50254
Белгілі ғалым тек бие сүтінде кездесетін пайдалы элементтерді атады
Белгілі ғалым тек бие сүтінде кездесетін пайдалы элементтерді атады
Қазақ тағамтану академиясының президенті, ғалым Төрегелді Шарманов бие сүтінің пайдалы қасиеті туралы айтты деп хабарлады turkystan.kz.
Ғалымның айтуынша, бие сүті асты жеңіл қорытады. Бие сүтіндегі май қанықпаған. Трансизомер жоқ. Ол – қазіргі заманда адам денсаулығына пайдалы қасиет.
«Жалпы алғанда, бие сүтінің қасиеті мен құрамы осы уақытқа дейін өзінің лайықты бағасын алмай келеді. Бүгінге дейін бие сүті тек қымыз, саумал ретінде пайдаланылуда. Оның құрамы көптеген сирек кездесетін химиялық элементтерге, дәрумендерге, минералдық заттектер мен ферменттерге бай және олардың айрықша физиологиялық бірігуімен берілген. Пайдалы элементтердің осындай ерекше бірігуі табиғатта басқа жануарлардың сүтінде кездеспейтін, тек бие сүтіне ғана тән құбылыс», – деді Төрегелді Шарманов.Бие сүтінде анықталған бром ұйқысыздық, депрессия секілді жүйке жүйесі ауруларын кешенді емдеуде қолдануға болады. Бие сүтінің тағы бір ерекшелігі, ол қайнатуға келмейді, оған стерилизация, пастерилизация жасауға болмайды. Ал басқа жануарлардың сүттерін, мысалы, сиыр, ешкі, қой сүттерін міндетті түрде қайнату, пастерилизациялау қажет.
«Бие сүтінде керемет гамма - линолен деген қышқыл бар. Бұл керемет дүние, оның құрамы «омега-6-дан» тұрады. Ол атеросклерозға, бактериялар мен вирустарға қарсы әрекет етуіне байланысты жұқпалы аурулардан қорғайды, ағза үшін иммунитетті арттыратын қорғаныстық қасиеті басым», – дейді ғалым.