шө­же­ғұл Жылқыбайұлы белгісіз себеппен айып­та­лып, Сібірге жер аударылған. Сібірден қа­шып шыққан ол қайтадан Қастек ауданына ке­леді. Шөжеғұл 1930 жылдарда осы ауданда бас­­талған Шалтабай Құдайбергеновтің кө­тері­­лісшілеріне қосылады. Ақырында Шө­жеғұл Шалтабай отрядынан бөлініп, Қордайда әрекет еткен Күнбатар, Таңатар есімді қарулы бос­қындармен бірге Қытайға кеткен. Әйелі Жі­­бек пен оның қамқорлығындағы балалары осын­да қала береді. Шекарадан өте салып, сібе топ­тарының тонауына ұшырап, жанын аман алып Күнеске жеткен. Оспан батыр Исламұлы­ның көтерілісіне қатысқан. Шөжеғұл Қазақ­стан­да қалған, баққан баласы Төленбай Екін­ші дүниежүзілік соғысқа қатысып, аман-есен келген. 50-жылдары консулдық қызмет­тен кеңес паспортын алып, 1956 жылы КСРО-ға өтіп келеді. 1977 жылы қайтыс болған. Алматы облысы өңірлік комиссия маман­дары­ның мағлұматы бойынша, Жылқыбайдың қайтыс болған мекені анықталды. 2022 жыл­дың 25 мамырында Жылқыбайдың шөпшегі Шың­ғыс Тоққұлов Батыс Қазақстан облысы Терек­ті ауданы Покатиловка ауылына барып, ар­найы мал сойып, атасына Құран оқытып қайт­ты. Бұл ізгі істі комиссия жұмысының нә­тижесі деуге болады. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары