Қостанай облысында балық аулауға кеткен үш ер адам суға батып қайтыс болды

/
Қостанай облысында балық аулауға кеткен үш ер адам суға батып қайтыс болды
pixabay.com

Қостанай облысында бір айға жетпейтін уақыт ішінде балық аулауға шыққан үш ер адам суға батып, көз жұмды. Қайғылы оқиғалар өңірдің үш ауданындағы көлдерде тіркелген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиғалар 2026 жылғы 20 қазан мен 14 қараша аралығында болған.

Күзгі балық аулау маусымында тіркелген бұл жағдайлар үш адамның өмірін қиды. Қаза тапқандардың жасы 53 пен 61 жас аралығында болған. Алғашқы оқиға 20 қазанда Әулиекөл ауданында тіркелген. Диевка ауылы маңында орналасқан Мырзакөл көлінде Тобыл қаласының 60 жастағы тұрғыны суға батып кеткен. Ер адам балық аулау кезінде көз жұмған.

Араға екі аптадан астам уақыт салып, 7 қарашада тағы бір қайғылы оқиға тіркелген. Бұл жолы Ұзынкөл ауданының Амречье ауылы маңындағы Бабье көлінде 61 жастағы ер адамның денесі табылған. Іздестіру тобы марқұмды жағалаудан шамамен 500 метр қашықтықта, қамыстың арасынан анықтаған. Ер адамды іздеу жұмыстарына құтқарушылармен қатар полиция қызметкерлері, жергілікті әкімдік өкілдері және ауыл тұрғындары жұмылдырылған. Бірлескен іздестіру шараларының нәтижесінде балықшының денесі судан шығарылған.

Үшінші қайғылы жағдай 14 қарашада Бейімбет Майлин ауданында болған. Евгеновка ауылының маңындағы Матай көлінен 53 жастағы ер адамның денесі табылған. Қаза тапқан азамат Қостанай ауданына қарасты Константиновка ауылының тұрғыны екені анықталған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары